Талбесік • 20 Маусым, 2024

Ителгі

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шәулі қырандардың ішінде лашын мен ителгіні үнемі томағалап ұстайды. Бұл қырандарды аң-құсқа салудың қолайлы мезеті: таңның атуы мен күннің көтерілу арасы, кешке қарай күннің еңкеюі мен батуының арасы, дейді кәнігі құсбегілер.

Ителгі

Саят құстары арасында бүркіттен кейінгі қыраны осы – ителгі. Оның үлкені алты тұтам, қана­тының ұзындығы жайғанда бір кез шамасындай болады. Өзге саят құстары сияқты бұл да үл­кен-кішілігіне қарай: ірі, тана, бұқа, шәулі деген төрт түрге бөлінсе, түс-тұқым жағы­нан қара тарлан, ақ тарлан және құ­ба тарлан деп үшке бөлінеді.

Қара тарлан ителгінің – сыртқы жүні қара қоңыр, бауыр жүні күйедей қара, бет қыл­шығы қара, көзінің алдына түс­кен қарасы желкесіне ойыса айналып, аламойнақтанып тұрады. Құйрығының үстінде ақ танадай теңбілі болады.

Ақ тарлан ителгінің – сырт­­қы жүні құбақан, бауыр жүні ақшыл болады. Қанат құйры­ғындағы теңбілдері ақ шұ­бар, бет қыл­шы­ғы ақ келеді, ерек­шелігі ала­мойнағы болмайды.

Құба тарлан ителгінің – сырт­қы жүні құбақан қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар тұрымтай жүндес, аламойнағы көмескі келеді. Бұл үш тұқым­ның бәрі де қыран болады.

Қазақ құсбегілері басы үлкен, тұм­сығы жебелі, кеудесі кең әрі қайқы, мойны ұзындау, аяғы салалы, көзінің шарасы үлкен ителгіні қыран деп есеп­тей­ді. Ителгі қырандығына бай­­ланыс­ты: «Жылаулы текті», «Тілеген текті», «Сең­сең затты», «Қара сұңқар текті» деп бөлінеді.

Жылаулы текті ителгінің – екі көзінің алдында суаттанып тұратын қара жағалы болады. Өзі ашқарақ қомағай, шабытқа ұшқанша, жем жегенше шыдамсыздық танытады, үнемі шақырып отырады.

Тілеген текті ителгінің сипаты – жылдам ұшады әрі се­зімтал келеді. Қонған жерінде көп отырмайды, ұдайы шабыт тілеп ерінбей ұшып жүреді.

Сеңсең заты ителгі – денесі ірі әрі мойны жуан, тұмсықты, жүндес келеді. Бұл ұшып-қона бермейді, бірақ әлді болады.

Қара сұңқар текті ителгі – жү­ні тығыз, мойны ұзын, құй­рық-қанаты қай­ратты, қара тіл, лашын бітімді, ұзын құй­рық, қайшы қа­натты болады. Жоғарыдағы қа­ра тарлан ител­гі дегені­міз осы құс. Басты ерек­шелігі – талмай ұшады, олжасын қажымай алады. Жалпы айт­қанда, ителгі – баулуға кө­німді, түлек талғамайтын құс.