Аймақтар • 11 Маусым, 2024

Тыйым салынған жерге үйір болатыны несі...

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаз маусымы басталысымен суы мөлдір, тұзды, жағасында сары құмы салынған төсектей мамық Каспий теңізінде демалуға қызығатындар саны артады. Бірақ әр нәрсенің өзіне тән қиындығы, белгісіз қыр-сыры көп болады. Сондықтан әрбір демалушы өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы тәртіп-ережелерді назарда ұстауға тиіс-ақ. Алайда Каспий теңізіне келіп демалушылар сақтандыру ережелеріне мән бермейтін секілді.

Тыйым салынған жерге үйір болатыны несі...

Фото: gov.kz

Бес бірдей шет мемлекетті тоғыстырып тұрған теңіздің тылсымы көп, теңізішілік түрлі ағыстар мен ұйықтар, иірімдер туралы еш­кім, яғни ғылым нақты еш дерек бере алған жоқ. Әйтсе де жағалаудағы шомылуға қауіпті аймақтарда суға түспеуді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды құ­зырлы орындар – Төтенше жағдайлар басқармасы жаз басталы­сымен жар сала айтып, теңіз жағасындағы демалушылар арасына барып, әлеуметтік желілерде тынбай жарнама жасап сақтандырғанмен, дәл сол қауіпті аймақтарға барып шомы­латындар және қайғылы жағ­дайға ұшырайтындар саны азаймай келеді.

Ақтау қаласы аумағында ұзын­дығы 100 метр және ені 20 метрге созылған Шора су каналы, 4-шағын ауданда орналасқан «Caspian Riviera Grand Palace» қонақүйінен бас­тап 5-шағын аудандағы Тарас Шевченко ескерткішінен төмен түсу бағытына қарай ұзындығы 300 метр және ені 20 метр жағалау аймағы мен ұзындығы 3 800 метр және ені 120 метр МАЭК ЖШС-ның су каналының жағалау аймағы суға түсуге рұқсат етілмеген орындар ретінде белгілі. Бұл тұстарда арнайы белгілер де бар, әйтсе де дәл осы орындарға келіп қиын жағдайға тап болып немесе ажал құшып жататындардың әрекеті түсініксіз. Қазақта айтылатын «ажал айдайды» деген осы бола ма деп ойға қаласың...

Рұқсат етілмеген қауіпті орындарда суға түсетіндер көбіне қауіпті орындар туралы хабарламаға қа­нық жергілікті тұрғындар екен­дігі де таңдандырады. Мысалы, Ақтауда шомылуға тыйым салын­ған жерлерде кейінгі 5 жылда 16 адам қаза тапқан. Ал жыл басынан бері суға түсуге тыйым салынған орында бір адам қайтыс болды.

«Судағы қауіпсіздіктің бір­қатар ережелері бар. Атап айт­қан­да, шомылуға жабдықталмаған жерлерде суға түспеу, мас күйде шомылмау, балаларды шомылу орындарында қараусыз қал­дырмау қажет. Сондай-ақ жағадан алыс жүзуге, тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды. Бұл қа­рапайым ережелер сіздің және жақындарыңыздың жазғы дема­лысты қауіпсіз өткізуіне көмектеседі. Төтенше жағдайлар басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік ере­желерін қатаң сақтауды сұрай­ды», деді Ақтау қалалық төтенше жағ­дайлар басқармасы азаматтық қор­ғаныс тобының офицері Азамат Төлегенов.

А.Төлегенов аузын жиғанша суға түсуге тыйым салынған Шора каналында қайғылы жағдай болды. Шомылуға барған әкелі-ба­лалы екеудің жандәрмен әкесі құт­қарылып, ұлы суға батып кетті. Дәл осы қарсаңда Маңғыстауда теңізге батып бара жатқан әйел құтқарылды.

Су – тілсіз жау, сондықтан жүзу білмеген жанның жағадан ұзамағаны жөн, алайда демалушылар бұл қарапайым мысалды бұзып өтіп, теңіздің тереңіне қарай ұмтылатынын қайтерсің.

Жаз басталды, теңіз алғашқы құр­бандарын жұтып үлгерді. Жаз демалысы жақ­сы-ақ, бірақ тұрғындар мен қо­нақ­тардың су маңында сақтықты ұмытпағаны дұрыс болар еді.

 

Маңғыстау облысы