Ауыл • 15 Маусым, 2024

Жемшөптің жай-жапсары

76 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайсыбір жылы еліміздің батыс өңірінде қуаңшылық болып, оңтүстіктен пойызбен шөп тасуға тура келді. Былтыр қыста Ұлытау облысында жылқы жұтқа ұшырап, қырылып қалды. Қанша жылқы өлді? Мұның нақты санын ешкім де білмейді. Екі жағдай да табиғат тілімен шаруаларға «мал ұстағың келеді екен, ендеше оның жемшөп жайын да ойластыр» дегенді сездірді.

Жемшөптің жай-жапсары

Облыста жемшөппен қамта­ма­сыз ету бойынша қамқорлық жоқ деп айта алмаймыз. Былтыр 2 000 шаруа қожалығына мал шаруа­шылығын дамытуға 2 млрд 542,5 млн теңге субсидия ұсынылған. Осының 1 млрд 400 млн теңгесі 1 000 шаруаға жемшөп үшін беріліпті. Бірақ «балық аулап берме, қармақ ұстауды үйрет» де­мек­ші, жемшөп қорын жасауға сырт­тан сатып алу жолымен емес, өсімдік шаруашылығын дамыту арқылы қол жеткізу маңызды бол­мақ. Әттеген-айы облыста бұған бел шеше кіріскен шаруа қожа­лық­тары әзірге аздау. Өткен жылы өсімдік шаруашылығын дамытуды субсидиялауға бар-жоғы 18,2 млн теңге бөлінгеніне қарап, сондай ой түюге болады.

Жемшөп мәселесін шешудің ең тиімді жолы – өңірде суармалы алқапты дамыту. Бұл орайда соңғы технологияларды пайдалана отырып суды жаңбырлатып суғару арқылы үнемді, тиімді пайдалану қажет. Мұның жарқын мысалын Жаңаарқа ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығының тәжіри­бе­сі­нен көруге болады. Қожалық басшысы Төлеген Жаманов – «мал ұстау үшін жем­шөбің да­йын тұрсын» дейтін ұста­ным­ды басшылыққа ал­ған азамат.

Ол мал азығының қорын өз күшімен дайындауға 2019 жылдан бастап кіріскен. Қазір мол тәжірибе жиды. Сол жылы алғаш рет 155 гектарға аталық шөп, 100 гектарға арпа егіп көрді. Нәтижесі көңіл қуантты. Содан бері мал шаруашылығына қоса өсімдік шаруашылығын да дамытуды қолға алған Төлегеннің жемшөп базасын дайындаудағы тәжірибесі көпке үлгі болғандай. Ол өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен барабанды үлгідегі жаңбырлатқыш қондырғы сатып алды. Қондырғы құнының 50 па­йызын субсидия жолымен мемлекет кері қайтарып берді. 2023 жылы алғаш рет жоңышқа егіп, жыл бойына екі рет орым жасады. Былтыр 16 гектарға еккен болса, биыл аумағын кеңейте түсті.

Жемшөбі өзінен болғасын малды да соған қарай шақтап, есептеп өсіріп отыр. Алғашында 60 бас герефорд тайыншасын сатып алып шаруашылық құрған Төлегеннің қорасында қазір аналықтың өзі 100-ге жетті. Төңірегіндегі шаруа қожалықтарына асыл тұқымды бұқаларын сатып, олардың да малдануына септігін тигізіп отыр.

«Мал өсір, бірақ оның жағ­дайын да ойла. Қора-қопсың сай болсын, жемшөбің жеткілікті болсын. Осыны күнілгері ойласаң, ісің оңға басады. Мұны ата-бабамыз «Мал баққанға бітеді» деген бірауыз өсиетке сыйдырып кеткен», дейді Төлеген.

Жалқыны мысал еттік, енді жалпыға қайта оралайық. Ұлытау – ауыл шарушылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы облыс. Әрине, жемшөп мәселесіне келгенде қиындық туын­дайтыны рас. Қазіргі кезде облыс шаруалары қажетті жемшөптің 30 пайызын көршілес Қызылорда, тіпті әріректегі Түркістан облыстарынан сатып алуға мәжбүр болып жүр. Ал кісідегінің кілті аспанда болатыны белгілі. Мемлекет тарапынан 400 гектар көлемінде суармалы алқапта шөп өсіретін шаруаға қажетті техникалар сатып алу, басқа да қажеттіліктер үшін 2,5 пайыз көлемінде жеңілдікпен несие беріледі. Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Өкінішке қарай, шаруалардың көбі осындай мүмкіндіктің барынан бейхабар болуы да ғажап емес. Түсіндіру жұмыстарына мән берілмейтіні өкінішті-ақ.

Жыл соңына таман облыс бюд­жетінен жемшөп өндірісін дамы­туға арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру мақсатында 500 млн теңге бөлінді. Қазір сол қаржының 210,5 млн теңгесіне ауыл шаруашылығына қажетті техникалар, қосалқы жаб­дық­тар сатып алынған көрінеді. Бұл облыс­та жемшөп өндірісін да­мытудағы оң бетбұрыстың қа­лып­тасып келе жатқанын айғақ­тайды. Егер шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникасын лизинг бойынша алғысы келсе, бұған да мүмкіндік жасалған. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінді. 2024 жылға республикалық бюджеттен инвестициялық жоба­ларды қаржыландыруға 3,0 млрд теңгенің қарастырылуы да бағ­дарлама аясында суармалы егін­мен айналысуға мүмкіндік туғызады.

 

Ұлытау облысы