Мирас • 03 Шілде, 2024

Тораңғының діңінен шауып алған шаңырақ

123 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде «шаңырақ» дегенді «отбасы» немесе «әулет» деп қана тү­сі­­не­­тін бол­дық. Өйткені ­ур­ба­­низация ұғымды өзгертті. Әйт­песе та­лай ғасыр саха­ра­да­ғы салқар көш­тің сәні болған қа­­зақтың кәдім­гі қара шаңы­ра­ғы еді. Осы рет­­те, әл-Фараби атын­­дағы ҚазҰУ профес­соры,­ этно­граф-ғалым Тәттігүл ­Қар­­таева­ ханым­мен қазіргі ші­лің­­гір шеберлері жө­нін­де ­әңгіме өрбіт­кен едік.

Тораңғының діңінен шауып алған шаңырақ

– Қазіргі кезең инновация мен технологияның дамыған заманы ғана емес, көптеген мәдениет тоғысқан, жаһанданған, ақпарат кемерінен асып тасқындаған заман. Бұл үдеріс төл мәдениетіміздің трансформацияға түсуіне, өзгеруіне де жылдам әсер етіп отырғаны белгілі. Бізде «шаңырақ» та өзгеріске ұшыраған құндылық. Бұлай дейтінім қазақ жерінде дәстүрлі үйшілік кәсіп жойылу алдында тұр. Бұрынғыдай киіз үй үшін ағаш шауып, көлеңкеде кептіріп, морға ағаш қыздырып, шаңы­рақ тоғыны кесіндісін су сеуіп киізге орап, қозға көміп, тезге салып иіп отыр­ған «ағашшы дүкенін» (киіз үй шебер­ха­насы) табу қиын. Үйшілер бүгінгі қазақ қолөнершілерінің арасында бар бол­ғанымен, бір киіз үй жасауға кемі 300 тал шыбық кесу қажет. Қазіргі эко­жүйеде тал-ағаштың қорғалуымен байланысты кедергілер бар. Әрі біздегі урбанизацияның, бизнестің қарқынды дамуы, ауылдық жерге инновацияның дендеп енуі киіз үйдің дәстүрлі тұрмыстық қолданысын мүлде ығыстырып, темір бетон үйлер қолданысқа ене бастады.

щ
– Үйшілікпен айналысатын шеберлер көп кездесе бермейтін тәрізді...

– Әрине, солай. Ертеде киіз үй жасаудың хас шеберін «шіліңгір» деп атаған. Дәстүрлі үйшіні, үйші дүкенін, шіліңгірді де Қарақалпақстандағы Шым­бай қазақтарынан немесе Моң­ғо­лия­ның батысындағы Бай-Өлке, Қобда қазақтары арасынан табамыз. Моң­ғолияда киіз үй шебері қанша түп ағаш кессе, сонша түп ағаш егіп береді екен. Егер ағаш егіп бере алмаса, кескен аға­шының құнын төлейді. Маңғыстау, Қызылқұм қазақтарының арасында қазақ үйдің киіз жабдығын жасайтын қол­өнер шеберлері бар. Қазақ халқында «ша­ңы­рақ­тың қасиеттілігі» зауыттан шыққан темір үй емес, дәстүрлі баспанамен байланысты. Сондықтан биыл басталған «Шаңырақ күні» бастамасын қолдап, ағаш керегелі киіз үй соғатын шеберхана жұмысын жандандыру қажет. Ал ағаш кесуге белгілі бір лимит берілуге тиіс.

о
– Қазақта шаңыраққа деген құрмет көш­­пелі өмірде өзгеше болғаны бел­гілі. Көште шаңырақ артатын атан түйе­­­нің өзі бөлек еді. Яғни сак­­­рал­ьді атрибуттардың бірі-тұғын. ­Қа­зір бұл ұмыт болып бара жатқан жоқ па?

– Қазақ жерінде шаңырақпен бірге жойылып кеткен дәстүрлер де бар. Ертеде көште шаңырақты ең жуас түйеге артқан, жолда түйе үркіп, ша­ңырақ шақпас үшін. Оны «шаңырақ түйе» деп атаған. «Шаңырақ түйе» ұғы­мы көшпелілікті ішінара сақтап қалған Алтай қазақтары арасында кездеседі. Қара шаңыраққа ие болатын ер азамат қалмаса, сол үйдің шаңырағын қайтыс болған ата-бабасының зиратына апа­рып қойған, бұл ғұрып қазір жойыл­ды.

Шаңырақтың киесі киіз үйдің ең жоғарғы бөлігі ретінде ғана емес, оның қасиеттілігі халық тілінде «үй», «бас­пана», «отбасы», «үй-іші» ұғымдарын білдіруімен де байланысты. Біз ежелден ата-әжеміз, әке-шешеміз тұрған үйді киіз үй болсын, жер үй болсын, «қара шаңырақ», «үлкен шаңырақ» дейміз. «Қара шаңырақ» қасиетті шаңырақ деген ұғымды береді. «Шаңыраққа қара» деп тыйым­ айту да қонған үйіңе құрметпен қара дегеннің белгісі. Қыстың күні киіз үйді жинап қойғанда шаңырақты қыстық бас­пананың төбесіне шығарып қоятын болған. Қазір де ауылдық жерде киіз үй шаңырағы үй төбесінде тұрғанын көреміз. Заман өзгерді десек те, әр өңірдің сақтап жеткізген ғұрпы бар. Қызыл­орда облысының Қармақшы ­ауданы, Т.Көмекбаев ауылы, Тұрмағамбет Ізті­леуов ауылы, Өзбекстанмен шекарада, Оңтүстік Қызылқұмда отырған Кекірелі, Шопанқазған ауылдарындағы қазақтар келін түсіру тойын жаз айына орайлас­тырып, келінді киіз туырлықты «отау үйге» түсіреді.

Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұм қазақтары арасында «шаңырақ сәндеу» өзара бәсеке. Әр үйдің шаңырақ сәндеуі өз алдына бір ғажап. Шаңырақтың құрылымына бай­ланыс­ты дәстүрлі атауларды қазір­гі жастарға насихаттау маңызды. Шаңы­рақ­тың шеңбері – тоғын, күмбездеп көтеріліп иілген ағашы – күлдіреуіш, уық қадау үшін ойылған тесіктері – көз немесе қаламдық. Шаңырақтың көзін немесе қаламдығын оятын құралды қаламтемір, көзеутемір деп атаған. Шаңырақтың қаламдығын күйдіру арқылы да теседі. Ол әдіс ағашты жарып алмау үшін қолданылған.

– Орынды сөз. Шаңырақтың күл­ді­реуіштерін бекіте түсу үшін кесе көл­де­нең байланатын кесінді ағаштарды «бө­ге­лек» деп атайды. Қазақтың «бөгелегі қураған» деп жазғыруы көне ой орам болып қалды, тілдік қолданыстан шықты. Ертеде шаңыраққа тізіп кәрі жілік ілген. Кәрі жілік ілу қазір сақтал­ға­нымен, орны шаңырақтан бо­са­ғаға қарай ауысты. Кәрі жілікті шаңы­рақ­қа ілу жайында аңыз-әңгімені Шоқан Уәлиханов жазған.

Отау үйге жастар мен жеңгелер жинал­ған соң «мойынтастар» рәсімі жа­сал­­ған. Күйеу жігіт пен қалыңдық қой еті­нен дәм татқан соң, жеңгелердің бірі қой­дың мүжілген мойын омыртқасын ақ матаға орап, күйеу жігітке береді. Күйеу жігіт төмен қарап отырып, бұл сүйекті киіз үйдің шаңырағынан сыртқа лақтыруға тиіс, бұл – үйдің түтіні түзу ұшсын, оты сөнбесін деген ырым. Шаңы­рақ­пен байланысты бұл ырымдар мен салт жойылып кетті.

– Өзіңіз ел-елді аралап, ескі шеберлермен жиі сөйлесесіз. Жалпы, шаңырақ жасауға қандай ағаштар пайдаланылатыны туралы айта кетсеңіз.

– Киіз үйдің керегесі мен уығын иілгіш келетін қайыңнан жасаса, шаңырағын жасауға діңі қатты қарағаш, жиде, үйеңкі, тораңғы шапқан. Осылардың ішінде ең сирек кездесетіні, аз сақталғаны «тораңғы шаңырақ». Сирек кездесуі тораңғы діңінен шаңырақты ондай ағаш өсетін жердің бәрінде жасай бермейді. Тораңғыдан шаңырақ жасауды Бақанас, Балқаш, Жаркент ағашшылары кәсіп етпеген. Себебі бұл өңірде ағаштың басқа да түрі көп. Ал Сырдың оң жақ бетінде Солтүстік Қызылқұм үстін­дегі қазақтардың үйшілері киіз үй шаңырағын тораңғы діңінен жасаған. Өйткені онда ағаш түрлері тапшы.

Қазіргі таңда сақталған тораңғы ша­ңы­рақтар сирек кездеседі, өйткені соңғы то­раңғы шаңырақтар ХХ ғасырдың 50–60-жылдары ғана иілген. Тораңғы ша­­ңы­рақтың сирек кездесуінің тағы бір се­бебі – тораңғы діңінен қандай да бір бұ­йым жасау үшін оны өңдеу өте күр­делі. Ағашшылар тораңғыны қыс­та ақпан айында шапқан. Оны шабарда бал­­ғамен ұрып көреді. Егер дыбысы тың­қыл­дап шықса, діңі тығыз, қатты деген сөз. Ал күңгірлеген дыбыс шықса, онда ол то­раң­ғының іші қуыс, оны айран пісе­тін, май шай­қайтын күбі, ет тартатын ағаш астау жа­сауға кескен. Шаңыраққа тың­қыл­­даған, сүрегі тығыз шабылған то­раңғы ді­ңі­нің қабығын аршып алып, жер суық ке­зінде құмды жерге кемі 6 айға көміп тас­тап құмға пісірген. Қабығы ар­шы­­лып тас­талған тораңғы одан сайын бе­рік болып, діңі қатаяды. Әрі қабығын ар­шып тастау арқылы құрт-құмырсқадан қор­ғайды.

Сыр бойында үш ай жазда аптап ыстық болып, құм әбден қызады. Құмға піскен тораңғыны тамыз айында алып, оюмыштап, морға қыздырып, тезге иіп, бес бөлік діңді бір-біріне кіріктіріп, құрсаулап, шаңырақтың дөңгелек тоғынын шығарады. Бұл шаңырақтың күлдіреуіштері де тораңғы шыбығынан жасалады. Тораңғыдан кереге, уық, сықырлауық жасалмайды. Шаңырақтың тораңғыдан жасалуы оның халықтық білімде «адам-ағаш» ретінде танылуымен байланысты еді. Еңселі, қарт адамға, әулеттің үлкеніне «тораңғыдай», «тораңғыдай мықты ғой» деуінің астарында сол әулеттің берік діңіне теңеу тұр. Қазір тораңғы Қызыл кітапқа енген, ерекше қорғалатын ағаш, сол себепті де шаңырақ жасалмайды. Оның үстіне, тораңғыны құмға табиғи жолмен пісіріп өңдей алатын ағашшылар да сиреп кетті.

– Тағылымды әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»