Халық • 06 Маусым, 2024

Бас аман, мал-мүлік түгелденсе...

55 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында көктемде су басқан елді мекендерде тіршілік қалыпқа келе бастады. Мәселен, Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы биылғы көктемде алапат су тасқынынан зардап шегіп, үй-жай мен қора-қопсы түгел су астында қалған еді. Табиғат апатынан адам аман қалғанымен, 970 бас қой-ешкі, 80 бас ірі қара, он шақты жылқы құрбан болды.

Бас аман, мал-мүлік түгелденсе...

Әрине, қапияда қиын жағдайға тап болған ауыл тұрғындарымен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі арнайы келіп жолы­ғып, мемлекет тарапынан барлық көмек жасалатынын айт­қан болатын. Қазір ауылда 90 үй­дің құрылысы басталып кетті. Шы­ғын болған малға өтемақы төле­ніп, мүліктің де орны толып жатыр.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары еліміздің түкпір-түкпірінен келген гуманитарлық көмек «тасқынының» астында қалды. Мұның өзі елдің еңсесін тіктеп, көңілін көтерген елдік іс-шара болғаны рас. Осындай қолдау әлі күнге жалғасып жатыр.

Жақында Қаратөбе ауданының Аққозы ауылдық округіне Қазта­лов ауданынан арнайы көмек жетті. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев бастаған делегация Аққозы тұрғындарына 23 бас ірі қара, 46 қой мен ешкі, 5 бас жылқы малын табыс етті. Аудан тұрғындарының игі бастамасына аққозылық ағайын ерекше риза болды.

«Биыл су тасып, ауылымыз қиын жағдайға тап болды. Мұндай тасқынды бірінші рет көрдік. Бұрын су келгенімен, ауылдың шетін айналып қана өтетін. Ал биылғы тасқын қатты болды. Ауыл азаматтары барлық тұрғынды мектепке көшіріп, адам шығыны болмады. Дегенмен ұсақ мал, кей тұрғындардың ірі қара малы суға кетті. Бүгінде оның да орны толып жатыр. Көмек қолын созып, қолдау көрсеткеніңізге ауыл халқы атынан рахмет айтамыз», дейді ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Асылтас Мақұлова.

Қазталов ауданынан жеткен жылу негізінен ауданның шаруа қожалықтарынан жиналған. Жомарт жандар енді су тасқыны кезінде төрт түлік малы шығын болған өзге аудандарға да көмек­теспек ниетте екен.

Сонымен қатар биылғы алапат су тасқынында Орал қаласының маңында 9 мыңдай саяжай үйі су астында қалған болатын. Үкіметтің шешімімен табиғат апаты салдарынан жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған отбасыларға үй беріле бастады.

Міне, жақында Орал қала­сында 52 саяжай тұрғыны бас­па­налы болды. Әкімдік хабар­ла­ғандай, жаңа пәтерлер демеу­ші­лер қаржысына алынған. Үкімет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, көмегін беріп жатыр.

«Жұбайымыз екеуміз 2-сая­жай учаскесінде тұрдық. Су тас­қы­ны кезінде жалғыз үйіміз суға кетті. Мемлекет бізді далада қал­дырмады. Бүгін, міне, жаңа пәтерге қоныстанып отырмыз. Прези­дентімізге рахмет», дейді екі ай бұрын саяжайдағы жал­ғыз баспа­насын су алған Ризабек Айтқалиев.

Жаңа қоныс иелерінің бірі Рита Ера­лиеваның да қуанышында шек жоқ.

«Қиын күндер артта қалды. Жақ­­­сылықтан үмітімізді үзбе­дік. Мем­­лекет тарапынан жасал­ған қол­­­­дау бізге демеу болды», дейді ол.

«Орал қаласында саяжай аума­­ғындағы жалғыз баспанасы су­ға кетіп, апатты деп танылған тұр­ғын­дарға жаңа үйлер сатып алу және салу бойынша жұмыс алдағы уақытта да жүргізіледі», дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен.

Айта кетейік, биылғы тасқын кезінде 8 732 саяжай үйі су астында қалды. Оның 2 579-ы – «жалғыз баспана» деп танылған болатын.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Ер жігітке ерлік жарасады

Қоғам • Бүгін, 11:20

Аңызға бергісіз өмір

Еңбек • Бүгін, 11:10

Шеттің шаруақор әкімі

Аймақтар • Бүгін, 11:00

Қызмет жас буынды шыңдайды

Еңбек • Бүгін, 10:40

Жастарға – мол мүмкіндік

Жастар • Бүгін, 10:30