Қоғам • 06 Шілде, 2024

Мұнай-газ саласындағы маңызды ынтымақтастық

74 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы екіжақты тиімді ынтымақтастықтың үлгісі саналатын «Қазақстан – Қытай құбыры» (ҚҚҚ) компаниясына биыл 20 жыл толып отыр. Қызмет еткен алғашқы күндерден бастап бизнесті жүргізудің жоғары деңгейін алға қою арқылы барлық халықаралық стандартқа сәйкес келетін екіжақты, тату, көршілік ынтымақтастық моделін қалыптастырды. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан компания – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар магистральды мұнай құбырларының иесі.

Мұнай-газ саласындағы маңызды ынтымақтастық

Серіктестіктің табысқа жету тарихы 2004 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкімет­тері мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақ­тастықты дамыту туралы Негіз­де­мелік келісімге қол қойған еді. Сол жылы шілде айында «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС құрылды. Серіктестіктің негізін қалаушылар тең басқару үлесіне ие – Қазақстан тарапынан «ҚазТрансОйл» АҚ, Қытай тарапынан Қытай Ұлттық мұнай мен газды барлау және игеру компаниясы – «CNODC» болды.

Бас директордың бірінші орынба­сары Сәбит Рзиевтің айтуынша, 2006 жылы Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры пайдалануға берілгеннен бері аймақтың тіршілігі өзгерген: мемлекеттік және жер­гілікті бюджетке салық түсімі айтар­лықтай өсіп, жергілікті тұрғындар жұмыс орнымен қамтылған, ең бастысы, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуеті артқан.

2008 жылдың соңына қарай Атасу – Алашанькоу мұнай құбырының қуат­тылығы жылына 10 млн тонна мұ­най­ға жетті. Дәл сол кезде №9 мұнай ай­дау бекеті (МАБ – НПС) пайдалануға берілді. Екі жылдан кейін №11 МАБ іске қосылды және магистральды мұнай құ­бы­­рының өткізу қабілеті жылына 12 млн тонна мұнайға дейін жетті. №8 және №10 МАБ іске қосылғаннан кейін, Атасу – Алашанькоу құбыры жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдау мүмкіндігіне ие болды.

Компания мұнай айдау стансаларын салу мен жабдықтауға бас­ты назар аударады, себебі олардың дұ­рыс жұмыс істеуінің арқасында мұ­най құ­бырлар арқылы үздіксіз ағып оты­рады.

Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында өндірілетін мұнай­дың өсіп келе жатқан көлемін тасымал­дау үшін Қазақ­стан – Қытай мұнай құ­быры­­ның екін­ші кезеңін салу қажет­тілігі туындады. Қос тараптың үйле­сім­ді әрекет­терінің арқа­сында Кен­қияқ – Құмкөл тармағын екі жылға жетпейтін уақытта салып, оны 2009 жыл­­дың қыркүйегінде іске қосты.

Осы жылдар бойында Қазақстан мен Қытайдың ішкі нарыққа, экспорт­қа мұнай тасымалдау және мұнай транзиті мәселелерінде тең үлес шар­тын­дағы мүдделері сақталып келеді. Се­рік­тес­тік қыз­мет етіп келе жат­қан жылдар ішін­де Қазақстанның бюджетіне 135 млрд теңге көлемінде салық төленді, бұл – ел экономикасының дамуы­на елеулі үлес қосты деген сөз. Сонымен қатар Серіктес­тік жыл сайын құрылтайшыларына дивиденд жіберіп отырады, бұл жобаның табыс­тылығын және салынған инвести­цияның қай­тарымын көрсетеді.

