Білім • Бүгін, 10:50

Тағылымды сынып сағаты

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Міне, тағы бір оқу жылы мәресіне жетті. Оқу-ағарту министр­лі­гінің мәліметінше, 2024–2025 оқу жылын еліміз бо­йынша 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтап жатыр. Олардың ішінде 217 мың оқушы мектеппен қоштасып, түлек атанды. 23 мамыр – ресми түрде барлық мектеп үшін соңғы оқу күні болып бекітілген. Осы күні республика көлемінде бірыңғай форматта «Білімім – Отаныма» атты сынып сағаты ұйымдастырылды. Айтулы күнде біз Астана қаласындағы Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясына арнайы барып, соңғы оқу күніне қатысып қайттық.

Тағылымды сынып сағаты

Мерекелік көңіл көңіл күй мектеп ауласына кірген сәтте-ақ сезілді. Әрі қарай сыныпта өткізілген бірыңғай сынып сағаттарына қатысып, оқу­шы­лармен тілдестік. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін ұйым­дастырылған тәрбие саға­ты «Білімім – Отаныма» атты ор­тақ тақырып аясында өтті. Сы­нып сағаты барысында оқушы­лар­ға отаншылдық рухты оятатын, білім мен еңбекке деген құрметті дәріптейтін баяндама жасалып, қызықты ойындар өкізілді. Мұғалімдер мен сынып жетекшілері елге қызмет ету, адал­дық пен жауапкершілік сынды асыл құн­дылықтарды оқушыларға жете түсіндірді. Іс-шара барысында «Біртұтас тәрбие» жобасының ая­сында оқушылар арасында өткізілген эссе байқауының жеңім­паз­­дары анықталып, үздік деп таныл­ған оқушылар марапатқа ие болды.

«Бүгін, міне, оқу жылының қоры­тын­дысын «Білімім – Отаныма» сынып сағатымен тү­йіндедік. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағ­­дар­ламасының құнды­лық­та­рына басымдылық беріп, түрлі форматта өткіздік. Өткен ап­та­дан бері басталған эссе бай­қауының нәтижесін шы­ғарып, үздік жазылған жұмыс­тар­ды ма­­рапаттадық. Оқушы­лар­­ға та­нымдық кітаптар мен фильм­дер­дің тізімі беріліп, демалыс кезін тиімді өткізу ұсынылды. Қауіп­сіздік шаралары бойынша да алдын ала жұмыстар жүр­гі­зіліп, бейнематериалдар көр­се­тілді», деді Астанадағы Абай Құнан­бай­­ұлы атындағы №87 мектеп-гим­на­зиясының директоры Айгүл Кашаева.

Мектеппен қоштасу – әр жас­өспі­рімнің өміріндегі үлкен белес. Бұл күн – балалықтың артта қалып, болашаққа қадам басар сәті. Сол сәтте жүректі қо­бал­жу мен толқу, қуаныш пен қи­мас­­тық қатар баурайды. Абай Құ­нанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының биылғы түлегі Мықтыбек Ілияс та дәл осындай сезімді бастан өткеріп отыр. «Міне, өзімнің мектептегі өмірімен қоштасар сәтке де жеттім. Жалпы, бұл жыл да жылдағыдай ерекше өтті. Сыныптастарыммен бірге өткізген әрбір сәт – мен үшін өте қымбат. Оқу жылының аяқталуына байланысты мектебімізде барлық сыныпта «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаты өтті. Бұл ашық сабақта бізге ең алдымен адал болудың маңыз­дылығы, Отанға деген сүйіс­пен­шілік, адалдықпен елге қыз­мет ету туралы тағылымды ойлар айтылды. Тәрбие сағаты бізге үлкен өмірге қадам басар ал­дындағы жауапкершілікті те­реңірек сезіндірді. Алда үлкен ар­маным бар. Қазақ ұлттық Өнер университетіне түсіп, актер­лік ше­берлік мамандығы бойын­ша білім алғым келеді. Ұстазда­рыма алғысым шексіз. Мекте­бімнің арқасында Абайдың шы­ғармашылығымен танысып, 45 қара сөзін жаттадым.  Қазір осы Абай шығармалары – менің рухани азығым», дейді І. