Руханият • 21 Маусым, 2024

Тектіден текті туса игі, ата жолын қуса игі

1455 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ айтыс өнерінің «Алтын діңгегі» деп Мұхтар Әуезов баға берген Сүйінбай ақын қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:

Тектіден текті туса игі, ата жолын қуса игі

«Одан да ары шу дейін,

Ескен желдей гулейін.

Сарыарқаны жайлаған,

Желіге бие байлаған.

Мамадағы аттары,

Құлын тайдай ойнаған.

Ерегескен дұшпанын,

Алдына салып айдаған.

Сарыарқаны қыстаған,

Лашын да, сұңқар ұсаған.

Арқа деген жерімде,

Арғын деген елім бар»,

деп бір қайырып,

«Анау жатқан Арғыным,

Арғыным атқа қонғанда,

Кішкентай ғана қырғыз-ау,

Басыңнан сенің қарғыдым.

Арғын деген сансыз ел,

Мекен еткен қоныс қып,

Дүниенің жарымын.

Ешкім басып көрген жоқ,

Олардың қарқын арынын.

Жерге кіріп кетерсің,

Бұлардың бассаң тамырын»,

деп алтын әріппен әбіздеп, ба­­ғасын бе­ретін жері бар. Сү­йін­бай ақынның бұл сөзді айт­қанына екі ғасырға жа­қындады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазақ бекер айт­пағанын осыдан байқасақ болады.

Менің алдымда Астана қа­­ласының тұрғыны, зейнет­тегі полковник Рымбек қажы Қорабайұлының «Дара тұл­ғалар тағылымы» атты баба­ларына арнаған қалың кітабы жатыр. Қазақта тектілік деген сөз бар.Тектілік, адам бо­­­­йындағы асыл да ұлы қа­­сиет­­терінің көркем мінез па­ра­саттылығының ұрпақ­тан-ұр­паққа рухани сабақтас­тық­пен жалғасуы, яғни адам ба­ласында кездейсоқ қалып­тас­­пайтын ата-бабалардан жал­­ғаса беретін ұлы қасиет десек, қателеспейміз. Рыкең бір сөзінде, Шаншардың бір баласы Нұр­бикеден – Тілеуке, Бертіс туады. Бертіс бабасының биыл 390 жылдығы екенін айта келіп, бабам жай Бертіс емес, хан Бер­тіс. Жалпы, біздің елде ол кісіні «Қар­қаралы хан Бертіс» деп біледі. Шан­­шардың баласы, Қазыбектің әкесі Келдібекпен қатар тұрған ірі тұлға дегені бар еді.

Арғын тайпасының Бес Мей­рам тобының Қаракесек руынан Ақша — Бошан – Таз – Бұлбұл – Шаншар тарайды екен. Біз айтқалы отырған Бертістің арғы бабасы Шаншар Бұлбұлұлы ХVІ-ХVІІ ғасырдың боз даласы бусанған, қан қасап жойқын соғыс топалаңында қазақ елінің, халықтың бірл­і­гін сақтауда хандығы мен мем­лекеттігінің нығаюына өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбек етіпті. 1613-1627 жылдары Ташкент тағына отырған Жалым ұлы Тұрсын хан он төрт жылдай билік құрады. Жалым сұлтан Қасым ханның ұлы болатын. Шаншардың әкесі Бұлбұл ба­тыр осы Жалым сұлтанның бас сардары болғандығы айты­лады. Бұлбұл батырдың екі баласының бірі Шаншар Есім ханның тұсында Түркістан жұртын Есімнің маңына топ­тас­тыруда үлкен еңбек сіңі­ріп,Тұрсын ханмен жанжалдасуына жол бермеген данагөй ғұлама делінеді. Орта жүзде аса беделді, билігі де, сөзі де өтіп тұрған би, келе-келе «Шан­шар абыз» атанған та­рихи тұлға болғандығын жазады ғалымдар.

