Қоғам • 03 Шілде, 2024

Шегірткеге қарсы залалсыздандыру шарасы

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы қорғаныс шаралары толығымен аяқталды.

Шегірткеге қарсы залалсыздандыру шарасы

фото: kaztag.kz

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығы­мен өткен Республикалық жедел штаб­тың кезекті отырысында шегірткеге қарсы күрес бойынша қазіргі жағдай қаралды.

Бүгінгі таңда химиялық өңдеу 2 млн гектар алқапта жүргізілді, бұл болжаған өңдеу көлемінің 77,4%-ын құрайды.

Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда об­лыс­­­­тарында итальялық прусқа қарсы өң­­д­еу аяқ­талды. Ақмола және Солтүстік Қазақ­­­стан өңірлерінде жұмыс басталады.

Өткен аптада нөсер жауын мен қатты желге байланысты Ақтөбе және Қостанай облыстарында мониторинг пен химиялық өңдеу тоқтатылған болатын. Жұмыс сәрсенбі-бейсенбі күн­дері басталады. Өңірлер пестицидтер­мен қамтамасыз етілген, қажет болған жағ­дайда қосымша техника жіберіледі.

Ақтөбе облысындағы РФ-мен бүкіл шекара маңы аумағы өңделді. Тек­серу басқа өңірлердің шекарасында жүр­гізіледі. 1 шілдеде Серік Жұманғариннің РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дми­трий Патрушевпен телефон арқы­лы сөйлесуі кезінде Ресей тарапынан Қазақстанмен шекаралас аумақтарды өңдеу аяқталғаны белгілі болды.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин өңірлердің әкімдіктеріне жағдай толық тұрақталғанға дейін жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.

Отырыста аграршыларды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету барысы да қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Мем­ле­кет басшысының тапсырмасы аясын­­да тыңайтқыш енгізу көлемін 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша ша­­ралар қабылданды. Бұл өткен жыл­­мен салыстырғанда 2,2 есе көп. Нау­­рыз айы­нан бастап отандық тыңайт­­қыш­­тарды аванстық субсидиялау те­тігі іске асырылуда, бұл ретте бюджет­тік субсидия­лар шаруаларға арзандатыл­ған тыңайт­қыштарды сату үшін өндірушілердің арнайы шоттарына алдын ала аударылады.

Облыс әкімдіктерінің дерегі бо­йынша, 963 мың тонна тыңайтқыш жет­кізуге шарттар жасалды, оның 855 мың тоннасы жөнелтілген.