Отбасы • 12 Маусым, 2024

Отбасы қауіпсіздігі – ортақ мәселе

48 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің басты байлығы, қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені Ата заңымызда анық жазылған. Сондықтан құқықтық мемлекетте адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруге, қорлауға, ұрып-соғуға, қысым көрсетуге жол жоқ. Президент ана мен бала құқығын қорғауды, тұрмыстық зорлық-зомбылықты реттейтін жаңа заңға қол қойғанына да көп уақыт өте қойған жоқ.

Отбасы қауіпсіздігі – ортақ мәселе

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Анаға тағзымның» арқалағаны – ауыр жүк

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Парламент де­путат­тарының бастамашылығымен әзір­леніп, қолданысқа енгізіл­ген заңның шұғыл арада қабыл­да­нуына не түрткі бол­ғанын тәп­тіштеп түсіндіріп жатудың қа­жеті жоқ шығар. Қоғамда бе­лең алған небір жағдайлар отбасы құндылығы, ана мен бала қауіпсіздігі құқықтық қолдауға өте зәру болып бара жатқандай ахуал қалыптастырды. Заң жобасы әзірленіп жатқанда ел көлемінде қаншама талқылау өтіп, мінберлерде қаншама пікір айтылды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы батыл қадамға баланған бұл заң туралы жұртшылық әлі де пікір білдіріп, үн қосып жатыр. Осы тұрғыда мамандардан отбасы құндылықтары жөнінде пікірін білген едік.

Жамбыл облыстық «Анаға тағ­зым» облыстық отбасын қол­дау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мұндай қатаң шараларды қабылдауға кейінгі кезде қоғамда жиі тіркел­ген келеңсіз оқиғалар мен жан­түр­шігерлік жағдайлар түрткі болғанын айтады.

– Әкімшілік полиция коми­те­тінің мәліметінше, жыл са­йын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шексе, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Ал күн сайын ішкі істер органдарына осы мәселе бойынша 300-ге жуық хабарлама түседі екен. Кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым кел­тірудің деректері 2 есе өссе, орташа зақым келтіру 6 есеге артыпты. Отба­сылардағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кем­сіту, қорлау, оны көріп-біліп өскен балалардың аянышты халінің салдары қоғамда адам төзгісіз жағдай туғызды.

Бірақ бүгінде қоғам проб­лемаға үнсіз қалмай, оған қарсы күресуге дайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндетіміз – әйелдер мен балаларды қорғау» деп, жыл сайынғы Жол­дауларында әйел құқығы мен бала қауіп­сіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Соның аясында рес­публикада тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына ар­налған дағдарыс және отбасын қолдау орталықтары, жедел желiлер жұмыс iстеп тұр. Журналистер тақырыптық дерек­­­ті, подкастарды жазып, оның барысында мәселені тал­қылап, агрессияның кез келген көрінісіне төзбеуді насихаттап жүр. Соның бәрі тоғыса келіп, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды қатайтуға, кінәлілерді жазалауды күшейтуге бастамашы болды. Сондықтан бұл қабылданған жаңа заң – қазіргі қоғамның дамуындағы көптен күткен қадам болғаны анық, – дейді Э.Мырза-Ғали.

 

Әр үйде мейірім салтанат құруға тиіс

Э.Мырза-Ғали дәл осы заң­да отбасын қолдау орталық­та­рының қызметтері жөнінде айтыл­ғанына қуанғанын жет­кізді. Былтыр 1 шілдеден отбасын қолдау орталығы болып қайта құрылған «Анаға тағзымда» қазіргі таңда 3 бөлім және заңгерлік, психологиялық ке­ңес беру кабинеттері жұмыс істейді. Соның ішінде жаңадан ашылған «Ақпараттық талдау және әлеуметтік сүйемелдеу» бөлімі нақ осындай жайсыз отбасыларды аралап жүріп анықтап, қиын жағдайға тап болған отба­сыларға жан-жақты кө­мек көр­се­туді көздейді. Мәселен, бөлім маман­дары кейінгі 9 айда 57 отбасыға көмек көрсетіп, 22 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге алынған.

