Оқиға • 25 Маусым, 2024

«Қызын өлтіріп, суицид жасаған»: Оқиғанын жай-жапсары белгілі болды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында қызын тұншықтырып өлтіріп, кейін саябақтағы аттракционнан секіріп кеткен әйел туралы ақпарат тараған еді. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты тың дерек жарияланды,  деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қызын өлтіріп, суицид жасаған»: Оқиғанын жай-жапсары белгілі болды

Фото: peakpx

Іле ауданы білім бөлімінің мәліметінше, бұған дейін отбасы есепте тұрмаған.

«Отбасында балаларға зорлық-зомбылық көрсету туралы ешқандай дерек тіркелмеген. Әдетте анасы мен әкесі бірге тұрмайтын немесе балалары бөлек тұратын отбасылар туралы ақпаратты жинақтаймыз. Бұл отбасы есепте тұрмаған», деді Іле ауданының білім бөлімінің сектор меңгерушісі Махаббат Бишанғалиева.

Бұл ретте ауыл әкімі 5 жасар қыздың даун синдромына шалдыққанын растады. Қыздың әкесі IT маманы болып жұмыс істеген-мыс. Көршілері олардың қарапайым отбасы болғанын алға тартты.

«2018 жылы туған қыз әлі мектепке бармаған, ол Алматының Түрксіб ауданындағы жекеменшік балабақшаның мектепалды даярлық тобына барған еді», деп қосты білім бөлімінің өкілі.

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, 41 жастағы әйел өзіне қол салар алдында Алматыда тұратын әпкесіне барып, қызына жасаған әрекетін мойындаған. Содан кейін ол пәтерден шығып, Алматының Орталық демалыс саябағына бет алған көрінеді. Шамалы уақыттан кейін келіншек аттракционнан секіріп кеткені белгілі болды.

Алматы облысы прокуратурасының хабарлауынша, бүлдіршіннің өліміне қатысты ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмейді.