Саясат • 28 Маусым, 2024

Халық үмітін ақтау – «Amanat»-тың басты парызы

52 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «Amanat» фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылады.

Халық үмітін ақтау – «Amanat»-тың басты парызы

Сөз басында Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов «Amanat» парламенттік көпшілік партия ретінде Мемлекет басшысына Премьер-министр­дің кандидатурасын ұсынғанын және Үкімет құрамын жасақтауға тікелей атсалысқанын еске салды. Сондықтан «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарла­масының сапалы орындалуы – партияның, депутаттық корпустың және Үкіметтің ортақ жауапкершілігі.

«Сайлауалды бағдарлама – біздің бас­ты құжатымыз. Бұл – ел дамуына дауыс берген миллиондаған отандасымыздың сенімі. Сондықтан халықтың үмітін ақтап, осы уәделерді орындау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есе арттыру міндетін қойды. Мұның бәрі партияның сайлауалды бағдарламасында және бекітілген Жол картасында көзделген. Үкіметпен де келісілген. Бұған салалық министрліктер мен фракция мүшелері тікелей жауап береді», деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар партия төрағасы партияның сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасын жүзеге асырудағы оң динамикаға назар аударды. Мәселен, тұрғын үй қолжетімділігін арттыру үшін 2023 жылы елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол картасы бойынша 15,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген болатын. «Жер аманаты» жобасы аясында 10 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы баяндады. Ол экономиканы дамыту, бизнесті, ауыл шаруашылығын, өндірісті қолдау, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жақсарту, жұмыспен қамту мәселелерін шешу, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуы және өзге де маңызды бағыттар бойынша қабылданған шараларға егжей-тегжей тоқталды.

«Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттің 40%-дан астам қаражаты бөлінеді. Мәсе­лен, былтырдан бастап атаулы әлеумет­тік көмек шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгіленді. 2023 жылы бұл төлемді 186,8 мың бала алды. Бұған қоса биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 65%-ға, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-на дейін ұлғайтылды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан ТМД елдері арасында ең жоғары орташа зейнетақы мөлшеріне ие», деді Н.Байбазаров.

Сонымен қатар түрлі санаттағы азаматтардың: әскери қызметшілердің жалақысы – 50, төтенше жағдайлар қызмет­керлерінің жалақысы – 40, дәрігер­лердің еңбекақысы – 30, медицина қыз­меткерлерінің жалақысы – 20, мәде­ниет және архив ісі қызметкерлерінің еңбекақысы 20 пайызға өсті. Сонымен қатар былтыр 67 мың орындық 611 мектепке дейінгі мекеме және 137,8 мың орындық 165 мектеп ашылды. 473 мың жас азамат жұмысқа орналастырылды. Премьер-министрдің орынбасары тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына жеке тоқталды.

«Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысына «Самұрық-Қазынадан» алғаш рет 272 млрд теңге бөлінді, оның 40%-ы аудандық деңгейдегі тұрғын үй құрылысына арналған. Сондай-ақ биыл «Отбасы банк» желісі бойынша 20 мың отбасына 7-9% жеңілдікпен несие беру жоспарланған», деді Н.Байбазаров.

Премьер-министрдің орынбасары 2023 жылы шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің жалпы экспорты 35,6 млрд долларға жеткенін айтты. Ол сондай-ақ депутаттарды ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары туралы хабардар етті. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 89,9 млрд теңге сомасына 14,2 мың шағын несие берілді. Бұл қадам 15,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

«Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жергілікті жердегі партиялықтар жауапты мемлекеттік органдармен бірге сайлауалды уәделердің жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырып жатқанын атап өтті.

«Бүгінде салынып жатқан нысандарда 600-ден астам партиялық бақылау бекеттері орналастырылды. Оған 12 мыңнан астам партия мүшесі жұмылдырылды. Мәслихаттардағы партия фракцияларының жиындарында жергілікті атқарушы органдардың есебі тыңдалды. Сондай-ақ партиялық бақылау комитеті атқарған жұмыстар нәтижесінде сайлауалды бағдарламаны орындамағаны немесе тиісті деңгейде жүзеге асырмағаны үшін 36 партия мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылды», деді ол.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың кейбір пункттері бо­йынша, оның ішінде балабақшалар ашу, ағаш отырғызу, әлеуметтік жағдайы осал топтарға тұрғын үй беру және тағы басқа бағыттар бойынша артта қалушылық бар екеніне Үкімет мүшелерінің назарын аударды.

Жиынды қорытындылай келе, «Amanat» төрағасы фракция мүшелері мен министрлер Президенттің сайлауалды бағдарламасының жүйелі жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуі керек екенін атап өтті.

«Әр депутат өзінің сайлауалды уәде­лер блогін мұқият талдап, министр­ліктермен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Қажет болған жағдайда бюджетті қарау кезінде ұсыныстар енгізу керек. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Жол­дауларындағы нақты тапсырмалары, «Amanat» партиясының халыққа берген уәде­лері және Үкіметтің елді дамыту, азамат­тардың әл-ауқатын жақсарту жөнін­дегі міндеттемелері», деді Е.Қошанов.