Басылым • 28 Маусым, 2024

Әлемнің беделді басылымдары: Дәстүр жалғасады

89 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Интернет желісі дамығалы әлемде классикалық медиа кенжелеп қалды ма? Телевизия көрерменін, радио тыңдарманын, баспасөз оқырманын азайтып алды ма? Бұл – цифрлық медиажүйе дамығалы жиі қойылатын сұрақтар. Бір нәрсе анық. Әлемдегі классикалық журналистика жұмысын тоқтатқан жоқ. Есесіне жаңа технологияның мүмкіндігімен қайтадан жаңғырып, бәсекеге түсіп, «классикалық» деген ұғымға сай қызмет атқарып келеді. Болашақта да атқара бермек. Өйткені классика – мәңгілік, қазіргі сөзбен айтсақ ешқашан «трендтен» түспейді.

Әлемнің беделді басылымдары: Дәстүр жалғасады

Елімізде кейінгі жылдары ин­тернет-плат­форма ұсынатын бейне, аудио, жазба кон­тентін пайдаланушылардың саны күрт өскен. Аудитория дәстүрлі медиаға қарағанда гаджеттерге телміртетін медиа өнім­дерін қарауға құмар екені рас. Алай­да осы тенденциядан кейін телевизия, радио, газеттер оларға жол бермеу амал­дарын іздеді. Мәселен, Ұлттық медиа қауым­дастығының зерттеу нәти­же­леріне сүйенсек, 2019 жылы халық­тың 53 пайызы тұрақты түрде теледидар көрсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 47 пайызды құраған. Сонымен қатар 2019 жылы көрер­мен күніне 107 минутын теледидар алдын­да өткізетін болса, 2021 жылы бұл уақыт 88 минутқа дейін қысқарған. Ұлттық медиа қауымдастығы зерттеуді 100 мыңнан астам халқы бар елдің 22 қаласында жүргізген.

Ал 2023 жылы аталған мекеменің зерттеу нәтижесі тұрғындардың күніне 187 минут уақытын теледидар көруге арнайтынын көрсетті. Көршілес елдердің статистика­сын қарасақ, Өзбекстан халқы күніне – 185, Ре­сей 4 сағат қана теледидар көреді. Соны­мен қатар кейінгі екі жылда Қазақстанда 17 жасқа дейінгі телекөрермендердің саны айтарлықтай артқан. Мамандар мұны телеарналарда өндірілетін өнімдер сапасы­ның жоғарылауымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар халыққа сапалы контент ұсыну маңызды. Мысалы, ұлттық арна бас­шылығының мәліметінше, әсіресе COVID-19 пандемиясы мен қаңтар оқиғасы ке­зінде халық дұрыс мәлімет беретін ақ­парат көздеріне ғана сенгенін айтады. Осы кезде ұлттық арна жаңалықтарын көру­ші­лердің саны 13 млн-ға жеткен. Соны­мен қа­тар ұлттық арнаның тікелей эфирдегі ха­барлары 75%-ды құрайды. «Көрермен­нің қоңырау шалып, сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіруге мүмкіндігі бар. Ал ха­лықпен байланыс орнатудың бірден-бір жолы тікелей эфир екені белгілі. Осы­лайша, телевидение көрерменін сақтап қалды», дейді сала мамандары.

Баспасөздің де тиражы азайды. Қыз­метін қауырт бастаған кей газеттер қағаз нұсқасын тоқтатып, электронды фор­матқа көшті. Мұндай дағдарыс елімізге ғана емес, әлемдік БАҚ-қа да төнген «қауіп» болды. «Аялдамада, метрода адамдардың көбі отыра қалып газет, кітап оқиды екен», деп таңғалып жүрген АҚШ, Еуропада да баспасөздің қағаз нұсқасының саны қысқарды, веб-сайттары ғана жұмыс істеді. Бірақ газеттердің қатары азайғанымен оқырманын жоғалтып алған жоқ. Мәселен, әлемге танымал 173 жылдық (1851 жылдың 18 қыркүйегінен бастап жарыққа шықты) тарихы бар күнделікті «New York Times» газеті АҚШ-та тиражы жағынан «The Wall Street Journal» журналынан кейінгі екінші басылым. Күнделікті саны – 571 500, жексенбілік саны – 1 087 500 данамен шы­ғады. Сондай-ақ газеттің веб-сайты – 30 000 000 қаралымға дейін барады.

Баспасөздің беделі ешқашан түскен емес, өйткені газет сенсациядан аулақ, жарияланған материалдардың дұрыс­­тығына, шындығына әр кезде жауап бере алады. Редакция елде және шетелде бо­­лып жатқан барлық оқиғалар туралы а­қ­­паратты жариялауға және оларға ашық пікір білдіруге тырысады. Газеттің ұраны – «Барлық жаңалық басылым бетіне шығу­ға лайық» (All the News That’s Fit to Print). «New York Times» журналистік еңбек­­тің ең жоғары бағасы болып саналатын 117 Пулитцер сыйлығын жеңіп алды, осы санымен көш бастап тұр. Аталған сыйлық түрлі санаттағы журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. «New York Times»-тің қызметкері болу – кез келген америкалық журналистің арманы.

«New York Times» – жай ғана газет емес, басылымдар жиынтығы десе де болады. Онда елдің ішкі және халықара­лық ақпараттық жолақтарымен бірге іскер­лік, қаржы туралы күнделікті және апта сайынғы репортаждар, сыни пікірлер жарияланады. Газетте «Қалалық репортаж», «Іскерлік күн», «Ғылым», «Бір аптадағы әлем» секілді айдарлар күнделікті шығады. Газет үш негізгі бағыт бойынша топтасады: «Жаңалықтар», «Пікірлер» және «Фичерс».

Гонконг тұрғындары болса газет оқымай өмір сүре алмайтындар қатарында, алайда пандемия және цифрлық платформалардың жылдам өсуі электронды газеттердің айтарлықтай өсуіне әкелді. Мәселен, 2010 жылы баспа газеттері нарықтың шамамен 71,5 пайызын, веб-нұсқаның 28,5 пайызын иеленді. Ал 2019 жылға дейін бұл көрсеткіш 40% (баспа нұсқасы), 25,3% (веб-нұсқа) және 34,7% (мобильді нұсқа) болып өзгерді. Мұндай түбегейлі өзгеріс баспа газеттерінің енді жаңалықтар жаршысы емес екендігін білдірді. Жиырма пайыз газет веб-нұсқаға ауысты. Алайда «South China Morning Post» атты ағылшын тіліндегі газет қандай жағдай болмасын оқырманын сақтап қалды, тіпті олардың саны артты. Себебі газет жарыққа шыққаннан бастап халықтың сеніміне кіре білді. Біз білетіндей, газетке деген сенім – оқырман үшін маңызды, шешуші фактор. Барлық баспасөздің арасында «South China Morning Post» және «Ming Pao daily» ұзақ уақыт бойы Гонконгтағы ең көп оқылатын және табысы ең көп газеттің қатарында. Сонымен қатар «Headline daily» және «Standard» сынды ағылшын тіліндегі тегін газеттер халықтың сұранысына ие.

Дағдарыс кезінде оқырманын сақтап қалудың жолдарын қарастырып, жазы­лым арқылы кірісін еселеп отырған Ұлы­бри­танияның беделді газеттерінің бірі – «The Guardian».

«Ұлыбританиядағы ұлттық газеттердің 12 па­йызы жыл сайын құрылымдық құлды­рауға ұшырайды. Соған қарамастан біз газетке жазылуды тұрақты деңгейде ұстап отыр­мыз», деді «The Guardian» басылымы­ның директоры Милен Сильвестр Кочиде өткен Wan-ifra Үнді баспа саммитінде.

Ұлыбританиядағы жалпыұлттық газеттер күніне шамамен 3 миллион данамен шығады, «The Guardian» жылдық кірістің 25 пайызын құрайды. Милен Сильвестрдің айтуынша, электронды басылымдардан түскен табыс 33 пайызды құрайды. Ал газеттің баспа нұсқасының ай сайынғы аудиториясы 3,1 миллион адам. «Press Gazette» мәліметтері бойынша, «The Guardian» – Ұлыбританиядағы ең көп оқылатын жаңалықтар бренді, кросс-платформа, орташа есеппен айына 22,4 миллион оқырман жинайды. Өсу көрсеткішін арттыру үшін «The Guardian» соңғы бірнеше жылда өршіл стратегия жасады. Журналистік зерттеу, климаттық дағдарыс туралы тақырыптарды көп қозғауға тырысты. Жаһанды қамтуға назар аударды.

Баспа басылымдарына жазылу әрине, тираж санын тұрақтандыруға көмектеседі. Алайда Сильвестрдің айтуынша, баспа басылымдарын газет дүңгіршектеріндегі сатылымдардың мүмкіндігінше көп бөлігін жазылымға айналдыру арқылы абоненттік базаны кеңейтуге баса назар аударылады.

«Жазылым бізге кейінгі бірнеше жылда тираж санын тұрақтандыруға мүмкін­дік берді. Бұл бізге кірістерімізді бір қа­лыпқа түсіруге және сатылмаған тауар­лардың санын азайтуға жағдай жасады. Біз, әрине, баспа нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын жаңа өнімдерге инвестиция салдық», дейді ол. Қысқаша айтқанда, «The Guardian» баспа басылымдарына жазылушылар санын көбейтуге, жаңалықтарды бүкіл ел бойынша оқырманға бірінші болып жеткізуді кеңейтуге, газеттің баспа нұсқасын шығарудың жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге ден қойды.

«The Guardian» басшысының айтуын­ша, кейінгі 15 жылда Ұлыбритания­да газет­тердің таралымы жыл сайын 15 па­йызға қысқарды. Бірақ газет бірегей «Berliner» форматынан кең таралған таб­лоидтық фор­­матқа көшу арқылы бұл құл­дырауды ішінара жеңілдете алды. Бұл әдіс таралымды арттырды, газеттің қаржылық тұрақ­тылығын қамтамасыз етті. Газетке сенімді баға стратегиясын жасады.

Цифрландыру дәуірі дамып, одан соң бүкіләлемдік пандемия келіп, классикалық журналистиканың өркендеуіне біраз кедер­гі келтірді. Алайда әлемдегі бедел­ді басы­лымдардың мысалынан көріп отыр­ғаны­мыздай, оқырман, көрермен, тыңдар­манға ең қа­жеті – сенім. Аудиторияның сенген газе­ті де, теледидары да, радиосы да қан­дай дағда­рыс болмасын сұранысқа ие бо­лып қала береді. Әсіресе газеттер қай уақытта да өл­мек емес. Өйткені цифр­­лық газеттің нұс­қа­сы нағыз газеттің әсерін оқыр­манға жет­кізе алмайды. Жал­пы, классиканың ерек­ше­лігі де осында, ешқашан жоғалып кетпейді.