Руханият • 03 Шілде, 2024

Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер

95 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Есімі елімізге танымал жазушы-журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің өнегеге толы ғұмырбаянын, іргелі ізденістерден тұратын шығармашылық жолын әңгімелегенде облыстық «Ленин туы (қазір «Солтүстік Қазақстан») газеті алдымен ауызға алынады. Олай болатын жөні бар. Жәкең өлең, әңгіме жазуға мектепте оқып жүргенде-ақ әуестенді. Тырнақалды мақалалары жергілікті басылымда жарияланып, «тілші бала» атанды.

Ұлт болмысын ұлықтаған қаламгер

Сейтен Сауытбеков, Мәриям Мыр­затаева секілді әдебиетші ұс­­таз­дар оның жазу-сызуға деген қабі­лет-бейімін байқаған­нан кейін ақыл-кеңестерін беріп, журналист болуға жөн сілтеді. Еңбек жолын шалғайдағы қазақ ауылында бастаған түбіт мұртты бозбаланың «Қазақстан пио­нері» газетіне, «Балдырған» журна­лына жолдаған мөлтек әңгіме­лері үзбей жарық көріп, бойын­да қыр-сыры беймәлім маман­дық­қа деген іңкәрлік сезім оянды. Отан алдындағы азамат­тық міндетін өтеп келгеннен кейін редакция есігін имене ашқан жас жігітті мұндағылар құшақ жая қарсы алды. Сырттай жақ­сы білетіндіктен, арнайы білімі болмаса да, бөлімге тілші етіп қабылдады.

Шығармашылық ортаға тез бейім­деліп, кәсіби шеберлігі жағынан танылып, жур­налистік мамандықты кез­дейсоқ таңдамағанын дә­лелде­ді. Көп ұзамай оған кеңес құ­ры­лы­сы, партия тұрмысы бөлімде­рі­не жетек­шілік ету сеніп тапсырылды. Бір жағынан, білімін де жетілдіріп, тарих және қоғамта­ну пәндерінің мамандығы бо­йынша диплом алып шықты. Қазақ радиосының мен­шікті тілшісі қызметін де абыроймен атқарды. Ел, ұлт тағдыры­на қа­тысты публицистикалық мақа­ла­ларын жұртшылық жылы қа­был­дады, іздеп жүріп оқи­тын болды. Егемендігіміздің елең-алаң ша­ғында облыстық мәс­лихаттың бала­малы сайлауы­на қатысып, сай­лау­­шылардың ба­сым даусына ие болды. Сес­сия­ларда қадау-қадау мәсе­ле­лер кө­теріп, ең белсенді ха­лық қа­лау­лылары қатарынан көрін­ді. Жур­налист қоғамның дамуына, сананың өзгеруіне ықпалы зор мамандық екенін жүрекпен сезініп, кәсіпке деген адалды­ғы мен жауапкершілігін бір сәт те жоғалтқан емес. Облыстық газеттің бас редакторы қызметіне білек сыбана кірісіп, атан түйеге жүк боларлық қыруар істер тын­дырды. Отбасы тәрбиесі­нен да­ры­ған еңбекқорлық, өзіне де, өз­ге­ге де талапшылдық, ізденімпаз­дық қасиеттері, қайраткерлік болмысы одан әрі толысып, шыңдала түсті. Мұқым түркі жұраға­ты­­­ның мақтанышы Мағжан Жұма­баев 1920 жылы іргета­сын қалаған басы­лымның тиражы 10 мың­ға дейін жетіп, еңбек­а­қы кө­бей­тілді. Штат құрамы жас­тармен толығып, ұжым жаңа ғи­­­ма­ратқа қоныстанды. Қатарға қа­­ла­­лық «Қызылжар нұры» газеті қосылды. Мағжантанушы ретін­де Алаш жұртына ортақ ұлы перзент рухын асқақтату жо­лын­дағы сіңірген еңбегі ерекше, айрық­ша атауға тұрарлық. Әлі күнге дейін «ақтаңдақ беттері» көп тақырыпты індете зерт­теуге ­елімізде алғашқылар­­дың қатарында кірісіп, архивтерге шаң басқан құпия құжаттар­ға қол жеткізді. Тынбай іздену­дің арқа­сында көз майын тауысып, терең талдап жазған мақалалары мен сұх­бат­тары «Сөн­бейтін шырақ» деген атпен кітап болып жарық көрді. «Мағжан» энциклопедиясын құ­­­рас­тырып, тың деректермен, соны мағ­лұматтармен толықтыра түс­ті. Жәкеңнің басшылығымен «Мағжан» әдеби-көркем журналы жүйелі түрде шы­ғып келеді.

