![Ауыл шаруашылығына қажет құралдар шығарады](/media/2024/06/04/skrinshot-04-06-2024-081414.jpg)
Жергілікті тұрғын Нұржан Омаров жетекшілік ететін кәсіпорында өндірілетін заттар шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр. Сонымен қатар, былтыр тамшылатып суғаруға арналған заттар өндірісі де қолға алынған. Бұл жоба кәсіпкерлердің Қытай мемлекетіне сапары нәтижесінде жүзеге асқан. Тамшылатып суару технологиясын шығаратын кәсіпорынның жобалық қуаты – сағатына 12 мың метр. Жалпы құны – 100 млн теңге. Кәсіпорынды жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен ашқан. Жиырма адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған цехта жұмысшылардың орташа жалақысы – 200 мың теңге.
Айта кетейік, цехта жарамсыз полиэтилен пленкалары, пластмассалар қайта өңделеді. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы Келес ауданы бойынша 3 900 тонна қоқыс жинақталып, оның 741 тоннасы, яғни 19%-ы қайта өңдеуге бағытталды.
Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға, өнімді терең өңдеуге, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған кәсіпорындар көп. Олардың қатарын көбейте түсу мақсатында қолға алынған маңызды инвестициялық жобалардың инфрақұрылымына әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, Созақ ауданындағы күкірт қышқылын өндіру зауыты және 2 кезеңнен тұратын уранды қайта өңдеу кешенінің құрылысы аяқталған соң 700-дей жұмыс орны ашылады. Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын «Казкрахмал» ЖШС іске асырып жатыр. Жергілікті бюджеттен сыртқы инфрақұрылымды жүргізуге 200 млн теңге бөлінді. Жоба толық іске қосылса, 500 жұмыс орны ашылмақ. «Beibars-Bottlers» ЖШС Түлкібас ауданында ауызсу және түрлі түсті сусын өндіру зауытын салып жатыр. Мұнда 96 адам жұмыспен қамтылады. Төлеби ауданында логистикалық орталық салу және жүк тасымалдарын ұйымдастыру жобасын «Monotrans» ЖШС жүзеге асыруда, ол жерде 190 адам жұмыс істейтін болады. Ауданда биыл ашылатын «Kazplast» ЖШС-ның тігін фабрикасы 150 адамды жұмыспен қамтиды. Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған металл конструкциялары, металл бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы аяқталғанда 80 жұмыс орны ашылады. Түркістан қаласындағы «Turkistan» арнайы экономикалық аумағында полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды шығаратын ірі-тораптық зауыт іске қосылса 80 жұмыс орны құрылады.
Сауран ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру актісін алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Арыс қаласында теміржол вагондарын жөндеу жобасын іске қосу 2024 жылдың екінші жартыжылдығында жоспарланған. 50 жұмыс орны құрылады. Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 5 000 тонна жеміс өңдеу цехын «Түлкібас Жеміс Жидектері» АӨК іске асырады. Сайрам ауданында мақсары майын шығаратын зауыт, етті қайта өңдеу, мал сою цехы және бордақылау алаңы, арнайы техникаларды, шанақтарды құрастыру зауыты салынса, Қазығұртта цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр.
Түркістан индустриалдық аймағында орналасқан өндірістік ғимараттар құрылысы аяқталып, толықтай іске қосылды. Аталған өндірістік ғимараттарда жиһаз және шұлық цехтары жобалары жүзеге асырылған. Инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өндірістік парктің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, көлемі 66 мың мың шаршы метр болатын, 30 гектар жерде орналасқан аймақта 42 ғимарат орналасады. Өндірістік парктің құны – 13 млрд теңге. Қосымша 70 гектар жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарланып отыр.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндауынша, жұмсалған бюджеттік 1 теңгеге 7 теңге инвестиция тарту күтіліп отыр. Құрылыс 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңге тартылатын инвестиция көлемі – 31 млрд теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік парктер аумағында әкімшілік ғимаратын салу да жоспарда бар. Ғимаратта парк қатысушылары өндірген өнімдерінің көрме залы ұйымдастырылады. Әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру мақсатындағы жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, алда тағы 32 ғимарат салынады. Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі – 98 млрд теңге. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның аумағында «BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологиясын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Сондай-ақ «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған және медициналық жиһаздар шығарып жатыр. Мұнда украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыш жасайды. Медициналық өнімдер, бөлмеаралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар да жұмысын бастаған.
Сондай-ақ өндірістік парктерді аудандарда салу жоспарланған. Атап айтқанда, Ордабасы ауданындағы Бадам индустриалды аймағында инфрақұрылым тартылған 12 ғимарат салынбақ. Шұбар ауылы маңында да салу жоспарда бар. Сайрам ауданындағы өндірістік парк көлемі 90 гектардан асады.
Түркістан облысы