Экономика • 08 Маусым, 2024

Бизнес экономиканы демеуі керек

101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігі 2024-2026 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары нақтыланған қаулы жобасын жариялады. Инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатын шығындар 5 млрд теңгеден 2,28 млрд теңгеге дейін қысқарып, төтенше жағдайларды жоюға арналған резерв 7 млрд-тан 59,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ.

Бизнес экономиканы демеуі керек

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сонымен қатар отын-энергетика кешені, ауыл, су, орман және балық шаруашылығы, көлік пен коммуникация бойынша нысаналы даму трансферттері 161 млрд теңгеден 155 млрд теңгеге дейін қысқартылды. Сон­дай-ақ су тасқынынан кейін билік биылға жоспарланған имидж тұрғысындағы бірқатар халық­ара­лық іс-шараны өткізуден бас тартты. Атап айтқанда, 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық қаржы форумы өтпейтін болды. 25-26 сәуірге жоспарланған Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы да өткізілген жоқ. Бұған дейін айтылғанындай, 2022, 2023, 2024 жылдар арасында өткен форум-конференция, семинар, байқау, спорттық мәдени іс-шараларға 63,3 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың 2023-2024 жылдардағы өкілдік шы­ғын­дары 2,3 млрд теңгені құраған.

Қаржы министрлігінің Абай, Түркістан және Ақтөбе облыстарын қоспағанда, көптеген облыс­тық бюджеттерді несиелендіру бойынша шығыстарды қыс­қар­ту­ға шешім қабылдағанын осы құжат жобасынан көруге болады. Ұлттық қордан трансферт арқылы республикалық ма­ңызы бар жолдарды жөндеуді қар­жы­лан­дыру 96 млрд теңгеден 70 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Қазіргі шығын көлемі мем­ле­кеттік деңгейде нақты­ланған жоқ. Сарапшылар тасқынды еңсер­геннен кейін шығындарды өтеу мәселесі алға шығатынын айтып отыр.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Үкіметке де биылғы тасқын оңай тимеген.

«Менің есебім бойынша биылғы тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асып кетейін деп тұр. Сондықтан бізге жеке ком­па­ниялардың көмегі өте қажет. Далада қалған азамат­тар­дың бәрі келесі қысты жылы үйде қарсы алуы керек. Басты мәселе – осы», дейді Ерлан Саиров.

Соңғы 30 жылда елімізде 8 ірі су тасқыны (1993, 2008, 2010, 2011, 2012, 2014, 2017, 2018 жылдары) болды. Осы жылдар ішінде келтірілген залалдың жиынтық сомасы 315,2 млн доллар болған. Ал биылғы шығын көлемі 445 млн доллар деген болжам енді айтылып жатыр.

Экономист Бауыржан Шор­ма­нов­тың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік бюджет тапшы­лығы ресми түрде 784 млрд теңге болды деген мәлі­мет­ке күмән келтіретінін айтады. Қаржы ми­нистрлігі ұсынған деректерде тапшылық 784 млрд теңге екені айтылса, «Halyk Finance» есептеулерінде 2,4 трлн теңге екені айтылған. Есепке алынбаған тапшылықтың айырмашылығы – 1,6 трлн теңге.

Сарапшының айтуынша, елде мұнай өндіру іс жүзінде тоқырап, мұнай бағасы құбылмалы болып қалса да, Үкімет пен Парламент бұл мәселені түбегейлі шешуге тырыспайды. Шикізаттық емес сектор да бюджетті теңгерімдеу үшін неғұрлым жоғары кірістерді қамтамасыз ете алмайды.

Сарапшының айтуынша, эко­номика түзуші деп үкі­леген банктердің Ұлттық қор ал­дын­­дағы қарызын халыққа қай­­тармай тұрып, дивиденд төлеу қарыздарын үстеме пайыз­сыз қайтару практикасы бізге түсі­нік­сіз. Оларға беріл­ген демеу қаржы халықтың ортақ қазы­на­лық қаржысынан жұм­сал­ды.