Жазушының қоғам қайрат­­кері ретіндегі ерекше таныл­ған бір ­тұсы 2007 жылы төртінші шақыры­лым­дағы Парламент Мәжілісі­нің депутаты болып сайланған­да алмас қы­лыштай жарқыл­дай көрінуі, айтар сөз­ден тосы­лып қалмай, қабырға­лы мәселелер­ді биік мінберлерден ұдайы жері­не жеткізе көтеріп, ұлт зиялы­сына тән айбарлы мі­нез көрсе­туі, еліміздегі ең жоғар­ғы өкілетті ­орган құрамының ол сияқты білім­ді, білікті, елдік, ұлттық мұратты жо­ғары санай­тын жаңа көзқарастағы буынмен толығуы сапалық құра­мын айтарлықтай жақсартып қана қоймай, Парламенттің ішкі жұмы­сына да серпін бер­ді. Қарымды қаламгердің пайы­мынша, ономастика мен тіл бір-бірінен ажырағысыз ұғым, оларды бөле-жара қарауға болмай­­­ды. Өкі­нішке қарай, қа­зақ жерін­­­де ертеден қалыптасқан ұлт­­тық ономастикалық жүйені пат­­ша үкіметі отаршылдық мүдде­ле­рі­не сәйкестендіріп, зорлап өз­герт­ті. Солақай саясат кеңес одағы кезінде де жалғасып, оның ақы­ры тұрғылықты халықты рухани тамырынан, салт-дәстүрі­нен, ұлттық құндылықтарынан ажыратуға соқ­тыра жаздады. Қиямпұрыс қиянат тарихқа өшпестей жазылып қал­ды. Осы­ның бәрін тәуелсіздік биігі­нен бағамдай отырып, Петропавл қа­ла­сының байырғы атауын өзгер­­ту жөнінде сауал жолдауына тура кел­ді. Жан-жақты дайындық­тан кейін өз ұс­танымын жария етуге бел буды. Кейбіреулер­дің өре түрегеле­ті­нін, өңешін созып, өзеурейтінін ­біле тұра тәуе­кел етті. Ондағы ойы – ­көп уақыт­тан бері халықтың көке­йін­­де шер болып қатқан шетін мәсе­лені қоз­ғау арқылы талқыға салу, өзге­лер­дің көңіл ауанын байқау. Үкімет­­ке бағытталған депутат­тық сауал санада үлкен сілкініс тудыр­ғаны бәріміздің есімізде, әлі күнге дейін ұмытыла қойған жоқ. Үл­кен жарылыстай әсер етіп, қоғам­­дық пікір­ге қозғау салғаны сонша­­­­лық, Қызыл­жар атауына қарсы­­лық білдіргендер бастапқыда не істер­лерін білмей, биліктің өзі абдырап қалды.Халық қалаулысына еліміздің әр қиырынан жүзде­­ген адам хабарласып, қызу қолдау білдірісті.

Жәкең 1965 жылдың жазын­да Қызылжардағы №2 қазақ мек­теп интернаты оқушылары­ның құрамында одақтың бас қа­ласына барған сая­хат барысында кездескен бір оғаш жайтты баян­дап берді. «Мақ­­тау­лы қа­лаға табанымыз тигеннен кө­теріңкі көңіл күйіміз су сепкен­дей басылды. Мұндағы­лар­дың Қазақ­станды білмейтіні біз­ді қатты налытты. Қазақпыз десек, бірі одырая қарайды, енді бірі иығын қиқаң еткізеді, енді бірі басын шайқайды. Бұлар тарихты, географияны оқымай ма деп таң қаламыз. Қазір ойлап отырсам, біз сияқты ұлттарды көзге де ілмеген екен. Әлі күнге дейін намысымыздың тапта­лып, тарихтан есеміздің кеткеніне ішім удай ашиды. Сондықтан тіл, діл мәселелері мені қатты мазалайды. Әсіресе жастар тәр­биесін назардан шығарып ал­ғанымыз, олардың бойында отан­шылдық рухтың жетіспей­тіні үйрен­шікті әдетке айналып бара жатқан сияқты. Ата-аналар күнделікті тұр­мыс мәселеле­рін кө­бірек күйттеу сал­дарынан ұл-қыздарының тәртібін босаңсы­­тып алған сыңайлы», дейді ұлт­тық құн­дылықтарға бейжай ­а­ра­­­май­тын кәсіби журналист.

Алысқа ұзамайық, облыс ор­та­лығы Петропавл қаласында 10 мыңға жуық қазақ балала­ры­­ның орысша оқитыны— сөзі­міздің бір дәлелі.