Жиырма жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан жас әрі табысты ком­панияның мақтанарлық жетістігі жетер­лік. 2023 жылғы қаржылық-ша­руа­шылық қызметінің қорытындысы бойынша, компания өзінің барлық қызмет еткен жылындағы таза пайданың рекордтық деңгейіне қол жеткізді. Мерейтойлық 2024 жылдың сәуір айында Серіктестік барлық қарыздық міндеттемесін мерзімінен бұрын өтеді. «Компания бұл жетістікке өзінің қар­жылық тұрақтылығы мен тиімділігінің арқасында қол жеткізіп отыр», деп атап өтті бас директордың экономика жө­ніндегі орынбасары Ерхат Тұрлыханов.

Бүгінде Серіктестікте шамамен 200-ге жуық адам еңбек етеді. Серіктестік әрбір қызметкерін өз отбасының мүшесі ретінде жоғары бағалайды. Компанияда әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған, мұндағы әр қызметкер ден­саулығын жақсартуға, балаларды тәр­биелеуге, денсаулықты сақтандыруға, спорттық мекемелерге баруға және шет тілдерін үйренуге байланысты төлемдер алу мүмкіндігіне ие. Серіктестіктің магистральды мұнай құбырларына қызмет көрсететін мердігерлер (тамақтану, тасымалдау, техникалық қызмет көрсету) арқылы ел экономикасы жүздеген адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі есебінен синергетикалық әсер алады.

«Vision Zero» тұжырымдамасының «Алтын ережелері» мен қосарлы әрекет ету тетігін енгізу арқылы ҚҚҚ еңбек қауіп­сіздігінің алдын алу мәдениетін қа­лып­тастырып жатыр. Денсаулықты қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қор­шаған ортаны қорғау саласындағы осы озық тәжірибелерге әр өндірістік кезеңде ерекше назар аудара отырып, еңбек ұжымы жарақат алудың нөлдік деңгейіне қол жеткізді. Соңғы он жыл ішінде мұнда бірде-бір жазатайым оқиға тіркелген жоқ.

«Біз компания ішінде және жақын маңдағы елді мекендерде спортты да­мытуға қолдау көрсетіп отырамыз және ол үшін қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Саламатты өмір салтын қолдауға бағытталған іс-шараларға бел­сенді түрде қатысамыз. Жыл сайын өтетін сенбіліктер, спартакиада, КТК (КВН) және түрлі қоғамдық іс-шарада қызмет­керлеріміздің қатысуы ұжым бірлігін бекемдей түседі. Адами капиталды нығайту мен дамытуды қолдаймыз, өйткені қызметкерлеріміз күн сайын өз жұмысын лайықты әрі сапалы орындаудың ар­қасында қиындықтарды артқа тастап, же­ңістерге жетіп отыр», дейді өз сөзінде бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Мереке Игалиев.

Жастар – компанияның ерекше кадр­лық ресурсы. Оларды маңызды үде­рістерге және қажетті шешімдер қа­был­дауға белсенді түрде тартып отырады. Осы жылдың қаңтар айында Серік­тестікте қызметкерлердің белсенді әрі өршіл жас буынын біріктіретін Жас мамандар кеңесінің құрылуы да кездейсоқ емес.

«Біз таңдалған бағытты нақты ұста­нуға дайынбыз. Қызметіміздің тамаша нәтижелері, ұжымның бірлігі, өнді­ріс­тік көрсеткіштер, ағымдағы шығын­­дарды, капиталдық салымдарды және болашақ инвестициялық жобалар­ды жоспарлаудағы жоғары қаржы­лық тәртіптің арқасында келешек­тегі дамуға қажетті қаржылық ағындарды қалыптас­тыр­мақпыз. Барлық технологиялық учас­кеде инновациялар мен үнемді өндіріс құралдарын енгізу арқылы ішкі үдерістердің тиімділігін арттыруды жос­парлап отырмыз», деп қорытындылайды Е.Тұрлыханов.

Жоғары стандарттарды сақтай отырып, шетелдік қатысушылармен бірге Қазақстанның үздік әрі үлгі тұтарлық кә­сіп­орындарының қатарында болу – Серік­тестіктің алға қойған ауқымды жос­пары.

Ақжігіт ҚАЗБЕК,
журналист