«Банктердің пайдасы қайдан және қалай пайда болды?» деген сұрақты қойсақ, ар жағынан бизнес пен ха­лықтың мүмкіндігі көтере алмайтын жоғары пайыз­дық мөл­шер­лемелердің құлағы көрініп тұрады. Енді солар топ-менед­жерлеріне берілетін табыс­тың 20 п­айызын экономиканы сауық­тыруға жұмсауға тиіс. Біз сол кезде ғана тапшылықтың есепке алынбаған 1,6 трлн теңге көлеміндегі «ақтаңдақтың» орнын толтыра аламыз. Қазір Үкіметке сол 1,6 трлн теңгенің орнын қан­дай көздерден толтырумен қатар су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды қандай қаржы есебінен қалыпқа келтіру де кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Банктерге, ұлттық ком­паняларға жыл са­йын­­ғы пай­дасының 20 пайы­зын бюджетке аударуды заң шең­берінде міндеттейтін кез келді. Ұлттық қор мен бюджет арасындағы трансферт дең­гейін сақтайтын мүмкіндік осы. Олардың беріп жатқан демеу қаржысы табыстарымен салыстырғанда теңіздің там­шы­сындай ғана. Мемлекет пен шағын бизнес бір-біріне тәуелді. Бұл симбиоз шикізат экономикасына тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуын дамытуға, аймақтық және республикалық бюджетке қосымша салық салуға жол ашады», дейді Б. Шорманов.

Сарапшы сөзінше, базалық мөлшерлеменің өзгермеуі инфля­цияның болжамға бағынбай­ты­нын байқатып тұр.

«Біз судан келген шығынның инфляцияға әсерін алдағы 3-4 айда білетін боламыз. Себебі сол­түстік пен орталықтың бидай өсіретін алқаптары су астында қалды. Мұның соңы ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің тап­­шылығына алып келетінін бәрі­­міз сезіп отырмыз. Қазір тапшылықты сезбей тұрған бірде-бір сала жоқ. Қолдағы қаржы форумдар емес, инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге, кәсіпкерлердің шығынын жеңілдетуге бағыт­тал­уы керек», дейді.

Қаржы сарапшысы Расул Рыс­мамбетов тасқын зардабын еңсеру үшін Ұлттық қордан қаржы алудан өзге жол жоқ екенін айтады. Ал ондағы қаржы шекті мөлшерден төмендеп кетсе, үшінші тарап инвесторларын, соның ішінде шетелдік инвесторларды, сондай-ақ шетелдік компанияларды тартуға мүмкіндік бар.

«Біздің қазіргі осал тұсымыз су астында қалған инфра­құ­ры­лым және жұмысы тоқтап қалған бизнес болып тұр. Ай­мақ­тардағы шағын және орта бизнестің жұмысы тоқтаса, бюджет­ке тә­уел­ді аймақтардың қа­тары есе­леп артады. Әрбір қиын кезең жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бізге кәсіпкерлердің капиталын орталықтан шалғай аймақтарға тарту маңызды. Шалғай аймақ­тар­да заманауи талап­тарға жа­уап беретін инфра­құ­ры­лым, мектеп, аурухана, спорт кешендері құрылысына Үкіметтің қолы жетпей жатыр. Үкіметтің аяғы мен қолы жетпеген жолды бизнес ұзартады, толықтырады. Қазір екі тараптың арасындағы әріптестік әртараптанбай жатыр. Бизнес «Үкімет бізге екі жақты әріптестіктің екі жаққа да тиімді нұсқасын ұсынса, кез келген ортадан жол табамыз» десе, Үкімет бизнес өзінің әлеумет алдындағы жауапкершілігін то­лық сезіне алмай отыр деп есеп­­тейді. Мемлекет пен бизнес әріп­тестігінің біз пайдаланбаған әлеуеті көп. Әзір­ге бұл жоба халқы 1 миллионнан асатын аймақтар үшін ғана маңызды болып қалды. Мем­лекет басшысы «Forbes» тізі­міне кіретін ірі кәсіпкерлерге су астында қалған аймақтарды бекітіп беру арқылы екі тараптың жауапкершілігін еске салды. Енді алдағы уақытта Үкімет тарапынан преференцтарға ие болып отырған компаниялардың мүмкіндігін ауылға бағыттау керек», дейді Р. Рысмамбетов.

 

АЛМАТЫ