Білім • 11 Шілде, 2024

Тарбағатай түлектерінің жетістігі

63 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түлектердің тілегі орындалып, ата-ананың жүрегі орындарына түспей тұрған жоқ па? Шығыс Қазақстанда ҰБТ 5 шілде күні мәресіне жетті.

Тарбағатай түлектерінің жетістігі

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, 16 мамырда басталған Ұлттық бір­ың­ғай тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасты. Биыл отандық оқу­шылар ҰБТ-ны жылына бес рет тапсырды. Оның үшеуі ақылы болса, екі рет бақ сынап көру тегін. Барлық талапкер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесімен грант конкурстарына қатысады.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша ұлттық бірыңғай тес­тілеуге биыл 3 847 мектеп түле­гінің 3 176-сі қатысуға тілек біл­дірді. Сынаққа кіргендер дайын­дықтарына қарай жауап беріп, білім деңгейлерін байқасты. Білім саласы мамандарының айтуынша, биылғы тестілеуде ұпай көрсеткіштері былтыр­ғыдан жо­ғары секілді. Әрине, қоры­тын­дысы толық шықпай жатып, нақ­ты мысал келтіру қиын. Десе де, көрсеткіш жаман емес деседі.

– Оқушылар сынақтан сүрін­бей өтуі үшін үлкен жауап­кер­шілікпен дайындалғанын бай­­қап жүрдік. Үлкен өмірдегі алғаш­қы әрі жауапты белес екендерін сезінді. Ұстаздар ұжымы да қол­дау білдіріп, барымызды сал­дық. Өз оқушыларымыз үшін тақым қыстық. Жалпы, облыста ҰБТ қорытындысы жаман емес. Барлығы аяқталған соң көре жатармыз, – дейді Өскемен қаласы, №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубек.

Айтқандай, күн-түн демей бір жыл тестілеуге дайындалғандар жоғары ұпайға қол жеткізіп, қуа­ныштары қойындарына сый­май жатты. Соның ішінде Тар­бағатай ауданы Құйған ауы­лы­ның тү­легі облыста 138 балл жинады. Жоғары балл жинаған ол салмақты байқауларда да жо­ғары нәтиже көрсеткен. Ендігі арманы – менеджмент және басқару мамандығы бойынша оқуға түсу.

– Мектепте іс-шараларға бел­­сене қатысып жүрдім. Мек­теп президенті болдым. Бос уа­­қытым­да ән айтып, домбыра­ тарт­қан ұнайды. ҰБТ-ға дайын­дық­­­ты былтырғы тамыз айынан бас­­тадым. 2021–2023 жылдары аудан­дық география пәні олим­пиа­да­сынан 1-орын алдым. Жетіс­ті­гім үшін жетекшім Гүлнар Ома­рова апайға алғысым шексіз. Қо­сымша тамыздан маусым ­айына дейін «juz40_online» курсында білім алдым. Жоғары балл алуы­м, ең бастысы ата-анамның, мек­теп­тегі ұстаздарымның қолдауы және атал­ған курстың нәтижесі деп ойлаймын. Қазіргі кезде менедж­мент және басқару мамандығын таңдап отырмын, – дейді Ерке Тыныбаева.

Сондай-ақ 136 балл жинаған Дана Қажықан Зайсан ауданы Қазақстан орта мектебінің түлегі. Ұлан ауданы Р.Мәрсе­ков атындағы орта мектебі түлегі Қуаныш Мұхаметжан 135 балды қоржынға салды. Әрине, оқуға түсіп, университет табалдырығын аттағанша, арқаны кеңге салуға болмас. Дей тұрғанмен, жоғары ұпай сенім ұялатады. Оларға облыстық білім басқармасы басшылары да сенім білдіріп отыр.

– Сіздерге жүрегіңізді тың­дап, өзіңізге ұнайтын кәсіпті ғана емес, жалпы өмірдегі бағдарды таңдауыңызға тілектеспіз. Биік шыңдардан көрініңіздер. Ендігі жолдарыңызда жақсы адамдар жолығып, маңызды жетістіктерге жетуді тілейміз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Тағы бір қуанарлық жаңа­лық, ерекше үлгідегі аттестат иегері, Тарбағатай ауданы «Ы.Алтын­сарин атындағы орта мектеп» КММ оқушысы Аяужан Мұ­ратова Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде 139 балл жинап, облыс бойынша үздік нәтиже көрсетті. ҰБТ-да қазақ әдебиеті пәні бойынша 50 балдан 50 балл жинады. Аяужан облыстық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың жүлдегері. «Ауыл балалары» республикалық олимпиадасында І орын алып, С.Аманжолов атындағы ШҚУ грантын жеңіп алған.

Шығыс Қазақстан облысы