Digital • 13 Маусым, 2024

«Қояндарды» құрықтайтын құрылғы

42 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы күні жасанды интеллектінің көмегі арқылы небір ақылды камералар шығып жатыр. Бірі адамның бет-әл­петін тану арқылы қауіптің алдын алса, енді бірі жол ережелерін бұзғандарды анықтайды. Таңданарлығы, бұ­лар­дың бәрі де адамның қатысуынсыз-ақ жүзеге асады.

«Қояндарды» құрықтайтын құрылғы

Жақын күндері Астана қала­сында дәл осындай тағы бір ақылды жүйе іске қосылмақ. Бұл бейнекамераның ерекше­лі­гі қандай десеңіз, ол  қоғам­дық көліктерде жол ақысын төле­мегендерді, яғни «қояндар­ды» лезде анықтай алады. «City Transportation Systems» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі «Астана қаласының қоғам­дық көлігіндегі бейнеаналитика жүйесі» атты инновациялық жобасын енгізбекші. Бұл жүйенің  мақсаты – жолаушыларға қыз­мет көрсету сапасын жақсарту, жолақысын төлеуден жалтаратындар санын азайту, сондай-ақ қоғамдық көліктердегі қауіп­сіздікті арттыру.

Жобаның қанатқақты ке­зе­ңі аясында 2 мамырдан бас­тап №24 автобусында нақты уақыт режімінде деректерді талдайтын бейнекамералар, роутерлер мен борттық компьютер орнатылған. Әр есікке қарама-қарсы орна­лас­қан бейнекамералар кірген жолаушыларды есептейді, сон­дай-ақ төлем деректерін салыс­тырады. Содан соң ақпарат жедел түрде «City Transportation Systems»-тің көліктік бақылау департаментіне жолданады.

Айта кетейік, жаңа бейнеба­қылау іске қосылған күн­нен бас­тап бір ғана автобустың өзін­­де билетсіз жол жүрудің екі мың­нан астам жағдайы тір­кел­ген. Бұл қанатқақты жоба болған­дық­тан, жолаушыларға айып­пұл салынбаған.