Саясат • 05 Шілде, 2024

Жемшөп әзірлеудің жол картасы

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жемшөп да­қыл­дарына арналған егіс ал­қабы 3,4 млн гектардан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 314 мың гектарға артық. Алайда өңірлерде жемшөп сапасын жақсарту, егіншілік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар күтіп тұр. Бұл мәселелер Премьер-ми­нистрдің орынбасары Серік Жұманғарин­нің төр­ағалығымен өткен Үкімет отырысында тал­қыланды.

Жемшөп әзірлеудің жол картасы

фото: dzen.ru

Өткен Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі ғылыми тә­сіл­ді қолдана отырып, Жем­шөп өндіру саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын өзектендірді. Мақсаты – 2028 жылға қарай жемшөп дақылдарының егіс алқаптарын 3,6 млн гектарға дейін кеңейту арқылы ауыл шаруашылы­ғын­да жалпы өнімінің көлемін екі ­есеге арттыру. 2024 жылы ­3,4 млн гектардан аса жерге ­жем­­­­шөп дақылдары егілді.

«Жемшөп дақылдары егіл­ген алқаптың 74%-ы – көпжыл­дық шөптің үлесіне, 26%-ы – бір­жылдық дақылдарға тиесілі. Олардың көктемгі егісі мал ша­руашылығының қажеттілігі үшін пішен мен сүрлем дайындауды қамтамасыз етеді. Өңірлерде шөптерді жаңарту, шабындық пен жайылым жерлерді жақ­сарту бойынша жұмысты кү­шейту қажет, соның салдарынан мал азығында әлі де шөп пен жемшөп, яғни қарапайым жем басым. Бұл ретте барлық өңірде Үлкен жоба шеңберін­де тауарлы-сүт фермаларының құрылысы жүріп жатыр, олар үшін пішен, жүгері, сүрлем дайындау қажет», деп атап өтті ­Ауыл шаруашылығы вице-­министрі Аманғали Бердалин.

Қазіргі уақытта елімізде пішен­мен қамтама­сыз ету 45%-ды,­ ал сүрлеммен қамтамасыз ету 72%-дан аспайды. Жалпы, 2024 жылы 25,5 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішен, 4,6 млн тонна сабан, 5,7 млн тонна құнарлы жем және 2 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған.

«Бізде жер жеткілікті, бірақ ұтымды игерілмейді. Өңірлердің алдына жемшөп өндіру бо­йынша нақты міндеттер қою керек. Жол картасын әр өңір үшін 2-3 жылға арналған жемшөп дақылдары жөніндегі жоспармен толықты­ру қажет», деп тапсырды Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ өңірлердің әкім­діктеріне мал азығы дақыл­да­ры үшін суармалы жер көле­мін кеңейтуге, жемшөп дақыл­дары­ның тұқым шаруашы­лығын дамытуға, пайдаланылатын жайы­лымдық жердің өнімділігін арт­тыруға баса назар аудара отырып, егіншілікті әртараптандыру тапсырылды.