Шаншар абыздан —Кел­дібек, Бер­тіс, Қаз дауыс­ты Қа­зыбек, Бекболат, Ал­шынбай, Еспенбет тәрізді елге бел­гілі билер мен аты алты алашқа мәлім мәмілегер бектер тарайды екен. Қазақ­тың ұлттық күй, ән өнеріне үлкен олжа салған, бабасына арнайы «Бертіс» атты күй шығарған Тәттімбет, Мәди, Айт­бай, Балта, Ғаббас тәрізді өнер майтал­мандарының шық­қандығын да айтуымыз ләзім.

Бұл әулет турасынан қа­лам тарпаған жазушы, зерт­теушілер кемде кем сияқты. «Шаншар абыз Бұлбұлұлы» деген кө­лемді мақалаға көзім түсті. «Ел ішінде хан Бертіс деген сөз бар. Бұл Бертіс хан болды деген емес, қарадан хан қоймайды. «Бертіс он жеті ұлды Бертіс атанған. Он жеті ұлы ат арқасына мініп, соңынан ерген соң жалғанның жарты пәлесі болған, басына құстың қауырсынын қадап алып «Қарқаралы хан Бертіс» атанса керек. Ташкентті шабуға қатысып, сонда билік құрады. Мұны Бұқар ханы естіп, со­ғы­суға келгенде Бертіс Бұқар ханына:

Он жеті ұлым бар, сен түгілі Құдайдың да өкпесі қабынып, алса да зорға алар, – депті. Сон­да Бұқар ханы:

Мынау Құдайдан да қо­рық­паған екен. Құдайдан қо­рықпағаннан қорық деп еді, – деп қайтып кетіпті» деседі.

Бертіс Ташкентті билеген, Ташкентті билеуші қашанда хан болған. Басына құстың қауырсынын қадап алып жүр­ген. Өйткені оның сүйегі қара еді. Соған орай басына мұрақ, болмаса тәж кие алмайтын еді. «Қарқаралы хан Бертіс» атанған себебі Бертіс кешегі қатағанның тұқымына сенбеген. Соған орай жан-жағын, хан күзетін Қарқаралы жақсымдарынан жасақтаған. Жан-жағын діріл­деткен Бұқар ханының өзі Бертіспен соғысудан бас тартып тұр. Қарт тарих шындықты айтса, Тұрсын, Есімхандар қатар жүріп, Бұқар хандығын әупірімдеп жүріп тізерлеткен. Бұл ма­қаланы жазудағы мақ­сат біреуді мұқа­ту емес, аруақ­тарды алқау еді – деп қоры­тын­дылайды сөзін жазушы С­ерік Сексенов.

Әрине ел аузынан жеткен дерек деген күннің өзінде, жел тұрмаса шөптің басы қи­мылдамайтынындай бұл мәліметтерді қабылдауымызға тура келеді.

Шаншар әулетінен шыққан тұлғалар­дың елдің ел болуы, мемлекеттілігіміздің болашағы жолында жанын сала қызмет еткен ірі тұлғалар шыққаны хақ. Осы сәтте Абылай ханның кеңесшісі, көмекей әулие атан­ған Бұқар жыраудың Абылайға айтатын Мадақ жырынан мына бір сөзі есіме оралды.

«Кейі батыр кейі би,

Үйсіннен шыққан Төле би,

Бар қазаққа төбе би.

Қаз дауысты Қазыбек,

Керейде батыр Жәнібек.

Кіші жүзде Әйтеке,

Сіргелі қара Тілеуке» –

деп біраз батырларды тізбектеп келіп,

«Қазақтың байтақ жері үшін,

Жауда кеткен кегі үшін.

Асыл туған тегі үшін,

Билері мен бегі үшін.

Енесі мен тайы үшін,

Таулары мен сайы үшін.

Бетегелі белі үшін,

Айнадай мөлдір көлі үшін.

Көн садақты асынып,

Қалмақты қудың қашырып.

Сонда сенің бағыңа,

Құт қондырған тағыңа,

Тәңірім берді артық сый»,

деп жалғастырып әкетеді. Адам­ның делебесін қоздырып, рухын көтеретін неткен асыл сөздер десеңізші. Бұл сөздің де айтылғанына үш жарым ғасырдан асып тұр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», деп ғұламаларымыз да бекер айтпаған ғой.

