Оқиға • 28 Маусым, 2024

Сөз қадірін ұққан біледі

237 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен заманда арыдағы Алаш жұрты «оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес» деп кесімді сөзін келісті етіп айтқандығын жадымыздан шығармасақ керек-ті. Дарқан даланың даналығын бойына жинаған данышпан аталарымыз сөз өнерін ұлттық құндылық ретінде кейінгі ұрпағына мұра қылып қалдырған.

Сөз қадірін ұққан біледі

Жер мен жесір дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен бұрынғылар әз жаның­ды жазылмастай жаралайтын құдіреттің ­сөз екендігін және сол жарадан емдеп ­алатын күштің де сөз екендігін жақсы біл­ген. Сондықтан да сөйлеу парқына, қай жерде нені айтып, нені айтпау керек­тігін де санамен салмақтаған. Осыдан аттай қырық жыл бұрын журналистика­ның жалына жармасқанда сөз өнерін еркін меңгерген алдыңғы буын ағалары­мыз қолымызға қалам ұстатып отырып, әр сөзіңе айрықша мән бер, астары­на бүккен мағына-мазмұн кімге, қалай әсер ететіндігін бағамда, тауып айт­қан бір сөзіңмен жанын жадыратасың, жаңылып айтқан бір сөзіңмен жа­нын жаралайсың деуші еді.

Облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жазушы Жанайдар Мусин басшылық жасап тұрған кезде ре­дакцияда өтетін лездемелерде әр ма­қала бүге-шүгісіне дейін талданып, жазған сөзіміздің орынды, орынсызы қолмен қойғандай көрсетіліп, талданатын. Ол бір заман еді. Тіл ұстартқан ұста­хана «Мусиннің мектебі» деп аталатын. Бүгінгі күні біз осы ұстанымның үдесінен шыға алып жүрміз бе, әлде жоқ па? Мәселенің мәнісі дәл осы жерде жатқан тәрізді. Сөз ұстаған ел аға­сы­ның сөз саптауына қарап бағалай­тын едік қой. Көбік сөз түйдек-түйдек. Іші­нен кейде дәнін де таба алмай қала­сың. Еліне қорған, ұрпағына үлгі болған бұ­рын­ғының абыздарының сөзі тәлімді тәрбие, өрісті өнеге емес пе еді. Тұтас бір мектеп-тұғын. Міне, сол кезде сөз қадірі адамның өз қадірі болып есептелетін. Сөзін салмақтаған былайғы жұрт сөзі құнсыздың өзі құнсыз дер еді.

Бүгінгі таңда ақпараттар легі теңіз­дің ақбас толқынынша аласұрып-ақ тұр. Былайғы жұрт қай сөздің шын, қай сөз­дің жалған екенін бастан жақты айыр­ғандай етіп анықтай алмайтындай күйге түсті. Бұл сөзге деген жауапкершіліктің азайғандығын көрсететін шығар. Оның үстіне қуаты кеміген, сәулесі азайған.

Ілкі заманда көш бастаған көсем­дер, ел бастаған шешендер ұрпағын ас пен тойда аталы сөзімен тәрбиелеген. Бү­гін­­гі асқа, тойға барып көріңізші, асыра мақ­тау. Өзгені емес, өзін. Тыңдаған тәмам жұрттың түгелге жуығы ретсіз, жөн­­сіз сөзге күліп отырады. Қайран да қай­­ран сөз­дің қадірі кеткендігі сол емес пе? Сөз­ді тегін дүние көріп, әйтеуір сөйле­ген­­нің жөні осы екен деп қызыл қуырдақ қуы­ра берсе, талғам азайып, қадір кемімек.

Сөз – тәрбие құралы. Ата мен әже­нің әй дегенін ұғатын бала болса, кәне­ки. Қоғамдағы кейбір келеңсіз көрініс­ке куә болған кезде жетпей жатқан олқы­лық осы маңда деп ойлайтыным бар. Әріден ойлаған арыдағы атамыз «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегенді неге айтты дейсіз. Қазақ қоғамы үшін күрделі мәсе­леге айналған ұрпақ тәрбиесінде немере­нің басынан сипап отырып жетесіне хал­қымызбен бірге жасасып келе жат­қан ұлттық құндылықтарды сіңіретін ұла­ғат­ты аға буынның, ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әженің мейірім тұнған жүзін аңсайтыным бар кей-кейде.

Құнарсыз сөз көбейіп кетті деп ішімізден қан жылап отырып, өзіміз де ділмарсығанымыз жараспас. Сөз қадірі туралы әңгіменің түйінін осы жерден қайырғанымыз жөн.