Мектеп • 18 Маусым, 2024

Үздік ауыл мектебі

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аудандағы қарапайым ауыл мектебі республикадағы үздік он мектептің қатарынан табылды. 1997 жылы маңғыстаулық ғалым, филология ғылымының докторы Мекерия Атымовтың есімін иеленген мектеп 1992 жылы пайдалануға берілген. Осы жылдар ішінде жан-жақты даму жолын таңдап, еліміздің білімді ұл-қыздарын тәрбиелеу жолында тынымсыз ізденіс үстінде келеді. Біз әңгіме қылып отырған Маңғыстау ауданындағы М.Атымов атындағы №6 мектептің еліміздегі ең үздік ауыл мектептерінің тізіміне енуі де осы ізденістің, темірдей тәртіп пен тегеурінді талаптың нәтижесі.

Үздік ауыл мектебі

Қазіргі таңда аталған мектеп қа­быр­ғасында 1-11 сыныптар бойынша 604 оқушыға 86 педагог білім береді. 3 мұ­ғалім магистр, 77 мұғалім жоғары білімді, 6 мұғалім-арнаулы орта білімді десек, оның ішінде 23 мұғалім педагог-зерттеуші, 18 оқытушы педагог-сарапшы, педагог-модератор санатында 19 мұғалім бар.

 – Мектебіміздің республика бойын­ша «Үздік ауыл мектебі» қатарына қо­сылуы біз үшін үлкен жетістік және өте қуа­нышты жаңалық. Мектебіміздің тарихында алғашқы рет осындай жетіс­тікке қол жеткіздік. Оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін жаңа талап тұрғысынан оңтайландырып, әрі қарай жұмыс істей береміз. Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі. Бұл жетістік біз­ге шабыт сыйлады. Әрі қарай еңбек ету­ге жігерлендірді. Мектебімізде әлі де талай дарынды оқушыларымыз бар. Солар­ға зор үміт артамыз, – деген М.Аты­мов атындағы №6 жалпы білім беретін ­мектеп директоры Айтбибі Ұлықма­нова мектептің айтарлықтай жетістікке ­же­туі­не бірден-бір себепші болып отыр­ған ұстаз деп әріптесі Алмажан Құра­­шова Өтесбайқызына алғысын жеткізді. 

М.Атымов атындағы орта мектеп оқушыларының сайыстан жүлдесіз оралуы сирек. Бірқатарына тоқталсақ, ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасының» облыстық кезеңінде орыс тілі пәні бойынша 10-сынып оқушысы Жанбота Мақсат 3-орын алып, қола медаль иегері атан­ған. Ал қазақ тілі  пәні бойынша 10-сынып оқушысы Дидар Биғали 3-орын, қола медаль иегері, физика пәнінен 9-сы­нып оқушысы Назипа Жолдас 4-орын дипломымен марапатталған. Сондай-ақ 2023-2024 оқу жылы бойынша ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасы­ның» республикалық кезеңі бойынша қа­зақ тілі пәнінен 1-орынды «Алтын алқа» иегері Нұрсәуле Жүсіп иеленіп, Халел Досмұхамедұлы атындағы педагогика­­­лық университетінің грантын ұтып алды. Осылайша, мектептің мақтанышы бол­ған Нұрсәуле биыл Ұлттық бірыңғай тес­тілеуден 137 балл жинап, облыс мақ­та­нышына айналды.

Терең білім беруді басты мақсат еткен М.Атымов атындағы орта мектептен ел болашағына білімді, білікті жастар дайындала береді деп сенеміз.

 

Маңғыстау облысы