![Түлектер тартуы](/media/2024/06/11/tulekter-syylyghy.jpg)
Мысалы, түлкібастық түлектер тағы да бір отбасын қуанышқа бөледі. Игі дәстүрді жалғаған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов және М.Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері бірігіп, мұқтаж отбасына аудан орталығынан 5 бөлмелі баспананы, қора-жайымен қоса сыйлады. Ортадан 10 млн теңгеден астам қаражат жинап, соның 9 млн теңгесіне үй алған түлектер оны толық жөндеуден өткізіп, ішін қажетті жиһаз-техникалармен жабдықтап беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар баспана кілтін сол үйдің ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыс етті. Жас отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Шара соңында мұқтаж жанға көмек беру, қайырымдылық жасау – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған асыл қасиет деп санаған 2004 жылғы мектеп түлектері дәстүр бойынша эстафетаны 2005 жылғы түлектерге табыстады. Айта кетелік, осыдан 7 жыл бұрын Түлкібас ауданы Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасына үй сыйлаған болатын. Осылайша, көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.
Созақ ауданы, Созақ ауылындағы Әлішер Науаи атындағы білім ордасынан 2004 жылы қанат қағып, үлкен өмірге қадам басқан түлектер де көпбалалы отбасына тұрғын үй сыйлады. Тағылымды шараға қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі іске ұйытқы болған түлектерді алғыс хатпен марапаттады. Созақ ауылынан берілген жаңа баспана 5 бөлмелі. Ішкі бөлмелері қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Жер учаскесі – 15 сотық. Үйдің аумағына қосалқы шаруашылықты дамыту мен бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар. Ал Созақ ауылындағы Созақ мектеп-гимназиясын бітіргеніне 20 жыл болған түлектер Созақ-Шолаққорған бағытындағы жол бойына ауылға көрік берер әсем қақпа тұрғызды. Жаңадан тұрғызылған сәулетті қақпаның биіктігі – 6,5, ені – 13 метр. Ауылдың аты жазылған жазу мен қақпа аумағына түнгі жарықшамдар орнатылған. Өткен жылы түлектер тұрғызған Рәміздер аллеясына қарама-қарсы салынған қақпаның сәні мен сәулеті келісіп, ауылдың ажарын аша түскен. Кентау қаласына қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінің осыдан 20 жыл бұрынғы түлектері білім ордасына спорт алаңын тарту етті. Одан бөлек, мектептің ішіне рәміздер алаңын жасап берген. Ал Ордабасы ауданының орталығы Темірланда Ш.Уәлиханов, А.Иманов және Қ.Бектаев мектептерінің 2004 жылғы түлектері мұқтаж отбасына баспана сыйлады. Баспанаға мұқтаждарды таңдау үшін «Игілік» қоғамдық қоры 8 отбасын ұсынған. Олардың әрқайсысы – тағдырдың сынағына түскендер. Солардың арасынан көпбалалы Замира Тасболатова көпшілік дауыспен таңдалып алынған. Бұл отбасы осы уақытқа дейін тар бөлмені жалдап тұрып келген.
Айта кетелік, бұл шара «20 жылдық түлектерден 1 қоныс» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Төрт жыл бұрын бастау алған жоба аясында ауданда төрт отбасына баспана тарту етілген.
Түркістан облысы