«Ономастика туралы» заңды ұлт мүддесіне қызмет ететіндей етіп жасасақ, көп нәрседен ұтарымыз анық. Кеше ғана өзімізбен бір шаңырақ астында бірге өмір сүрген елдердің тәжі­рибесінен осыны аңғаруға болады. Қызылжар ғана емес, жалпы еліміздегі кеңестік кезең­нің көзіндей болып көрінетін кейбір аудандар мен ауылдар әлі күнге өзінің байырғы аттарын қайтара алмай отыр. Оно­мастика демекші, халықтық жер-су, қала атауларының өзі ерекше әуезділігі, әуенділігімен бірден жатталып қалады емес пе? Отарлау бұғауы­нан әлі то­лық тазармағанымыз, бодан­дық­та болғанымыз санамыздан өшер емес. Жасқаншақтық, иіл­гіш­тік қа­нымызға сіңгені сондай, одан арылу оңайға соқпай тұр. Мұндай күрделі мәселе­лерді әкімдердің құзы­­рына беру дұ­рыс емес, үкіметтік ­дең­гейде шешу тиімді. Заңдарға тиісті өз­герту­лер енгізген жөн», – деген Жарасбай Қабдолла­ұлы өңір аумағында отаршыл, кеңестік ке­зеңді еске түсіретін Халту­рин, Ленин, Чапаев, Ульянов секіл­ді атау­лардың азаймай отырға­нына, Шұ­ғыла, Тол­қын, Баян­ды сияқты ешқан­дай мағы­насы жоқ аттардың қойылаты­нына, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлының есімі еленбей келе жатқанына қынжылады.

Белгілі көсемсөзшінің қазақ қо­ғамында қордаланған проб­ле­ма­ның біріне елді мекендер жа­йын жатқызуы тектен тек емес. Оны таң бозарысымен ма­лын өріске шығарып, кешке қар­сы алатын, сиырын сауып, қай­мағын ағызып, майын был­­ғап, бауырсағын пісі­ріп, шайын қайнатып, қым-қуыт тір­лік­ке бө­­леніп жататын қызығы мәң­гі тар­қамайтындай көрінетін ауыл­дың рухани мәйегінің сарқы­­лып, жүдеп-жадап, қазіргі за­ман­­­­ның ауыртпалығын молынан тар­­тып келе жатқаны қатты тол­­ған­дырады. Әсіресе түгін тарт­саң майы шығатын құнарлы жер­лер­ді жергілікті тұрғындар емес, айда­ладағы алпауыттар­дың рәсімдеп ал­­ғаны жанына қатты батады. Олар бас пайдасын ғана біледі, егінші­лік­пен айналысуға, төрт түлік өсіру­ге құлықсыз. Өндіріс орындары ашылмаса, жұмыс болмаса, жастар көшпегенде қайтеді? Облыстық қо­ғамдық кеңестің төрағасы ретін­де ауылдықтар­дың өтініш-тілек­терін ескерусіз қалдырған емес. Жергілікті билік тарапынан нақты шешімдер­дің алынуына қал-қадерінше ықпал жасап келеді. Оның ойынша, алтын бесік–ауылды түлетуге, елді көркейтуге Үкі­меттің ке­шенді қолдауы қажет. Ке­зінде «Ауылдан көшпе, ағайын!» пуб­лицистикалық мақаласына ар­қау еткен елді мекендерде тұрып жатқан тұрғындардың заман­ның өзгере бастағанын, нарықтың талаптарын ескерместен бейжай, жайбарақат отырып, уақыт өткізіп алғанын мәселе етіп көтерген болатын. Бәлкім, ауыл іргесі сөгілмегенде баяғы қаза­қы қалпын сақтап қалатын ба еді? Әр-әр жерде орны үңірейіп қал­ған елді мекендер аз емес.

Бертінге дейін «Қызылжар-Ақ­парат» ЖШС директоры қыз­­метін атқарып келген жаны жайсаң, ары таза Жәкең қан­дай құрметке де әбден лайық. Көп жылғы мінсіз еңбек өтеуі «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен атап өтіл­ді. Қазақстан Жазушылар ода­ғының өткен жылғы әдеби жиын қорытындысы бойынша қызылжарлық ақын-жазушы­лар арасынан бірінші болып ха­лықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді. Солтүстік Қазақстан об­лысының құрметті аза­маты. Қо­ғамдық жұмыстарда бел­сенді, Қазақстан Жазушылар ода­ғының жергілікті ұйымының және об­лыстық қоғамдық кеңестің төр­ағасы. Абыз ақсақал ретінде жас­тар тәрбиесіне жиі атсалысады.

«Еменнің иір бұтағы, «Кө­мескі із», «Шынның жүзі», «Сөн­бейтін шырақ», «Дала-бесік», «Мыл­тықсыз майдан», «Сәу­лелі ғұмыр» сияқты 30-ға жуық кітап­тың авторы жуыр­да өңірімізге белгілі тұлға, ауыл-аймаққа сыйлы, беделді Ноғайбай би туралы деректі романын жазып бітір­ді. Демек әр күні ізденіске толы, шалқар шабыттың құшағын­да жүр­ген, мерейлі өмір белесіне көтерілген қа­рымды қаламгердің берері әлі мол деген сөз.

Өмір ЕСҚАЛИ,
Мәдениет қайраткері