Мәдениет • 25 Маусым, 2024

Өнер тұғырындағы тоқсан жыл

72 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Құдыс Қожамияров атын­дағы Республикалық мемле­кеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Тарихы терең, дәстүрі бай бірегей өнер ошағының айтулы мерейтойы аясында Алматыда музыкалық қойылымдардың I театр фес­тивалі бастау алды.

Өнер тұғырындағы тоқсан жыл

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен ұйымдастырыл­ған фестиваль апта бойы сахналық қойы­лымдарды, ғылыми конференцияны, лау­реаттарды анықтауды қам­ти отырып, мерекелік гала-концерт­ке ұла­са­ды. Ауқымды мәдени іс-шараның ашылу сал­танатында театр ұжымы өзі­­­нің ­­М.Әуе­зов атындағы қазақ ұлт­тық театрын­дағы, Республикалық мемле­кет­тік акаде­мия­лық корей театрындағы,  «Жаңа ғасыр» және «Алатау» дәстүрлі өнер театрында­ғы әріпестерімен бірге қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Жиында құттықтау сөз алған М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек пен ұйғыр театрының басшысы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Ділмұрат Бахаров торқалы той аясында тұңғыш рет өтіп отырған өнер мерекесіне байланысты жылы лебіз­дерін біл­діріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

в

Театр фойесін бойлай орын тепкен танымды көрмеге Қазақстан прези­денттік архивінен жанрдың сара жолын айшықтайтын тарихи құжаттар, құнды фотоматериалдар қойылды. Фести­вальдың «Анархан» музыкалық драма­сымен ашылуының символдық мәні бар. Дәл осы қойылыммен 1934 жылы театр шымылдығы түрілген. Мухитжан Изимовтің режиссерлығымен қойылған Ж.Асимов пен А.Садыровтың әсерлі туындысын көрермен зор ықыласпен   тамашалады. Одан соң өнерсүйер қауым­ның назарына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры Елік Нұр­сұл­танұлының режиссерлық етуімен Ғ.Мүсіреповтің аңызға айналған «Қыз Жібек» спектаклін ұсынды. Ертеңіне сахна төріне Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің шәкірттері­нен құралған «Жаңа ғасыр» театрының әртістері шығып, «Соңғы қоңырау» (А.Әшімов, Е.Тәшкенбай) поэтикалық дра­масын көрерменге тарту етті.

см

Фестиваль барысында «Қазақстанның ұйғыр театры әлемдік сахна өнерінің да­му мазмұнында» атты ғылыми конферен­ция жоғары деңгейде өтті. Алқалы жиында театрдың өткені мен бүгіні тілге тиек етіліп, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сый­­лығының иегері, ұлы композитор Құдыс Қожамияровтың өнерді дамытуға қос­қан үлесі айрықша аталды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Алимжан Тиливалди өнердің әрбір ха­лық­­тың рухани өсіп-өркендеуіндегі рө­ліне, оны нығайтудағы мәдени іс-шара­лардың маңызына тоқталды. Ұйғыр музыкалық комедия театрының әде­биет бөлі­мінің меңгерушісі Гульбахар Насирова «Құд­дыс Қожамияров және ұйғыр театры», өнертану докторы, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академия­сы­ның профессоры Нұрпейіс Бақыт «Ұйғыр ­театр өнерін зерттеу­дегі Ахмет­жан Қады­ров еңбектерінің маңызы», өнер­тану канди­даты, доцент, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Мұқан Аман­келді «Ұйғыр театры және режиссер Қадыр Жетпіс­баев шығармашы­лығы», мәде­ниет­тану ғылымдарының канди­даты, «Duniya-art» заманауи өнер галереясы­­­ның президенті Акимжан Гулиев «Уйгур­­с­кий театр и художники», өнертану магистрі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­­тық өнер академиясының аға оқыту­­шы­сы Айжан Ахмет «Ұйғыр театрының бүгінгі келбеті», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  «Театр өне­рінің тарихы мен теориясы» кафед­расының меңгерушісі, профессор, театр­ сыншысы Анар Еркебай «Ұйғыр театры­ның тарихы мен бүгінгі бағыт бағдары» тақырыбында баяндама жасады.

апр

Ұйғыр халқының әлемдегі бірден-бір кәсіби театры ресми түрде 1934 жылы қыркүйек айында көрермен үшін өз есігін ашты. Бүгінгі таңда драмалық труппадан басқа театрда «Нава» фольклорлық ансамблі, «Сада» жастар эстрадалық ансамблі және «Рухсара» би ансамблі жемісті жұмыс істеп келеді. 1984 жылы ­театр қазақстандық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай театр­ға академия­лық мәртебе берілді. 2021 жылы Үкімет тарапынан бөлінген қаржыға театрдың сахнасы толық қайта жөнде­ліп, заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл мәдениет қыз­меткерлері күніне орай Мемлекет бас­шысы бірқатар театр қызметкеріне «Құрмет» орденін табыс етті.

Тоқсан жылдық тарихында театр ТМД және Түркия, Мажарстан, Финлян­дия, Германия, Египет, Қытай, Румыния, Болгария, Пәкістан және Португа­лия елдерінде халықаралық фестивальдар мен гастрольдік сапарларға белсенді қа­тысып, әлемдік аренада отандық өнерді кеңінен насихаттады. Биыл театрдың 90 жылдығы аясында Мәдениет және ақпа­рат министрлігі, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы­­ның  «Түрксой» қолдауымен Ұйғыр театры­ ұжымы сәуірдің 21-28 аралығында Түр­кия елінің астанасы Анкарада «Мах­мұд Қашқари» атты тарихи драмамен гас­троль­дік сапарда болды. Түркі әлемі­нің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өрке­нін өсірген ғұлама Махмұд Қашқари тура­лы спектакльді Анкара көрермендері ­ерек­­­ше зейінмен қабылдады.

Көпұлтты еліміздің тұрлаулы өне­рін тек халқымызға ғана емес, сонымен қатар әлем жұртшылығына таныстыру арқылы мәдениеттің дамуына өзіндік үлесін қо­сып келе жатқан ұжымның бұл бағытта қол жеткізген табыстары аз емес. Ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен сегіз өнер саң­лағы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері» атағымен марапатталған. Бүгінде театр «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие майталмандарымен қа­тар талабы таудай талантты жастарымен ­де танымал.