Денсаулық • 08 Маусым, 2024

Жағымсыз әдетке қарсы күрес

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте шекпейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу көзделген. Бұл – халық денсаулығын нығайтуға, жаман әдеттерге қарсы күресуге бағытталған маңызды қадам.

Жағымсыз әдетке қарсы күрес

Фото: zhatpa.kz

ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бас­қар­ма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова қоғамдық денсаулық сақтау іс-шараларын қолдау мен нығайту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы туралы айтып берді.

Саламатты өмір салтын ұста­натын халықтың үлесін арттыру үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жаман әдет факторлары, оның ішінде темекі шегу профилактикасын арттыру жөніндегі шаралар жоспарланған.

«Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген вейптер­ге тыйым салу туралы талап ха­лық­тың денсаулығын сақтауға және қоғамдық әл-ауқатты жақ­сартуға, атап айтқанда, жас­тарды қорғауға бағытталған. Мәселен, қоғамда 100% түтінсіз ортаны қалыптастыру, жарнаманы бақылау, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу түрінде темекі өнімдерін тұтынуды азайту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделген.

Дегенмен маманның айтуынша, темекі шегуге қарсы күрестің ең танымал әдісі – салық шаралары. Елімізде темекі өнімдеріне акциз 1995 жылы енгізілді. Кейінгі 10 жылда акциздер мөлшерлемесі өсіп, салық саясаты қатаңдатылды. Атап айтқанда, сүзгісі бар темекіге акциз мөлшерлемелері шамамен 13 есе өсті, ал сүзгісі жоқ темекінің мөлшерлемесі 1000 данасына шаққанда 21 есе көбейді.

Салтанат Назарова Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әлеуметтік желі­лердегі, БАҚ-тағы ақпарат­тық жұмыстарды, оқу орын­да­рындағы білім беру іс-шара­ла­рын, вейп, темекі және басқа да темекі өнімдерін тұты­ну­дың зияны туралы танымдарын арттыру мақсатында өткі­зілген дөңгелек үстелдерді қамтитын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын атап өтті. Жаман әдеттерге үйір жастар мен жас­өспірімдерге, әсіресе осал топ­тарға көп көңіл бөлінеді. Елі­мізде темекі шегуге тосқауыл қою мақсатында 88 кабинет жұмыс істейді. Олар адамдарға тәуелділікті жеңуге көмектесуге дайын.

Соңғы жаңалықтар