Қоғам • 28 Маусым, 2024

Цифрлық журналистиканың салмағы

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Заманауи технологияның қарқынды дамуы бұқаралық ақпарат құралдарына да біршама өзгеріс әкелді. Еліміздің жоғары оқу орындарында ашылып жатқан цифрлық журналистика, медиа технология, цифрлық медиа сынды мамандықтарға түсетін студенттердің де қатары жыл сайын артып келеді.

Цифрлық журналистиканың салмағы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Демек аталған саланың ­түлек­те­рі­не қоғамда сұра­ныс жоғары. Ал осы ба­ғыт­та білім беретін оқу орындары маман даярлауда қандай жүйемен оқытады? Теория мен тәжірибе қан­шалықты ұштасқан? Сондай-ақ бұл цифрлық журналистиканың ерекшелігі қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында елордадағы Astana It University-не арнайы бар­ған едік.

IT саласында сапалы кадрларды даярлауға бағытталған бұл оқу ордасы 2019 жылы ашылса, цифрлық журналистика білім беру бағдарламасы 2020 жылы алғашқы студенттерін қабылдаған.  Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың студенттерге: «Білім беру тұрғысынан бұл университет білікті мамандар даярлайтын беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады», деген сөзі, бір жағынан, мемлекет жастардан үлкен үміт күтетінін, екінші жағынан, әлемде болып жатқан күрделі геосаяси жағдай ІТ саласына, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісіне жоғары талап қойылатынын білдіреді.

Аталған университетте журна­листикаға қатысты екі мамандық бар. Олар: Медиатехнология және Цифр­лық журналистика. Алғаш­қысы компьютерлік графика, кескінді өңдеу, машиналық оқыту сынды техникалық жағына жауап береді. Ал Цифрлық журналис­тика қазіргі еңбек нарығында сұ­ранысқа ие инновациялық тәжі­ри­бені меңгерген цифрлық медиа саласының  жоғары білікті кадрларын даярлауға бағытталған.

Креативті индустрия мектебінің аға оқытушысы Богдан Петровтың айтуынша, оқу таза ағылшын тілін­де әрі жеделдетілген (әдеттегі 4 жыл­­­дың орнына 3 жылда диплом алу­ға мүмкіндік беретін) форматта жүр­гізіледі.

«Бұл мамандыққа тек жүзден жүйрік деп танылған шын мық­тылар ғана түсе алады. Өйткені ұлттық бірыңғай тестілеуден бөлек, біздің  «Аstana it university excellence test» деген ішкі емтиханымыз бар. Оның өзі екі кезеңнен тұрады. Біріншісі  – шет тіліне қатысты сынақ. Өйткені үш жыл бойы оқыту тілі толық ағылшын тілінде өтеді. Сол себепті IELTS, TOEFL сынды тестілеулердің нәтижесі талап етіледі. Бұдан бөлек, бағдарламауға қа­тысты емтихан тағы бар. Себебі біздің әрбір студент ІТ негіздерін меңгеріп, заман талабына сай жан-жақты маман болуға тиіс», дейді Б.Петров.

Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданған студент Муль­ти­медиялық журналистика, 3D технологиясы және анимация, Жур­налистика негіздері, Жаңалықтарды жазу және фактчекинг, WEB техно­логиялары, Машиналық оқыту, Ақпараттық және цифрлық сауат­ты­лық, Академиялық жазу, Опера­торлық шеберлік және монтаж негіздері сынды пәндерде білімін шыңдайды. Әрине, бұл сабақтар тек бірегейі ғана.

Цифрлық журналистика  маман­дығының биылғы түлегі Нұрбол Құлмағамбеттің айтуынша,  бүгінде жа­ңалықты құр мәтін түрінде жа­рияласаң, оны оқитындар некен-саяқ. Оқырманның яки көрерменнің алғашқы 30 секундта жанарын жау­лап, көңілін баурап алатындай ақпаратты тартымды әрі сапалы етіп беруге күш салу керек.

