18 Маусым, 2010

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
10 967 600 000 Батыс Қазақстан облысында биылғы бес айда осыншама млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылғыдан 2,8 пайызға артты Облыстық статистика депар­таментінің мәліметтеріне сәйкес, осының 10962,9 млн. теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиеді, мұндағы өнім көлемі 1,5 пайызға өсті. Жыл басынан бері тірілей салмақпен алғанда, 24,0 мың тонна ет (103,2 пайыз), 75,9 мың тонна сүт (101,5 пайыз), 50,4 млн. дана жұмыртқа (119,7 пай­ыз) өндірілді. Ет өнімінің 16,3 пайызы – Жаңақала, 15,6 пайы­зы – Зеленов, 11,7 пайызы Ақ­жай­ық ауданының еншісінде бол­са, сүт өндірушілер негізінен Теректі (18,5 пайыз), Зеленов (15,6 пай­ыз), Бөрлі (12,8 пайыз) аудан­дарында шоғырланған. Жұмырт­қаның 58,0 пайызын Орал қаласы маңындағы шаруа­шы­­лықтар, 15,9 пайызын Зе­ле­нов ауданы ша­руашылықтары өндіреді. Өңірде ірі қарадан басқа мал басы өсіп отыр. Қазіргі кезде об­лыста 509,0 мың бас ірі қара (өт­кен жылғы осы кезбен салыс­тыр­ғанда 98,3 пайыз), 878,2 мың қой (105,2 пайыз), 251,6 мың ешкі (104,8 пайыз), 74,5 мың жылқы (106,7 пайыз), 3,8 мың түйе (100,6 пайыз), 31,2 мың шошқа (100,4 пайыз), 969 мың құс (98,4 пайыз) бағылуда. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. ____________ 1 000 000 000 Өткен жылы Алматы қаласының айналасында  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен  ұйымдастырылған жәрмеңкелерде тұтынушыға  осыншама теңгенің азық-түлігі жеткізіліпті Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру тапсырмасына орай жетісу­лық­тар ұйымдастырған жәр­мең­ке жаңа маусымдағы жұмысын бастады. Жыл сайын тәжірибе жинақтаған өңірдегі  шағын және орта кәсіп иелері мен ша­руа қожалықтары өндірген эко­логиялық жағынан таза өнім­дерін тұтынушыға ұсынды. Қазіргі кезде өңірде 317 жы­лы­жай жұмыс істесе, өткен мер­зімде олардан 1035 тонна өнім жиналды. Жәрмеңкеге бұл жолы жетісулық тауар өндірушілер азық-түліктің 45 түрін әкеліп, саудалады. Өткен жылы өңір кәсіпкерлері 647 ауыл шаруа­шы­лығы жәрмеңкесін ұйымдасты­рып, 70-тен астам тауар түрін сау­далаған еді. Оны қаржыға шақ­қанда 1 млрд. теңгені құраса, 12 жәрмеңке тікелей Алматы қаласында өткізілді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. __________ 571 456 000 Үстіміздегі жылы “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы шеңберінде жергілікті кәсіпкерлерге мақсатты трансферттер есебінен осынша қаржы бөлінген Егер саралап айтар болсақ, аталмыш бағдарламадағы басым бағытқа ие болып отырған несие пайызын субсидиялауға 179 млн. 184 мың, несиелерді кепілден­ді­ру­ге 81 млн. 446 мың, ал сервис­тік қызмет көрсетуге 32 млн. 579 мың теңге қаралған. Сондай-ақ шетел рыногына тауар тасымал­дау­шы­ларды қолдауға 81 млн. 447 мың және инфрақұрылымды дамыту бағытына 196 млн. 800 мың теңге қаражат қарасты­рылған. Бүгінде Сыр аймағында 54 индустриялық-инновациялық жоба іріктеліп алынса, ағымдағы жылы осының 10-ы жүзеге асы­рылмақ. Жоғарыдағы жобаларды жүзеге асыру барысында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген болжам бар. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда облысы.