
Спорттың бұл түрінде әйелдер арасында да Қытайға тең келер команда жоқ. ITTF рейтингінің ТОП-10-дығына Қытай елінің бес бірдей бұрымдысы еніп отыр. Бір кереметі Сунь Инша, Ван Маньюй, Чэнь Синтун, Ван Иди, Куаи Ман бірінші-бесінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Бұл спортшылардың барлығының атақтары алысқа жайылған. Атап айтсақ, Сунь Инша Олимпия ойындарында 5 (3 алтын+2 күміс), әлем чемпионатында 11(9+1+1) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Париж Олимпиадасының жекелеген сайысында күміс алды. Финалда Чэнь Мэнге есе жіберді. Есесіне Сунь кейінгі дүниежүзілік додада дара шықты. Ван Маньюйдің Олимпиаданың 2, әлемнің
7 дүркін чемпионы деген атағы бар. Қалғандары да біраз уақыттан бері талай дүбірлі додаларда дараланып жүр.
Жапония құрамасының да қарқыны қуантарлық. Күн шығыс елінің Мива Харимото, Хина Хаята, Сацуки Одо, Мима Ито сынды арулары алтыншы-тоғызыншы орындарды еншілеген. Үздік ондықты Оңтүстік Кореяның өкілі Син Юйбинь түйіндеп тұр. Олардан бөлек, Тайпей, Румыния, Аустрия, Бразилия, Пуэрто-Рико, Макао, Мысыр, Франция, АҚШ, Үндістан, Аустралия, Гонконг, Нидерланд, Канада, Германияның өкілдерін ТОП-50 ойыншының қатарынан кезіктіруге болады.
Өкінішке қарай, қазіргі кезде еліміздің әйелдер құрамасының көрсеткіші көңіл көншітерлік емес. Қыздарымыздың арасынан ең тәуір нәтиже Сарвиноз Мірқадырова мен Зәуреш Ақашеваға тиесілі. Олар ITTF рейтингінде 193, 198-орындарда тұр. Жанерке Көшкімбаева – 238, Ангелина Романовская – 348, Арай Ақашева – 437, Әнел Бақыт – 459, Анастасия Лаврова 490-сатыға тұрақтаған.