Президент • 12 Маусым, 2024

Елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компанияларға қолдау көрсетіледі

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компанияларға қолдау көрсетіледі

Фото: Ақорда

– Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның GL Rapha компаниясы Алматыдағы биофармацевтика зауытының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті Қазақстанның кореялық серіктестерімен жасанды интеллект технологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

– Астана халықаралық қаржы орталығы біздің бәсекеге қабілетті инвестициялық ортамыздың берік негізі саналады. Біздің аймақтағы бұл бірегей алаңда әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының артықшылықтары барынша ескерілген. Бүгінде АХҚО-да әлемнің ондаған елінен екі мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан 20-ға жуық компания бар. Біз қаржы технологиясы, IT, активтерді басқару және лизинг салаларында мұндай компаниялардың саны көбірек болғанын қалаймыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы толыққанды екінші деңгейлі банкке айналуын құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы өз сөзін қорытындылай келе, бүгінгі форум екі елдің күш-жігерін біріктіруге және табысты кооперациясына тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Бүгін мен K-Silk Road тұжырымдамасын толық қолдайтынымызды айттым. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тұжырымдама. Қазақстан аталған бағдарламаны іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Президенттің айтуынша, келесі жылы осы тұжырымдаманың аясында Кореяда саммит өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан бұл жиынға жан-жақты атсалысады деп ойлаймын. Қазақстан Үкіметі елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компаниялар мен инвесторларға қажетті қолдау көрсетеді, – деді Президент.

Форумда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының төрағасы (Іскерлік кеңестің тең төрағасы) Джин Сик Юн, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Hyundai Motor Russia & CIS өңірлік штаб-пәтері басшысының орынбасары Им Дже У, Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев, Doosan Enerbility компаниясының вице-президенті Янг Юн Хо, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов, SK Ecoplant компаниясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Ли Джун Хек, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев және тағы басқалар сөз сөйледі.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті