Технология • Бүгін, 16:16

Қазақстанның IT-жобасы WSIS Prizes 2025 байқауында жеңіске жетті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық «Ахуалдық-талдамалық кешені» (АТК) жобасы WSIS Prizes 2025 халықаралық беделді сыйлығының өз номинациясында бірінші орынды иеленді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанның IT-жобасы WSIS Prizes 2025 байқауында жеңіске жетті

Жоба «Даму үшін АКТ-ны ілгерілетуде үкіметтер мен барлық мүдделі тараптардың рөлі» (The role of governments and all stakeholders in the promotion of ICTs for development) санатында үздік деп танылды.

Жеңімпаздар бүгін Женевада WSIS+20 High-Level Event аясында жарияланды, бұл шара Біріккен Ұлттар Ұйымының басты бастамасы болып табылатын Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі дүниежүзілік жоғары деңгейдегі кездесуінің (ВВУИО) 20 жылдығына арналды.

Салтанатты рәсімде Қазақстанға ерекше назар аударылды: Қазақстандық команда марапаттау сессиясын ашты.

Марапатты Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өзі табыстады.

Бұл Қазақстанның WSIS Prizes байқауындағы 2013 жылдан бергі алғашқы жеңісі. 2025 жылы байқауға әлемнің түрлі елдерінен шамамен 1000 жоба қатысты.

«Бұл жеңіс – еліміздің цифрлық дамуының халықаралық деңгейде мойындалуы. Қазақстан жоғары технологиялық әлеуетке ие екенін көрсетіп, әлемдік трендтерді қуып қана қоймай, маңызды цифрлық шешімдерді ұсынып, оларды жаһандық деңгейде дамытуға үлес қоса алатынын дәлелдеді», – деп атап өтті ҚР Президенті Іс басқармасы Инженерлік-техникалық орталығының басшысы Дәурен Нұралиев.

«Ахуалдық-талдамалық кешені”(АТК)– мемлекеттік сектордағы деректерді талдау, мониторинг жасау және жедел басқару үшін әзірленген инновациялық цифрлық платформа. Жүйе елдің барлық өңірлері бойынша 500-ден астам әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қамтиды және стратегиялық шешімдерді нақты уақыт режимінде қабылдауға мүмкіндік береді. АТК Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен ҚР Президенті Іс басқармасында қолданылады.