Қоғам • 10 Шілде, 2024

Лудомания – әлеуметтік кеселдің бірі

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң.

Лудомания – әлеуметтік кеселдің бірі

фото: rehabcenterindore.com

Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқы­ланып, оған депутаттар, Ұлт­тық құрылтайдың және Жас­тар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты.

Парламент депутаттары­ның ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адам­дардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер­дің құмар ойындарға қатысуы­на тыйым салынған. Құжатта көзделген негізгі жаңалықтың бірі – Борышкерлердің бірыңғай тізіміндегі азаматтарға қатысты шектеу шараларының енгізілуі. Бұл – 3,5 миллионнан астам адам. Букмекер конторалары мен тотализаторлардың барлық жердегі сыртқы жарнамасына ты­йым салынады. Бұдан былай байланыс операторлары ұялы телефонға жарнамасы бар мәтіндік хабарламаны жібере алмайды. Сонымен қатар лицензиясы жоқ шетелдің букмекерлік контораларының, тотализаторларының интернет ресурстарына және онлайн-казиноларға толық тыйым салынады. Лудоманияға шалдыққан азаматтарды сауықтыруға қатысты бірқатар шара қарастырылған. Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалтудың тәр­тібі белгіленді. Мұндай адамдарды құпиялылықты сақтай отырып, ақыл-кеңес беру арқылы бақылауға алу тәсілі енгізілді.

Ерлан ҚАРИН,
Мемлекеттік кеңесші