Елорда • 10 Маусым, 2024

«Астана – есірткісіз қала»

39 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық полицейлер осындай девизбен велошеру өткізді. Нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында, сондай-ақ «Нашақорлыққа қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алудың 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жос­парын» іске асыру аясында ұйымдастырылған шараға астаналықтар да үлес қосты.

«Астана – есірткісіз қала»

Велошеруге полиция департаментінің қыз­мет­керлері, қалалық әкімдіктің, спорт секция­ларының, ҮЕҰ жастар қозғалыстарының өкіл­дері, сонымен қатар өз бетімен ниет білдіргендер – барлығы 700-ден астам адам қатысты.

Велошеру Тұран даңғылының бойындағы «Қазақстан күні» монументінен бастау алып, Қорғалжын тас жолында жалғасып, Тұран даңғылы бойындағы демалыс саябағында аяқталды. Жарыс барысында вело­ша­бан­доздарға полицияның патрульдік көліктері мен эскорд взводы ілесіп жүрді. Астана қалалық полиция депар­таментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың жетекшілігімен қатысушылар он шақырымды бағындырды.

Спорттық шара – өскелең ұрпақ арасында есірткі қылмысымен күресу, сондай-ақ жастардың есірткіге әуес болмай, психоактивті заттарды қолданбай, бос уақытын дұрыс пайдалануын, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мен дамыту мақсатында өткізілді.

«Велошеру ең алдымен нашақорлық мәселесіне қо­ғамның назарын аударуға бағытталған. Бұл – бүкіл қоғам үшін проблема және онымен бәріміз бірге, жұмыла күре­суіміз қажет», деді Полиция департаментінің басшысы.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз есірткі айналымынан жалпы салмағы 60 кг-дан астам есірткі затын тәркіледі. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында нашақорлыққа төзбеушілікті қалып­тастыру, сондай-ақ оларды осы зиянды тәуел­діліктен қор­ғауға бағытталған.

Велошерудің барлық қатысушысы белгіленген қашық­тықтан сүрінбей өтті, ал олардың достары мен әріптестері мәре сызығында күтіп тұрды.