Аймақтар • 02 Шілде, 2024

Жалаулыдағы қоныстой

48 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтоғай ауданының Жалаулы аулында тасқын судан зардап шеккен бес отбасыға жаңа үй салынып берілді. Өңір әкімі Асайын Байханов баспана кілтін иелеріне салтанатты түрде табыс етті.

Жалаулыдағы қоныстой

Биыл сәуір айында су тасқынына байланысты Ақтоғай ауданының Жалаулы аулында төтен­ше жағдай жарияланған еді. Елді мекен­дегі 14 үйді су басып, кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комис­сияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған бес баспана анықталды. Олар­дың орнына жаңа құрылыстар салына бастағаны туралы бұған дейін газет бетінде жазған болатынбыз.

Жалаулы аулының жұрты өткен жексенбі күні тайлы-таяғы қалмай баспана тойына жиналды. Үйлері тасқыннан зардап шеккен бес отбасыға жаңадан са­лынған сапалы үйлер пайдалануға бе­рілді. «Ақтоғай-Агро» ЖШС баспаналарды 3 айға жуық уақыттың ішінде аяқтап үлгерді. Абай көшесіндегі дөңестеу тұста пайда болған жаңа ғимараттар жайлы әрі сырт келбеті әсем етіп тұрғызылған.

«Биыл облысымыз бірнеше тө­тенше жағдайға тап болды. Әсіресе көктемгі су тасқыны елді мекендерімізге аз шы­ғын әкелген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық зардап шегушілерге көмектесуді тапсыр­ған болатын. Біз ауылдық жерлердің тұрғындарына жан-жақты көмек көр­сетуге барлық күш-жігерімізді шоғыр­лан­дырдық. Жалаулы аулы тұрғын­да­рымен бұған дейінгі кездесуде қатты уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтып, аз уақыттың ішінде барлығын ретке келтіреміз деп уәде еткенмін. Ауыл жұртына төтеннен келген апаттың салдарына мойынсұнбай, қиындықтарға төтеп бергені үшін, ал өңіріміздің өзге азаматтарына көрсеткен көмектері мен демеушіліктері үшін алғыс айта­мын. Жаңа үйлерге қоныстанған шаңы­рақтардың ырыс-берекесі арта берсін», деді баспаналардың кілтін табыс­тау салтанатында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Сондай-ақ аймақ басшысы демеу­­шілік көрсеткен ERG тобы мен «Павлодарэнерго» АҚ-ға, сапалы үйлер­ді салған жергілікті «Ақтоғай-Агро» ЖШС құры­лыс компаниясына алғысын білдірді.

Қоныстойының құрметіне бұл күні ауылда облыстық «Шаңырақ» ха­лық шығармашылығы орталығы мен И.Бай­зақов атындағы облыстық филармония әртістері концерт ұйымдастырды. Сондай-ақ ұлттық ойындар ойналып, ба­лаларға арналған ойын-сауықтық іс-шаралар өтті. Павлодар облысының құр­метті азаматы, мәдениет саласының ардагері Бейсенбі Мұқажанов Ақтоғай ауданы тұрғындарының атынан алғыс ретінде арнау айтты.

Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – аталған ауылдың тұрғыны Серік Ах­м­етов. «Бүгін өз баспанамыздың кіл­тін алып, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Құрылыс жұмысы жүргізіліп жат­қанда келіп бақылап жүрдік. Жақсы салынды деп ойлаймын, өзіме ұнады. Үй кең әрі ыңғайлы жерде орналасқан. Жұ­байым екеуіміз төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Жеті немерем бар. Жаңа баспанамызда үш ұлымызбен тұратын боламыз. Басымызға түскен қиын жағдайда кө­мекке келген барша азаматтарға, облыс, аудан, ауыл әкімдеріне рахмет айтамын. Көрген бейнетіміздің бәрі артта қалсын. Келешекте мұндай жағдай елімізге келмесін», деді отағасы.

Сматаев, Байманов, Муллин, Дайыр­беков отбасы – көпбалалы шаңы­рақтар, Күміс алқа иелері. Аталған от­басылардың үйлері су тасқынынан соң жа­­рам­сыз болып танылған. Светлана Муллина су астында қалған үйде бала кезінен тұрып келгенін айтады. Қамыстан салынған ескі баспана 1985 жылы болған су тасқынына да шыдас берген екен. Биыл көк­­темде қарғын су ғимаратты тағы шайы­п, бұл жолы ол тұруға мүлде жарамсыз бол­­ған.

«Өмірімде екі мәрте көктемгі су тас­қынына куә болдым. Ең қорқынышты апат 1985 жылы болып, адамдар ауыл ішін­де қайықпен жүзіп жүрді. Құдайға шүкір, биыл барлығы аман-есен аяқтал­ды. Су біздің ауылға 29 мамыр күні түн ор­тасында кірді. Биіктігі жарты метр­ге жететін суды көріп, алғашында қатты қо­рыққанымыз рас. Қайда барары­мыз­ды, үйден қандай затты алып кетерімізді білмей састық. Айналаның бар­лығы суға толғандықтан, қайда барып тұрақ­тарымызды да білмедік. Үйдегі заттардың барлығы бүлінді», деп еске алды Светлана сол түнгі қорқынышты апатты. Ананың алты баласы бар, жаңа үйге ол екі ұлы­мен бірге қоныстанды.

Атап өтейік, аталған баспаналарды облыстық әкімдікпен жасалған мемо­рандум аясында ERG компания­сы өз қа­ражатына салып шықты. Құрылысына 100 млн теңге бөлінді. Демеушілер, соның ішінде депутаттар ауыл тұрғындарына тоңазытқыш, теледидар, салқындатқыш, ас плитасы және өзге үйге қажет техникаларды сатып алып берді. Құрылысты салған «Ақтоғай-Агро» ЖШС барлық үйдің сапасына өмір бойына кепілдік беріп отыр. Әр үйдің аумағы – 102 шаршы метр, ғимараттардың әрқайсына 200 шаршы метрді жылытуға қабілетті қазандықтар орнатылған. Мердігер фир­маның басшысы Александр Терен­тьев жобалық-сметалық құжатта көр­сетілгеннің барлығын қамтыдық дейді. Баспаналарға ауыз су, кәріз жүйелері, электр желілері тартылып, әр үйдің ауласында ауыз су скважиналары қазылды. Орталық су жүйесінде мәселе туындай қалған жағдайда тұрғындар әлгі скважиналарды пайдалана алады.

«Өзім Ақтоғай ауданының тумасы болғандықтан, әрі анам осы өңірде тұра­тындықтан, бұл жоба мен үшін биз­нес емес, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан маңызды болды. Үйлер сәу­леттік тұрғыдан әдемі, ал ішкі бөлмелері отбасы мүшелері үшін жайлы болуы ескерілді», дейді кәсіпкер.

Облыс әкімдігінен мәлім еткендей, алдағы уақытта Жалаулы ауылына тасқын су қауіп төндірмеуі үшін салынып жатқан әрқайсысы 200 мың текше метр болатын үш қазаншұңқырдың құрылысы аяқталып қалған. Ауыл тұрғындары мен төрт түлікке қауіпсіз болуы үшін жасанды су қоймаларының айналасы қоршалмақ. Нысандар шілде айының соңында толық аяқталады деп күтіліп отыр.

Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Жалаулы аулы