Мәдениет • 06 Маусым, 2024

Пикассоның «Герникасы»

14 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оның шығармаларынан үйлесім үлгісін табу қиын. Сұлулық сипаттары да анық аңғарылмайды. Қисапсыз қиындылардың қисынсыз қиюласуы көзге қораш, көңілге оғаш көрінуі мүмкін. Тіпті шатасқан шалдуардың шатпағы дерсіз. Бірақ Пикассоның дәл осы «ұсқынсыз» туындылары – кескін өнерінің кесек туындылары болып бағаланады. Себебі бұл да эстетиканың бір категориясы.

Пикассоның «Герникасы»

Мұны алғаш рет теориялық тұрғыда пайымдаған Аристотель еді. Ол өзінің «Поэтикасында» шығарма қашанда әсем формада болады, ал өнердің пәніне әсемдік те, ұсқынсыздық та жататынын жеткізеді. Ал әдебиеттанушы Ю.Борьев «Ұсқынсыздық пен әсемдік – бір-бірімен мыңдаған асулар арқылы байланысқан қайшылықтар» деп анықтама береді. Шекспирдің Гамлетін еске түсірейік. Онда тәңір тектес күннің өзі жиіркенішті өлексені нұрымен аймалап, құрт-құмырсқа тудыратынын айтады.

Мысалға алсаң анау тұрған мұжықты,

Қызықсыздау қалпымен ол – қызықты,

деген Е.Евтушенконың өлеңі бар еді. Ендеше, Пикассоның шығармалары да ұсқынсыздау ұстынымен – әдемі. Себебі ол әлемді өзінше бейнелеуге тырысқан.

Паблоға дейін сурет өнері академиялық бағытта дамыды. Қылқалам шеберлері нысанды қаз-қалпында бүге-шүгесіне дейін қағазға түсіруді мақсат етті. Бірақ бұл алғашқы фотоаппараттар да шығып жатқан уақыт еді. Халық ешқандай суретші жалдамай, қалаған бейнесін қағазға түсіріп алуға мүмкіндік алды. Осы сәтте гиперреалисттік бағытта қалам тербеушілер өнер кеңістігінде өзекті болмай қалды. Пикассо ол тұста тыңғылықты ізденіс үстінде еді. Сурет мектебінде оқып жүргенде мұғалімдер оған басқа картиналар мен мүсіндерді көшіртіп қоятын. Ол болса оқытудың мұндай жолы түк пайдасыз, көнерген әдіс деп санады. Ақыры жасампаз суретші бейненің өзін емес, оның санадағы көрінісін қағазға түсіруге болатынын түсінді. «Біз бәріміз сонау Ван Гогтан бастап, өз бетімізбен сауат ашқандармыз, тіпті қара дүрсін қағаз бояушылармыз. Дәстүр академизмге ұрындыратын болғасын, өз тілімізді өзіміз қайтадан ойлап табуға мәжбүр болдық. Біздің заманымыздағы әрбір суретші «а»-дан бастап «я»-ға дейін өз заңын өзі ойлап шығаруға құқық алдық», дейді өзі. Нәтижесінде, пікірлес суретші Жорж Брак екеуі бейнелеу өнеріне кубизм деген жаңа стиль алып келді.

Пикассоның атағын дәл осы бағытта жазыл­ған картиналар шығарды. Әлбетте, бас­тапқыда адамдар кубизмге шоши қарады. Өнер өлкесіне жолатқысы келмеді. Оған «біртүрлі» суретші деп менсінбей қарады. Бірақ Пабло да оларға лайықты жауап беретін. «Біртүрлі нәрселердің суретін салататынымды білемін, бірақ әлемнің өзі – біз үшін біртүрлі мекен», дейді ол.

Пикассо классикалық формада картина жаза алмағаннан кейін, осындай тәжірибеге бар­ды деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл қате тұжырым. Әгәраки, Паблоға академиялық стандартқа сай картина салуды тапсырсаңыз, ол оны оп-оңай жазып шығар еді. Оның мақсаты басқа болды. Ол неғұрлым бала қиялымен ойлануды қалады. Бала сияқты қалам ұстағысы келді, бала сияқты жазғысы келді, бала сияқты әлемді көргісі келді. «Рафаэль сияқты сурет салып үйрену үшін мен төрт жыл уақыт жұмсадым. Ал бала сияқты сурет салу үшін маған өмірбақи үйрену керек», дейді ол. Осы сөзінен-ақ сүлей суретшінің ар­ғы архетипті аңсағанын, ілкі түсінікті індете көк­се­генін байқай аламыз. Осылайша, 1937 жылы Пикассо бала көзімен ересектердің қылмысын әш­кере етеді. Ол картина «Герника» деп аталады.

1936 жылы Испанияда Азаматтық соғыс бас­талады. Пикассо Парижде тұрып жатқанымен, Испаниядағы соғыс оған қатты әсер етті. Не дегенмен ол исі испан жұртының ұланы ғой. Келесі жылы сәуірде Испанияның солтүстігіндегі Герника қалашығын Франко мен оның адамдарына көмектесіп жүрген Германия әскері бомбалады. Герника Пикассоның туған жеріне жақын орналасқан шаһар еді. Барлығы алты жүзге жуық адам опат болды, тоғыз жүзге жуығы жараланды, олардың ішінде балалар да бар. Осылайша, бейкүнә бейбіт тұрғындар сұрапыл соғыстың құрбандарына айналып кетті. Мұның бәрі суреткердің жүрегін қатты жаралады. Халыққа оқ жаудырған әскерге қатты наразы болды. Ол ерекше шабытпен ені 3,6 м, ұзындығы 8 м болатын «Герника» атты көлемді картинаны салып шықты. Бұл азаматтық бұлқынысы еді.

Картинада ең бірінші бұқаның бейнесі ерекше көрінеді. Бұл Испания рәмізі – корридоның астарлы рәмізі болуы мүмкін. Екінші назар аударатын бейне – өлген сәбиін көтеріп тұрған ананың трагикалық бейнесі. Мұнда Інжілдің ілкі аңызы еске түседі. Бұл испан халқына жақсы таныс. Себебі әрбір діни мерекелерде ұлы Ғайсаны жоқтаған Мәрияның бейнесін шеруде алып жүру дәстүрі болған. Тағы бір маңызды кескін – көгершін. Дәл Пикассоның «көгершінінен» кейін бұл құс бейбітшілік белгісі атанғанын айта кету керек. Жоғарыда әлсіз ғана жарық беріп тұрған шамды көре аламыз. Пикассоның діни символиканы жақсы білгенін ескерсек, мұны Құдайдың көзі есебінде тәпсірлеуімізге болады. Шамдал, күн, жұлдыз – қашанда құдіретті күштің бей­несі болып есептелген. Тағы бір байқайтынымыз, картинаның төменгі тұсында бір гүл аман қалған. Бұл суретшінің алдағы алтын заманға деген сенімі болуы бек мүмкін. «Күн фая күн», олай емес те шығар. Абайдың сөзі. Себебі туындының мағынасын түсіндіріп беруді сұраған жандарға Пикассо: «Суретші символдарды түсіндіруші емес. Әйтпесе оларды көп сөзден көшіріп сала салуға болар еді!», деген екен.