Ең қысқа әңгіме • 21 Маусым, 2024

Торғайын қорғаған Талап

47 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаланың қақ ортасындағы Көкшетау қонақ үйінің аула­сында жазғы дәмхана ашылыпты. Түс әлпетінде әріптесім барып қай­тайық деген ұсыныс жасады. Айтуына қарағанда, қаба сақал кавказдықтың басатын палауы тіпті ерекше.

Торғайын қорғаған Талап

– Біздің үйдегі замандасыңның пісірген палауы палау ма тәйірі, – деп өзеуреді әріптесім, – әншейін күріш ботқасы ғой. Ал жазғы дәмханадағы палаудың дәмі тіл үйіретін көрінеді.

Жақсыны көрмек үшін деп бардық. Түс мезгілі болса да адам көп емес екен. Дәмхананың иесі ренжитін жағдайға біз қуанып қалдық. Мақтаулы палауынан алып бос үстелдің біреуіне жайғастық. Асты алдымызға енді ала бергенде торғайлардың қаптап кеткені. Енді байқадым, қала ішінде ауыздарына ілігер азық таппай үйір-үйір болып көшіп жүретін торғай біткен жазғы дәмхананы паналапты. Көрші үстелде отырған бозбала мен бойжеткен алдарындағы нанның қиқымын үгітіп, еденге шашып отыр. Осы жерден адам қолынан азық жеп дәніккен торғайлар тіпті үркетін емес. Кішкентай бастарын қылтың-қылтың еткізіп екеу-үшеуі біздің дастарқанға да қонды. Бізді де ел деп келіп тұр ғой деп ырымын жасадық. Ас ішіп болғанша шыдасақ нетті. Әлгіндей болмай қалың торғай қаптады да кетті. Әлде шиқылдап бірін-бірі шақырды ма екен, шақырмады ма екен кім білсін. Көрші үстелде ас ішіп отырған әлдебіреу палау басатын кавказдыққа өкпесін білдіріп жатыр.

– Мына торғайларың адамға тамақ іштірмейді ғой тәйірі, – деді ол, – бұдан былай табалдырықтарыңды аттамас­пын.

Қонағының қабағына қараған кавказдық бармақ басындай кішкентай торғайға дәу ожауын ала ұмтылды. Шырылдай шиқылдап тамақ дәметкен байғұсты бір ұрып жапырып тастамақ. Дәл осы кезде 7-8 жасар бала аспаздың білегіне жармасты.

– Тимеңіз, торғайға! – деді өрікпіген үнмен.

Әңгіменің байыбына бара алмай жайбарақат отыр едік, әлгі баланың әлде әкесі, бәлкім ағасы ма екен, егде жігіт көлденеңнен киліге кетті. Бармақ басындай торғайды таптап тастамақ болған кавказдықтың сыбағасын беріп жатыр. Қарап отыра алмай, екі көзі жайнап тұрған балақайды қасымызға шақырдық.

– Атың кім, құлыным? – дедік біз.

– Талаппын, – деді кішкентай бала, – анау ағай жазықсыз торғайды неге өлтірмек? Біздің даланың торғайы ғой.

Сонда барып баланың шын ниеті санамызға жеткені. Шіркін-ай, бала біткеннің бәрі өз елінің, өз жерінің торғай екеш торғайын қорғайтын Талаптай болса ғой, шіркін!

 

Көкшетау