– Әрбір үйде мейірім салтанат құруы керек деп есеп­теймін. Өз отбасында әрбір жан өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Отбасы мүшелері бір-бірі­не үстемдік еткеннен гөрі, әр­дайым бір-біріне қамқорлық танытып, қолдау көрсеткені абзал. Анасының жүзінен қуа­ныштың лебі есіп, бақыттың нұры тамған шаңырақта балалар сүйіспеншілікке шомылып өсе­тіні белгілі. Сол себепті «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы ұстанған бағытындағы жұмыстарын жетілдіріп, жандандыра береді. Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету жөнін­дегі жұмысты үйлестіру жөнін­дегі шараларды жүзеге асыратын боламыз, – дейді Эльмира Инаятқызы.

 

Үйлену – үстемдікке қол жеткізу емес

Жаратқан Ие барша тіршілік иесіне жұптасуды бұйыртқан. Ер адам мен әйел адам бір-бірін та­уып бас қосып, шаңырақ көтереді.  Әрине, бұл – адам өміріндегі ең қуанышты және жауапкершілігі жоғары сәттің бірі. Ақ некенің қиылуымен бірге жаңа міндет, құқық және жауапкершілік пайда болады.

«Өмір – сынақ, бұл сынақ­тың материалдық және рухани салмағы болады», дейді дінтанушы, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қоры­ның директоры Балғабек Мырзаев. Сондай-ақ ол өмірдің ауыртпа­лық­тарын бірге көтеру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұбайлар бірге жұ­мыла кірісуі қажет деген пікірде.

– Шындығында, үйленуден, үй болу өте маңызды. Ата-бабаларымыздан қалған «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Отбасы – қоғамның негізін құрайтын маңызды тірегі. Отба­сын құру арқылы тек екі адам бас қосып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамның ірге­та­сын қалайды.

Адамдар әсіресе бір-біріне «мал-мүлік арқылы емес», «ама­нат санасымен» байланыс­ты болуы керек. Алла бізді әрқайсымызды жұбымызбен кездестіре отырып, бір-бірімізге аманат етіп тапсырған. Олай болса, жұбайымызбен, балаларымызбен жауапкершіліксіз, атүсті қарым-қатынас жасауға хақымыз жоқ. Жаратушының аманатын көздің қарашығындай сақтаудың орнына тоздырып-тоқырататындар бір күн келіп аманаттың иесіне қайта­ры­ла­ты­нын естен шығармау керек,  деген дінтанушы отбасында өмір сүре білу үшін қарапайым мінез-құлық ережелерін сақ­тауға тырысу қажеттігін алға тартты. Яғни кешірімді болыңыз, ашуы­ңызды ішке бүгіп қалыңыз, кемшіліктерді іздеп түрт­кіле­меңіз, қателесіп жатсаңыз, кеші­рім сұраудан қашпаңыз.

 

«Әке» ұғымында қасиет бар 

«Әке – асқар тау» деп жатамыз. Бұл даналық сөзден кез келген қиын шақта балалар әкенің қамқорлығына жүгініп, бала сүрінгенде, оған қауіп төнгенде әкесі тірегі болуға тиіс деген логика шығады. Бірақ үнемі бұлай бола бермейді. Психологтер бүгінде баламен үлкендерше сөйлесетін ата-ана аз екенін айтып шырылдап жүр. Әсіресе көпшілік әкелер бұл мәселеде томаға-тұйық.

