Дін • 15 Маусым, 2024

Ізгі амал мен сауап іс

69 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән! Оның Пайғамбары Мұхаммедке сала­уаттар мен сәлемдер болсын!

Ізгі амал мен сауап іс

Құрметті бауырлар! Кеше ғана қасиетті Рамазан айын аяқтап, Ораза айтты той­ла­ған едік. Көзді ашып-жұмғанша Құр­бан айт мерекесі де келіп жетті. Ұлық мерекеге аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!

Бұл күндері әлемнің әр бұрышынан Мекке мен Мәдинаға ағылған мұсылман үмбеті Ислам­ның бес тірегінің бірі болған қажылық парызын орындауда. Оның ішінде біздің де 5 мыңнан астам ­отандасымыз бар. Қағбаны тауап етіп, тәубе деп, құлшылық жасап жатқан барша мұсылманның дұға-тілегі мен қажылығы қабыл болғай.

Алла Тағала кімге құрбан шалатын мүмкіндік берсе, яғни қолында қаражаты бар мұсылман баласы Жаратушы Жаб­бар Иесіне жақындау ниетімен Оның ра­қы­мынан үміт ете отырып, құр­бан шалуы міндет болып есептеледі. Себебі «құр­бан» сөзі «жақындау» деген мағы­наны біл­діреді. Демек пенде Алланың разы­лығын көздеп, Оның мейіріміне бөле­нуді шынайы қалап құрбан шалу арқылы Жарат­қанның жарылқауына бөленеді. Құр­бан шалудың шариғаттағы анық­тама­сы мынадай: Құдайға құлшылық ниеті­мен ереже-шарттарын ескере отырып, мал­ шалу.

Кімнің бір қойды сатып алып, оны құрбандыққа шалуға шамасы жете­тінін Алла жақсы біледі. Құдай біздің ішкі ниетімізден де толық хабардар. Сондықтан құрбан шалудың негізгі мақсаты – адамды Аллаға жақындату. Тіпті құрбан шалуға шамасы келмеген адамдар бұл күндері мұқтаждарға садақасын беріп, Құдайдың мейірімінен үміт етеді. Құрбан айт күндері әр адам өзінің материалдық мүмкіндігі аясында құрбан шалып, жақсы істерге ұмтылатыны сондықтан.

Құрбан шалу – Аллаға деген ықы­лас­­тың үлкен бел­гі­сі. Исламдағы бар­лық құл­­шылық­тың түпкі мәні мен мақсаты – пен­денің ықыласын арттыру, шынайы ниет­ті шыңдау. Өйткені қорасында қойы бар шаруа немесе қолында қаражаты бар адам малдың ең жақсысын, яғни семізін, ірі­сін Алла жолына арнап, құрбандыққа ша­ла­ды.

Жаратушы Иеміз Құранда мұсыл­ман баласына ең жақсы көрген нәрсені садақа етуді, яғни Алла жолында жұм­сау­ды бұйырған. Бұл туралы қасиетті кіта­бымызда былай делінген: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны сөзсіз толық біледі» («Әли Имран» сүресі, 92-аят). Жомарт жан Алла үшін барын аямайды. Жақсы көретін дүниесінің ең жақсысынан құрбан шалып, садақа береді. Мұндай игі істі ыждағатпен орындаған адам міндетті түрде жақсылыққа кенеледі.

Ислам тарихынан белгілі, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қартайған шағында қаншама жыл күткен баласын құрбандыққа шалып жатқанын түсінде көреді. Бұл Раббысының әмірі екенін түсінген ол шынайы берілу, толық мойынсыну, Алланың нағыз досы екенін дәлелдеу ниетімен ауыр сынақ бола тұра үлкен құрбандық жасауға бел буады.

Алланың сынағынан сүрінбей өткен Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) көктен көк қошқар түсі­ріледі. Құрбан шалу рәсімі осы сәт­тен бас­тап мұсылман үмбеті үшін сүннет амал болып қалды. «Құрбан шалу – Ибраһим бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған мал­да­рыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар» деген хадистің мәні осында жатыр.

