Қаржы • 03 Шілде, 2024

Игерілмеген ақшаның иесі кім?

64 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында әлемде түбегейлі өзгерістер дәуірі басталған қазіргі аса маңызды кезеңде еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар екенін айта келіп: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қолжеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», деген еді.

Игерілмеген ақшаның иесі кім?

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы әлемдік экономикалық өсім 3,5 пайыздан 3,2 пайызға дейін баяулаған жағдайда елімізде бұл көрсеткіш 5,1 пайыз болғаны көңілге үміт ұялатады. Бұған қоса жылдық инфляция деңгейі бұрнағы жылмен салыстырғанда 2 есе төмендеп, 9,8 па­йыз болды. Қазынадан қажетінше қаржы бөлу мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің барлы­ғын орындауға мүмкіндік берді.

Әйтсе де еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген бюджет қаржысын уақтылы да сапалы игеру мәселесі өзекті болып қалып отыр. Мәселен, былтыр елімізде игерілмеген қаражаттың жалпы сомасы 73 млрд теңгені құрады. Оның үстіне өткен жылы 489 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Бұған кінәлі орталық және жергілікті атқарушы органдардың 158 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның 90 пайызы – басшылар.

Жоғары аудиторлық па­ла­таның қорытындысына қара­ғанда, бюджеттік әкімшілер түпкі нәтижелерді арттыруға күш салмай, бөлінген қаражат­ты игерумен ғана шектеліп отыр. Сол себепті орталық мем­лекеттік органдар бюджет шығыстарын шамамен 100 па­йызға орындаса да, көзделген мак­роиндикаторлардың 12 па­йызына қол жеткізбеген.

Олар алдын ала бекітілген бюд­­жет­тің барлық шығысының үш­тен бір бөлігін әдейі түзет­­кен, кей жағдайда қаржыландыру қыс­қартылмаса да, нәтижелер көр­­­­сеткіштерін бірнеше есе қыс­қар­тып, олардың сапалық сипат­тамаларын төмендеткен. Мы­са­лы, Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсі­­бі министрлігі қосы­лу жылдам­­­ды­ғы 8 мегабит/се­кундтан аса­тын талшықты-оп­тикалық байланыс желілері тех­нологиясы бойынша интернет желісіне жеке қолжеткізу қыз­метімен қамтамасыз етілген ауыл­дық елді мекендердегі або­­ненттер санын бірден 75 есе қыс­қартып тастаған болып шық­ты. Бұдан босаған қаржыны бай­ла­ныс жылдамдығы төмен қыз­мет­тер­ге жұмсаған.

Қазір нақты уақыт режімін­де барлық көрсеткішке қолжет­кі­зу барысын мониторинг жасауға оларды толық цифрландыруды тездету өте маңызды. Бұл алға қойылған мақсаттарды орындау барысында әртүрлі ауытқуды қадағалап, оларға қа­тысты ұтымды шешімдер шығаруға мүмкіндік береді. Алай­да мемлекеттік органдарда ве­домстволық деректерді және бизнес-үдерістерді цифр­лан­дыру жұмыстары ұзаққа созы­лып барады. Өткен жылы орта­­­лық мемлекеттік органдар­дың 235 ақпараттық жүйесінің 24-і өнеркәсіптік пайдалануға енгі­зілмеген. Соның салдары­нан мак­роиндикаторлардың жар­ты­сына жуығын бағалау мүмкін болмаған.

Бүгінде жергілікті атқару­шы органдарға өңірлердегі өзекті мәсе­лелерді шешу үшін дербестік беріліп отыр. Осы мақсатта былтыр оларға шама­мен 2 трлн теңге көлемінде ны­саналы трансферт бөлінген. Бірақ жыл қорытын­ды­сы бойын­ша республикалық бюд­жет есе­бінен қаржыландырылған

91 бюд­жеттік инвестициялық жо­ба немесе жоспардың 20 па­йызы аяқталмаған. Негізінен, олар – ха­лық мұқтаж болып отырған су­мен жабдықтау, су бұру және басқа әлеуметтік инфрақұрылым жобалары. Тек төрт өңірде – Абай, Ал­ма­ты, Же­тісу және Ұлытау облыс­т­а­­рында жүргізілген аудит нә­ти­­­жесінде бюджеттік инвес­ти­­ция­лық жобалардың 27 па­йы­зында құрылыстың норма­тив­тік мер­зімі сақталмағаны анықталды. Мұ­ның өзі уақтылы аяқталмаған жобалардың 60 па­йыздан астамға қымбаттауы­на әкеліп соққан. Ең сорақысы – атқарылмаған жұмыс­тар үшін шамамен 3,4 млрд тең­ге­ге төлем жасалған. Бұл деректер атал­­ған облыстарда мемлекет қар­жысын желге шашумен қатар, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та белең алып тұр­ғанын аңғартады.

