Әдебиет • 13 Маусым, 2024

Қалихан кеңістігі

41 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыншыларға суыртпақ­тап сөз бастатып, әде­биет­шілерді ә дегенде мойын бұрғызып, қа­лам қуатымен баурай біл­ген жазушының бірі – Қалихан Ысқақ. Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарында әйгілі Зей­нолла Қабдоловтың наза­рынан қағыс қалмай, ға­лымның тұтастай бір мақала арнауына себепкер болған сөз иесі.

Қалихан кеңістігі

Жазушының ш­ы­ғар­ма­шы­лы­ғы қай кезде де оқырманын ойлантып тастайтын образымен ерекше есте қалады. Оның романдары, әңгіме, повестері­нің кейіпкерлері қаншалықты өміршең, күрескер болса, ол сом­дап шыққан драмалық образ­дары да қазақ театр өнерінде серпіліс тудырып, ұлттық дра­ма­­тургияның қазанында қайнап шыға келді.

Қалихан Ысқақ драматур­гия­ға тосыннан қосылды деп тағы айта алмайсыз. Себебі бұл жолға инсценировка мен кино­­­сценарийлер арқылы келген­дей көрінеді. Бұлай деп топ­шылауымызға алғашқы пье­саларынан-ақ тартыс пен толымды кейіпкерлер, тарихи тұлғаларды сөйлету мен көнені тірілтудегі автор мақ­саты көзге ұрады. Тәуелсіздік кезеңінде суреткер ел, туған жер тарихын тереңінен қаузауға кірісті. Бұл оның драматургиясында барынша көрініс тапты.

Қали­хан Ысқақтың қала­мынан ту­ған жиырмадан астам драмалық шы­ғарма шын­шыл­дығымен, оқырманға айтар астар­лы ойымен әрдайым ерек­шеленеді. Осы тізімде «Жан қимақ», «Таңғы жаңғырық», «Қа­раша қаздар қайтқанда», «Талақ», «Сайқының тұқым­дары», «Са­батаж!», «Есеней-Ұлпан», «Жан­себіл» туындылары­нан жа­зушы-дра­матургтің биік тал­ғамы бай­қалды. Үлкен суреткер ре­тінде әрбір құбылыс­тың мән-мағынасын, сырын ұғынып, тұңғиығына үңілетін автор шығармашылық зертханасы барынша зерделілігімен, әр тақырыпты қаузай отыра оны тереңірек ашуға тырысады.

Қ.Ысқақтың қай пьесасын алсаңыз да ең алдымен айшық­талатыны – оның тілі. Автор қазақ тілінің қаймағын бойына сіңіргендіктен кейіпкерді сөйлетуі де, суреттеуі де кең тыныста қолданылады. Бұл ерек­шелік заман тынысы мен диапазонын ашып, кейіпкердің дамуы мен оқиғаның өрбуінде шешуші рөл атқарады. Осы екі ғана ерекшеліктің өзі үндестік тауып, шығарма динамикасын ойната отырып беруге сеп екені сезіледі.

Театр сахнасының қазы­на­сын байытқан айтулы дү­ние­нің бірі – «Жан қимақ» дра­малық повесі. Мұндағы бас­ты кейіпкерлер Әбдікерім бо­лыс, Мұса, ақын Махмұт, Әбді­керімнің қызы Бағила, Тор­тай қажы мен ел ағалары, ру басы, старшындар. Оқиға да осы кейіпкерлер арасында өр­биді. Ең алдымен, драмалық шы­ғарманың бас­ты шарты – кейіпкерлердің өзара тартысы мен оқиғаның шиеленісуі. Махмұт – Сұлтан­махмұт То­рай­ғырұлының про­тотипі. Шын­шылдығы мен әді­лет сүй­гіштігі көрерменін бау­райды. Осы шығарма аясында шоқ жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ақын тағдыры­ның бір кезеңі суреттелген. Алаш ұранды ақынның Алтай айма­ғында болып, бала оқытып қа­раңғы қазақтың көгінде күн бо­лып, ел сауатын ашуға белсене араласқаны мәлім. Осы туындыны оқып отырып та, сахнадан көріп отырып та оның сол өңірде өзіне тән мінез-құлқының ашылғанын аңдау қиын емес. «Жан қимақта» Махмұт пен Бағила арасындағы махаббат та­маша арқау тапқан.

Жазушы-драматург шығар­машылық мұрасының ішінде кейіпкерлері айшықты сом­дал­ған дүниелердің бірегейі – екі актілі «Сайқының тұқымдары» драмасы. Жиын саны онға тарта кейіпкерлер арасында талас-тартысқа толы драмада дараланып шыға келетін бедерлі бейнелер автордың басты идея­сын алдыңғы қатарға шығара­ды. Бір-бірін өсіріп-кемелден­ді­ріп отыратын кейіпкерлер арасындағы кең диапазон шығарманың көркемдік көкжиегін кеңейте түседі, шынайы бет-пішінін таныта­ды. Кейіпкерді өсіретін, шығар­мадағы өмірді жанданды­рып, сыртқы құбылыстың сырын ашатын ең басты кілт – оқиға, тартыс, мінез қақтығыстары кө­рерменді өзіне тартады.

Жазушы-драматург Қали­хан Ысқақ үшін бұзылмайтын қағида – өмір шындығын нанымды бейнелеп, образдарды даралап беруге күш салу. Ол не нәрсені әңгімелеп әрі кейіпкер­ді сомдап отырса да, шығарма­­­ның шешімінде бекер алмағанын, текке таңдамағанын ұғасыз. Өмірлік детальдары арқылы оның пьесалар әлемінен өз шын­ды­ғыңды тауып, кеңістігіне шын, бәлкім шым батасыз...