Адам баласы қажет кезде Алла жо­лын­да ең құнды нәрсесін қия білуі керек. Ибраһим пайғамбар (оған Алла­ның сәлемі болсын) үшін ең бағалы, ең құнды, ең сүйікті, жүрегімен жақсы көрген перзенті болса, соның өзін Алла үшін еш ойланбастан құрбандық ету­ге дайын болған еді. Алдында екі таң­дау тұрғанда еш қиналмастан Жарату­шы­сының разылығын таңдады. Біз бұдан Алланың разылығы ең жоғары құндылық екенін жіті түсінеміз.

Шын мәнінде, Алла біздің мал-мүл­кімізге, бала-шағамызға, атақ-абы­ройы­мызға, мансабымызға мұқтаж емес. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұяла­ған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делін­ген. Алла Тағала біздің шынайы ықы­ла­сымыздың дәрежесіне қарай мәрте­бемізді де жоғары көтереді. Өйткені тапқан табысының белгілі бір үлесін Алла жолына арнау үлкен жомарт­тық­ты қажет етеді. Бұл – сараң адам үшін ауыр амал. Тіпті Алла ондай адам­­дарға құрбандық жасау бақытын бұйыр­майды.

Құрбан шалу рәсімінің жеке адамға тигі­зер пайдасына келер болсақ, ең әуелі пенде бұл арқылы Аллаға жақын­дай түседі, тақуалығын арттырады. Құрбан шалу амалы адамның Аллаға деген шүкірін көбейтеді. Жүре­гі­міздегі Аллаға деген махабатты оятып, ықыласымызды арттыра түседі. Соны­мен қатар дүниеге деген сүйіс­пен­­­ші­лігімізді азайтады. Жүректі дүние­құ­мар­лықтан тазартады. Жүректі кір шалса ол жерге иман ұяламайтыны белгілі.

Шын мәнінде, Жаратушыға жақын­да­­та­тын амалдардың бірі – Алла жолында дүние жұмсау. Хақ Тағала жақ­сы­лық жолында шынайы ниетпен дүние жұмсаған адамның байлығына береке нәсіп етеді. Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) делінген.

Құрбан шалудың қоғамға тигізер пайдасы да ұшан-теңіз. Сол үшін асыл дініміз жағдайы келген мұсылманға құрбан шалуды міндеттеген. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың сала­уаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шал­маған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» деп қатаң ес­керткен. Иә, байдың малында кедейдің ақысы бар. Қара суды қанағат тұтып жүрген жандар мейрам күндері ет жеп, мәз-мәйрам күй кешеді.

Құрбан айт – бай мен кедейдің арасына мейірімділік сезімдерін сыйлайтын сәт. Расында айт – ағайын арасын жақын­дастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубе­ге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күн­дері барша мұсылман құрбан шалу­мен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разы­лы­ғына, рақымына жақындай түседі.

Жаратушыға иман келтірген үмбет­тің әрбір ғибадаты, құлшы­лы­ғы, тір­шілігі Алла Тағалаға бой­сұну­шы­лық­­­қа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрім­­нің Әнғам сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін деп айт». Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау арқылы болады.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін таныған адамға да, танымаған жанға да ас беруге, оған қайырымдылық жасауға үндеген. Құрбан айт ренжіскен кісілердің көңілін жібітеді. Құрбан айт қоғамда әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Құрбан айт мейрамы кезінде жомарт жандардың көмегінің арқасында мыңдаған тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға, жалғыз басты ана­ларға, жалпы көмекке мұқтаж жан­дарға құрбандық етін үлестіріп келеді. Имамдарымыз Құрбан айт күндері қоғамға қайырымдылық істерді дәріп­теуге барынша үлес қосуда.

Осы ретте еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адам­гершілік құндылықтарды қалып­тас­тыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Алла Тағала еліміз бен жерімізге бере­­кесін жаудырып, шалған құрбан­­дық­тарымызды, берген садақа­ла­ры­мызды, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істерімізді қабыл еткей.

Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти