Қоғам • 12 Маусым, 2024

V Халықаралық жастар театры фестивалі мәресіне жетті

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Достастық елдеріне кіретін тоғыз мемлекет кәсіби мамандар мен мәртебелі көрерменнің талқысына өз театрларының жас режиссерлерінің туындыларын ұсынды. Қазылар алқасы үміткерлердің ішінен үздіктерін анықтаса, ауқымды мәдени іс-шараға қатысушылар уақытты текке кетірмей, жұмысын барынша көрсетіп қалуға әрі өздеріне керекті рухани азық алып кетуге тырысып бақты.

V Халықаралық жастар театры фестивалі мәресіне жетті

Яғни бұл апта олар үшін танымал сахна саңлақтарының шеберлік сабақ­тарына, лекцияларға, семинарларға, шығармашылық зертханалар мен түрлі таныстырылымға толы болды. Сондай-ақ театр әртістерінің каталогтері мен жас драматургтердің пьесаларының жинақтары да ұсынылды.

Форумды ұйымдастырған Халықара­лық театр одақтары конфедерациясы­ның өкілдерімен және қатысушы елдердің театр қайраткерлері кәсіподақтарының төрағаларымен кездескен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай іс-шаралардың елдер мен шығар­машылық ұжымдар арасында серіктес­тік орнатуға, мамандық бойынша тәжі­рибе және білім алмасып, өнер­лерін ортаға салуға көп септігі тиетінін атап өтті. Кездесу барысында министр жастар фору­мының барлық қатысушысы­на мәдениет саласын дамытуға және нығай­туға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Осыдан он шақты жыл бұрын қолға алынған игі жоба жыл сайын ТМД-ның әр елінде кезекпен аталып өтіп келеді. Жоба жас театр қайраткерлерінің шығар­машылық байланысын етене жақын­дастыруға, режуссура, драматургия, сценография және театртану саласындағы таланттар мен келешегі зор кәсіпқойларды тауып, оларды ортақ мүддеге ұйытуға, сондай-ақ театр шығармашылығының даму үрдісін талқылауға үндейді.

Жастардың бұл айтулы басқосуы – дәстүрлі түрде театр өмірінің өзекті мәселелері, соның ішінде театр дәстүрі мен ортақ мәдени кеңістікті сақтау, мәдени байланыстарды дамыту мәселе­лері төңірегіндегі пікір алмасу алаңы болып қала береді. Осы ретте біздің елдегі тынысы ашылған жаңа кезеңі де назардан тыс қалмай, айрықша аталды.

Жалпы, Алматыға өзіміздің театр майталмандарын қосқанда Әзербайжан, Арме­ния, Беларусь, Қырғызстан, Мол­дова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан ел­дері­нен екі жүзден астам режиссер, дра­ма­тург, актер, сахна шебері, театр сын­­шы­сы кел­ді. Ал қазылар алқасы фестивальға ұсы­ныл­ған тоғыз спектакльдің ішінен ең үзд­ігін анықтады. Бұл орын Евгений Корняг­­тың «Пачупка» туындысын қойған Бела­­русь республикалық драма театры­на бұйыр­ды. Жеңімпаз ұжым­ға ақшалай сый­­лық­пен және ал­тын қол­шатыр түрін­дегі естелік сыйлық­пен бір­ге ТМД елдері жас­тар театр фору­­мы­ның бі­рік­тіру­ші рә­мізі ре­тін­де 2025 жылы әлемдік сах­налар­дың үз­дік қойы­лым­­дарын бір ар­наға то­ғыстыра­тын және кезекті мәр­те Мәс­кеуде шымыл­ды­ғы түрі­летін А.П.Чехов атын­дағы XVII Ха­лы­қ­­ара­лық театр фес­тиваліне шақыру қағазы тапсырылды.