«Таза Қазақстан» • 11 Маусым, 2024

Алматы жалғыз, біз көппіз

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Дала тазармай – сана тазармайды» деген осы, «Таза Қазақ­­­стан»­­ рес­публикалық акциясы аясында ашылған алғашқы экохаб алматылықтарға қоқысқа лақтырылатын тұрмыстық қал­дық­­тарды кәдеге жаратуды үйрете бастады десек те болады.

Алматы жалғыз, біз көппіз

Қай тұрғыдан алсақ та,­ «Таза Қазақстан» рес­пуб­ликалық а­к­ция­­сы­ талай жақсы баста­ма­лар­ға мұ­рын­дық болып жатыр. Креа­тивті эко­хабты құру­шы­лар­дың ойынша, мұндай ізгі шара ­қо­қыс­­ты міндетті түрде бөлек жинау мәдениетін қалып­тас­ты­руға ықпал етеді.

«Экохаб идеясы – Алматыда экологиялық жобаларға арналған жаңа алаң. Біз экологияға ерекше мән беретіндердің бір жерде то­ғы­суына мүмкіндік береміз. Басқа қабылдау орындарынан айыр­ма­шылығы, мұнда тек қоқыс қана әке­лінбейді, сонымен қатар плас­тик­тен немесе шыны бөтел­ке­лер қалдықтарынан түрлі шы­рақ­тар, сағат жасауға болады. Ол үшін қо­қысты өңдейтін құрылғылар са­тып алдық. Бұл жер қоқысты ­кә­деге асатын бұйымға айналдыра алатын орын», дейді Eco Network жоба­сы­ның жетекшісі Евгений Мұхамед­жа­нов.

Экохабта экологиялық өнім өндірумен айналысатын кәсіп­кер­лер мен стартаперлердің өнім­дері ұсынылған. Мысалы, кей­бі­реулер үй өсімдікте­ріне органикалық тыңайтқыш­тар шығарса, екіншілері – елдегі алғашқы әрі жалғыз экохимия, қалғаны – жануарларға арналған биологиялық қоспалар.

Тағы бір тиімді тұсы – орта­лық­та тұрақты негізде қайта шикі­зат­тан бұйымдар жасау жөніндегі оқыту дәрістері, экосағаттар, тимбилдингтер және шеберлік дәрістер өткізілмек.

Сол сияқты «Таза Қазақстан» ак­циясы аясында Алматыдағы комью­­нити-орталықтарында жас­­­­­тар­дың назарын қоршаған ор­­та­ны қорғау мен ластануды азайту мәселелеріне аудару үшін бірқатар іс-шара өтіп жатыр.

Алматының комьюнити орта­лық­тарында экологияға қатысты шара­лардың тұтас сериясы өтуде. Экобелсенділер және қорша­ған ортаға жауапкершілікпен қарай­тын қала тұрғындары экологияны сақ­тау тақырыбын талқылайды, қалдықтарды жинау және сұрып­тау бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтерге қатысады. Ал­дағы уақытта осындай қауым­дастық-орталық базасында шығар­ма­шыл жастарға, экобелсенділер мен экостартаптарға арналған аудандық экохабтар ашылмақ.

Оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылар арасында кітаптармен, газет-журналдармен алмасу акциясы өткізіледі.

Оған қоса осы ауқымды шара ая­сында Алматыдағы көппәтерлі тұр­ғын үйлердің аумағында апатты жағдайдағы ағаштарды сани­тар­­лық мақсатта кесу және алып тас­­тау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биылғы 29 мамырдан бастап 29 маусымға дейін ағаштарды санитарлық мақсатта кесу Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, 1, 2 топтағы мүге­дектігі бар адамдар, жалғыз ілікті жандар, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар сынды әлеуметтік осал топқа (ХӘОТ) жататын жандардың ауласында жүргізіледі.

Ең бастысы, жел, қатты дауыл соққанда құлау қаупі бар апатты жағдайдағы діңі шірі­ген ағаштарды алып тастау жұ­мыс­тары ерекше бақылауға алынды. Кәрі ағаштарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Ауру, қураған, қауіпті ағаштар кесіле­ді. Жазатайым оқиға­лар­дың алдын алу үшін ағаш кесу туралы шешім жалпыға бірдей қорытын­ды шыққан соң қабылданады. Оның орнына 10 есе көп көшет отырғызылады.

Бұдан басқа, Алматыда «Мер­зі­мі өткен дәрі-дәрмектерді тап­сы­рыңыз, табиғатты сақтаңыз» эко­ло­гиялық акциясы жалғасуда, оны тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылданды.

 

АЛМАТЫ