– Жұбайымызбен, балаларымызбен, ата-аналарымызбен жақсы тұру жұмыста немесе базардағы бөтен біреуге нәзік те сабырлы қарым-қатынас жасау­дан да қиын екенін мойындауы­мыз керек. Міне, сондықтан да Исламда «Сендердің ең жақ­сыларың отбасымен ең жақсы қарым-қатынаста болған­дарың», деп бұйырған. Көріп отыр­ғанымыздай, қандай жағдай болса да біреуге кінә тағуы­мыздың орнына қара­пайым болуға және шынайы сөз­дер арқылы мәселені шешуге тырысуымыз керек. Біреудің мәпелеп, әлпештеп өсірген қызын некеге алғаннан кейін оны қорлауға, кемсітуге, зорлық-зомбылық көрсетуге асыл дініміз түбегейлі тыйым салады.

Әділеттілікті, ынсапты және мейірімді әкемізден көріп үйренеміз. Қоқан-лоқының, зорлық-зомбылықтың «әке» деген ұғыммен мәндес болып кетуі, отбасында әке атының қорқынышпен, үреймен еске алынуы қандай қайғылы және өкінішті.

Шынайы мұсылман адам ешкімнің ақысын жемейді, біреуді алдамайды, адам баласына дөрекі сөйлемейді, әлсіз­дерге зорлық-зомбылық жасамайды, жетім-жесірлер мен кедейлерге тәкап­парлық көрсетпейді, – дейді дін­танушы Балғабек Мырзаев.

 

Отбасы институтының жауапкершілігі артты

Елімізде кейінгі жылдары отбасында болатын тұрмыстық жанжалдар көбейіп, арты адам өліміне апарған оқиғалар да жиілеп кеткені аян. Әйеліне қол көтеріп, бала-шағасының берекесі мен құтын қашырған опасыз әкелердің әрекеттері жаға ұстатарлық жағдайға жет­ті. Қатаңдатылған заңның тиіс­ті өзгерістерін, енгізілген жаңа нормаларын ақпараттық тұрғы­дан қолдап, жұртшылыққа түсінікті етіп жеткізу ісі әлі ма­ңызын жоя қойған жоқ. Осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкі­лдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова: «Мемлекет басшысы әйел адам­дардың құқығын қорғау және де балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету туралы заң дәл қазіргі таңда осы заң елге керек, қоғам болып күткен құжат болып тұр. Шындығында, отбасындағы зорлық-зомбылық бүгінде ел ішіндегі асқынған дертке айналып отыр. Жаңа құжатта әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазалау шаралары күшейтілген. Мысалы, бұрын ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана зиян келтіру жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған болса, енді қылмыстық жауап­кер­шілікке енгізілді», дейді. Б.Жалмағанбетова жаңа заң­на­маға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбы­лық үшін жауапкершілік қатаң­да­тылатынын, сондай-ақ отбасы институты, кәмелетке толма­ған­­дардың қауіпсіздігі нығай­тылатынын атап өтті.

Осы ретте жұрт «Мына заң ата-аналарды ата-аналық құқығынан айырып, қажет болса, мемлекет балаларын тартып алады екен» деп, байыбына бармай байбалам салып үлгерді. Осы шудың ақ-қа­расын ажыратып беруді Баян Жалмағанбетовадан сұрадық.

– Ел арасында осындай түрлі қауесет таралып жат­қанын естіп жатырмыз. Мысалы, заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір – таза жалған ақпарат. Сондықтан аталған мәсе­леге қатысты кез келген балама пайымдау негізсіз. Еліміз тек дәстүрлі, ұлттық отбасылық құн­дылықтар мен отбасы институтын сақ­тауға қолдау көрсететініне ешқандай күмән жоқ, – дейді Б.Жалмағанбетова.

Сонымен қатар жас балаларды өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді наси­хаттағаны үшін, 16 жасқа толмаған жанға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік ен­гізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрла­ғаны және заңсыз бас бос­тандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қа­таң­датылды. Сол тұрғыда жаңа заң әйелдердің, жасөспірім балалардың қа­уіп­сіздігін арттыруға зор септігін тигізеді деуге толық негіз бар.