Саясат • 04 Шілде, 2024

Ұйымға төрағалық ету – жауапты миссия

96 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин­мен кездесу өткізді. Әңгі­мелесу барысында Мемле­кет басшысы ШЫҰ сам­митіне қатысуға келгені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Ресейдің «шанхай рухын» нығайту ісіне және Ұйымға мүше елдермен көпжақты ынты­мақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес қос­қанын атап өтті.

Ұйымға төрағалық ету – жауапты миссия

– Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету – өте мәртебелі әрі жауапты миссия. Ертең біздің төрағалығымыз аясында атқарылған жұмыстар ту­ра­лы баяндаймын. Ұйымның өзінде реформа жүргізіліп жатыр. Әйтсе де бұл оңай шаруа емес. ШЫҰ халықаралық аренада лайықты беделге ие болды. Менің ойымша, бұл – ең табыс­ты халықаралық ұйымдар­дың бірі. Сонымен қатар бұл – демо­­кра­тиялық сипаттағы ұйым, яғни барлық мемлекеттің теңдік қағи­­­д­аты сақталады. Әрине, Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның әлеуетін нығайтуға Ресейдің қосқан елеулі үлесін атап өтпеске болмайды. Осы орайда төраға құқығын пайдаланып, Сізге алғыс айтқым келеді, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген қазақ-ресей қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму келешегі жөнінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Қазақстанға былтыр қараша айында жасаған тарихи сапарынан кейін екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– Бұған дейін қол жеткізілген уағ­даластықтардың жүзеге асырылу барысын өз бақылауымда ұстап отырмын. Сіздің сапарыңыз кезінде келісілген жоба­лардың маңызы зор және елдері­міздің өзара ықпалдастығының страте­­гия­­лық сипатымен ұштасады. Сондық­тан олардың жүзеге асатынына еш күмә­нім­ жоқ. Өйткені бұл жобалар Қазақ­стан мен Ресей Федерациясының мүдделе­­рі­-­не сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді биыл күзде елімізге тағы да мемлекеттік сапармен келуге, сонымен бірге ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіз­дік кеңесінің отырысына қатысуға шақырды.

Владимир Путин ШЫҰ саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақ­стан осы маңызды іс-шараның дайын­дығына айтарлықтай күш салғанын жеткізді.

– Саммит, шын мәнінде, мазмұны жағынан халықаралық сипатқа ие. Елдеріміздің бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етіп отырғанын атап өткім келеді. Қазақстан ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға, ал Ресей БРИКС пен ТМД-ға төраға болып отыр. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмектесеміз. Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Әлбетте, мұны ҰҚШҰ саммитіне орайластырған тиімдірек болар еді. Екіжақты қарым-қатынасымызға келер болсақ, сіздермен үнемі байланыс­тамыз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып, шамамен 30 мил­лиард долларға жетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді, – деді Ресей Президенті.

Кездесуде президенттер өнеркәсіптік кооперацияны, энергетика саласындағы өзара тиімді серіктестікті дамыту және өңіраралық байланыстарды жандандыру перспективаларын жан-жақты талқылады.

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы тұрақты саяси диалогті сақтауға өзара ниетті екенін растады.