«Біз бірінші курстан бастап тео­рия мен тәжірибенің тізгінін тең ұстап келеміз. Республикалық ірі телеарналарға барып, өзіміздің «ІТ News» атты бағдарламамызды жүргіздік. Тек камера алдында ғана емес, камерадан тыс техникалық жағынан да көп дүниені меңгердік. Біздің бірден-бір ерекшелігіміз сол – үш тілде жаза алатын әрі түсіріп, монтаждай алатын, сондай-ақ дижитал әлемінен хабардар болып, жасанды интеллектінің игілігін көре алатын әмбебап журналист болуымыз», дейді Н.Құлмағамбет.

Университеттің ЭКСПО аума­ғын­­да орналасуы да студенттерге тәжірибе жағынан көп көмегін тигізеді. Өйткені Халықаралық «Astana hub» IT-стартаптар тех­но­паркі де осында орналасқан. Білім алушылар мұнда өздерінің жобаларын таныстырып, үлкен мүмкіндікке қол жеткізеді.

Бұдан бөлек, біздің байқа­ғанымыз оқытушылық құрамның жастардан құралғаны (орта жас мөлшері – 32 жас). Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтын­сариннің «Ма­ған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мек­тептің жүрегі», деген сөзі бар. Мұндағы оқытушылардың жар­тысына жуығын ғылым докторы, кандидаты және PhD құраса, қалғаны – магистрлер және өнді­ріс мамандары. Университетте ше­тел­дік профессорлармен қатар, президенттік «Болашақ» және басқа да бағдарламалар аясында шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарын тәмамдаған ұстаздар дәріс оқиды. Олардың ішінде республика бойынша «ЖОО-ның үздік оқытушысы» ретінде танылғандары да бар екен. Мәселен,  New York Film Academy түлегі, аға оқытушы Айдие Айдарбековтің айтуынша, білім алушының деңгейін бағалайтын GPA жүйесінің өзі үш көрсеткіш бойынша бағаланады.

«Негізгі бағалау оқу бағ­дарламасы бойынша жүргі­зіледі. Одан бөлек, ғылыми және әлеуметтік GPA жүйесі де бар. Яғни әрбір студенттің оқумен ғана шектелмей, түрлі жобаны ұйымдастырып, атсалысуы да маңызды. Ол жағынан университет білім алушыларды техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетіп отырады.  Мәселен, біздегі медиа және виртуалды студиода кино саласына арналған ар­найы камералар бар. Олардың сапасы да, бағасы да жоғары. Сол құрыл­ғылар арқылы студенттер деректі фильм түсіруді меңгеріп, бірне­ше бағдарлама арқылы газет-жур­налдардың мұқабасын, дизайнын жа­сауды үйренеді», дейді А.Айдарбеков.

Цифрлы журналистика маман­ды­ғын бакалавр дәрежесінде тәмамда­ған студенттер алған білімін ма­гистратура мен докторантурада жалғастыра алады.  Бірақ пән атауы медиатехнология деп өзгеріп, аталған салаға тереңдей түседі. Университеттің стратегиялық бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінгі күні Италия, Бельгия, Германия, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Эстония мемлекеттерінің IT мамандарын даярлайтын жетекші университеттерімен байланыс орнатылған. Академиялық ұтқыр­лық бойынша студенттермен әрі оқытушылармен өзара тәжірибе алмасу, екіжақты ғылыми зерттеу жобаларына қолдау көрсету іс-шаралары жүзеге асып келеді.

Көз көргенде барып көңіл сенеді демекші, еліміздегі жастардың алдағы уақытта шетел аспай, туған елінде халықаралық деңгейде жоғары білім алуына жағдай жасаған Astana It University-де өзгерістер заманының лебі есіп тұр. Соның ішінде цифрлы журналис­тика мамандығының құрылғанына бар-жоғы төрт жыл болса да, бұл саланың болашағы  мол екені анық аңғарылады.