Білім • 27 Маусым, 2024

Колледждерге құжат қабылдау басталды

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау бас­талды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Колледждерге құжат қабылдау басталды

Министрліктің хабарлауынша, абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен өтінім бере алады. Оның біріншісі – дәстүрлі, яғни қағаз түрінде тапсыру, екіншісі – egov.kz порталы арқылы электронды нысанда өтінім қалдыру. Бірінші тәсілмен 25 маусымнан, egov.kz порталы арқылы 1 шілдеден бастап құжат өткізуге болады.

Талапкерлердің біліміне қарай да құжат қабылдау мерзімі әртүрлі. Дәлірек айтқанда, негізгі білім алған 9-сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал негізгі орта білім алған 11-сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады.

Осыған қоса құжат қабылдауда кейбір мамандықтарға да белгіленген нақты мерзім бар. Мысалы, шығар­машылық мамандықтар бойынша 25 маусымнан 20 шілдеге дейін; педа­гогикалық және медициналық маман­дықтар бойынша 25 маусымнан 15 тамызға дейін құжат қабылданады.

Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер үшін оқуға қабылдау аттестаттың орташа балы негізінде жүргізіледі. Бағалап бөлу міндетті және бейінді пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Ал жұ­мысшы мамандығына түсетін түлек­тер әңгімелесу қорытындысы бо­йынша қабылданады.

Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді. Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде – 2 тамыз аралығында өтеді.

Айта кету керек, талапкерлер құжа­тын бірден 4 колледжге 4 маман­дық бойынша тапсыра алады. Биыл мем­лекеттік білім беру тапсырысы бойын­ша барлығы 145 мың абитуриентті оқуға қабылдау жоспарланған, бұл өткен жылдан 10 мың орынға артық.