Үкімет қазіргі алмағайып ке­зең­де ел бюджетінің мүм­кін­дік­тері мен басымдықта­рын ескере отырып, бұрын бекітілген ­10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарлама­ның күшін жойып, ­3 ұлттық жобаны ғана қалдырған болатын. Со­ның ішінде «Жайлы мектеп» қанат­қақты ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушыға арналған мектеп салу үшін ­­2,6 трлн теңге бөлу көз­делген. ­Осы жобаның аясында көп­тен бері шешімін таппай келе жатқан үш ауысымда оқытатын және апат­ты жағдайдағы мектептер мәселе­сін шешу жоспарланған. Алай­да аталған ұлттық жоба­ның ал­ғаш­қы жылы іске асырылуы кө­ңіл көн­шітпей, Ұлттық қордан өңір­лерге бөлінген 500 млрд теңгенің 62 пайызы игерілмей қалды.

Ұлттық жобаның құрылыс ди­рекциясы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ 208 мек­теп­тің құрылысына бөлінген қаражат­тың 190,2 млрд теңге­сін ғана игер­ген. Қалған сома атал­ған дирек­ция­ның шо­тын­да қалған. Сондай-ақ 37 мек­­­тептің жобалық-смета­­лық құ­жат­тамасы уақтылы да­йын­дал­­май, оларға мемле­кет­тік са­раптаманың оң қоры­тын­дысы алынбаса да, құрылыс жұ­мыстары басталған. Ал кейін жобалық-сметалық құжат­та­маны қайта қараудың салда­ры­нан 26 мектеп­тің құны 45 млрд теңгеге қымбаттаған.

2023-2025 жылдарға арнал­ған «Ауылда денсаулық сақ­тау­ды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы бойынша былтыр денсаулық сақтау нысан­дарын салуға Ұлттық қордан 22,9 млрд теңге бөлінген. Алай­да оның 1,3 млрд теңгесі иге­рілмей, пайдалануға беру көз­делген 99 медициналық-сани­тарлық көмек пунктінің 14-і аяқ­талмаған.

Осындай деректер мемлекет халықтың бірінші кезектегі мұқ­таждықтары үшін қажетті қар­жыны тауып бергенімен, жер­гі­лікті атқарушы органдар бас­шы­­ларының бәрі бір­дей жо­ға­ры жауапкершілік танытып отыр­ма­ғанын көрсе­теді. Тіпті қазірдің өзін­де өңір­лерде салынған маңыз­ды ин­фрақұрылымға немқұрай­­­ды қарау фактілері бар. Нақты айт­­сақ, жаңа нысандар оларды пай­даланушы ұйымдарға уақтылы тап­­сырылмаған. Сол себепті, қарау­­сыз қалып, тиісті күтімге алын­­баған. Мысалы, ­1,5 мыңға жуық газ тарату және газ тасы­мал­­дау желісінің нысан­дары пай­да­лану­шы ұйымдардың балансы­на берілмеген. Мұ­ның себебі – олардың сапа­сыз жобалап салын­ғаны, тиіс­ті құжаттамасы­ның толық бол­мағаны. Осы­ның салдарынан елді мекендер мен өнеркәсіп­­тік нысан­дарды газбен қамтама­сыз ­ету қарқыны төмендеген.

Квазимемлекеттік сектор кә­сіп­орындары өткен жылы рес­пуб­­­ли­калық бюджеттен 1,2 трлн тең­­ге­ге жуық қаржы алған. Ал Жоға­ры аудиторлық палата олар­дың шоттарында пай­даланылмай жатқан 383 млрд теңге бюджет қара­­жаты барын анықтаған. Міне, осындай келеңсіздікке назар аударған Мәжіліс депутаттары квазимемлекеттік сектор кәсіп­­орындары басшылары бюд­­жет қаржысын толық игер­мегені және оның тиімділі­гін қамтамасыз етпегені үшін мем­лекеттік органдармен тең дәрежеде Парламент­те жауап беруі қажеттігі жайлы көптен бері айтып жүр.

Мемлекет жыл сайын бюд­жет­тен халықтың әл-ауқа­тын арт­­тыруға жеткілікті қар­жы бө­­ліп келе жатқанына қарама­с­тан, елі­міз өмір сапасы индексі рей­тингінде Беларусь пен Ре­сей­ден кейінгі 73-орынды енші­леп отыр. Ұлттық статистика бю­ро­­сының мәліметінше, отан­дас­­тарымыздың өмір сүру жағ­дайына қанағаттану деңгейі ­51,8 пайыз ғана. Жуырда Жоғары ­ауди­торлық палата төрағасы Әлихан Смайылов халықтың өмір сүру са­па­сы­ның бірыңғай ұлт­тық стан­дар­тын енгізуді ұсынды. Оның ай­­туынша, бұл халық­тың әл-ауқа­тына мемлекеттік бюджет шы­­ғыстарының тигізетін әсе­рін ба­­ғалау үшін қажет. Бұған ­қоса, атал­ған стандарт ел өңір­лері­­­нің әлеуметтік-экономика­лық даму деңгейіндегі елеулі ал­шақ­­­тықты азайтып, олардың тең дә­ре­­жеде дамуына жол ашуы мүмкін.