Қоңыраулы құба нардай көш бастаған бабамыздың біреу батырлығын жазса, енді біреуі шешендігіне тоқталады: «Бертіс би (Бердібек) Шаншарұлы (1633-1707ж.ж) Сырдария бо­йында туып, өмірін Қара­тау,Түркістан,Ташкент, Балқаш пен Қарқаралы маңында билік құрып, ел басқарып өткізсе керек. Жасы үлкен Бертіс Кел­дібек бидің ағасы, Қаз дауысты Қазы­бектің тәлімгері, ержүрек батыр, қара сөзде ешкімге дес бер­меген шешен, аузын айға білеген ақын болған екен. Қазақ халқының басына түскен ХVІІ ғасырдағы жоңғар-қазақ соғысы кезеңіндегі нәубет жылдары Бертіс би елін қорғау жолында тұтқынға да түскен. Ертеде Сарыарқа жерінде бір даулы оқиға болады. Би-шешендер сөз сайысы бірнеше күнге созылып, ешқандай мә­мі­леге келе алмайды. Осы дау үстіне қара қылды қақ жарған әділ­дігімен әйгілі Бертіс келіпті. Екі жақ әділ төрелігін ай­туды Бертіс биден өтініпті. Сонда Бертіс би:

«Қызыл тілде сүйек жоқ,

Жалтыр көлде құрақ жоқ.

Әділетті еске алмай,

Сылдыр сөзде тұрақ жоқ.

Әділетті ойламай,

Құрғақ сөзбен

Көпірген елде бірлік жоқ.

Мен сіздерге не айтайын?

Әркім өз көргенін айтады.

Қасапшымен сөйлессең,

Ұстарасы мен қайрағын

айтады.

Жылқышыға жолықсаң,

Жүйрігі мен жорғасын

айтады.

Түйешіге жолықсаң,

Өркеші биік тайлағын

айтады.

Сиыршыға жолықсаң,

Шелектегі қаймағын айтады.

Қойшыға жолықсаң,

Қазан-қазан майын айтады.

Жаманменен сөйлессең,

Қайдағы жоқ,жайдағыны

айтады.

Ондайменен сөйлессең,

Көңіл жүдеп, бетің қайтады».

Ел болып ақылдасып, би­лікті ел­дің бірлігін ойлайтын биге берсең, ағайын­ның тір­­лігі сақталады. Ағайында бірлік болса, береке сонда. «Бе­ре­ке бесігі – ынтымақ», деп төре­лігін айтқан екен», деп-сөзін түйіндейді қарт журналист Нығмет Төкешов.

Осы тұста «Қарадан шық­қан хан атанып», өз әмірін зорлық-қаталдығымен та­ныт­қан «Арқаның қысы алты ай, Құнанбаймен жеті ай» деген сөзге ілінген Құнанбай қажының баласы Абайдың анасы Ұлжанның Қаракесек ішіндегі Бертіс тұқымынан шыққанын айтпасақ болмас. Ол тауып айтқыш сөзге шешен Тұрпанның қызы еді. Ғұлама Абайдың бұларға жиен екендігін, өлең сөздерге ерекше ынтық болуы, ақындық шешендік өнерді қадірлейтін мінез бала Абайға анасы­нан келгендігін де айта кетуі­міз лә­зім. Ш.Уәлиханов, Ш.Құ­дай­бер­діұлы, Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұрсынұлы, М.Әуе­зовтің ең­бек­терінен де Бертіс би туралы мә­ліметтерді кездестіруге болады. Бертіс би Шаншарұлы өзінің аманаты бойынша Түр­кістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген екен.

Міне, Бертіс би, Бұқар жырау, Сүйінбайлардың ұрпағына айтып кеткен ұлағатты сөз­дерінен ұлтжандылығын, елім деп соққан жүрегінің лүпі­лін сезуге болады. Бүгінде ауыз­бірлікті, ынтымақты ел болып, айрандай ұюдың орнына ақ­­сақалдарымыз, өткен ха­кім, ұлт жанашырлары, қай­раткерлеріміздің бойына кір жағу деген дертке шалдыққан жағдайы бар. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді», деген сөз осы бабаларымыздың өсиеті екендігін ұмытпасақ жарар еді.

 

Қошан МҰСТАФАҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист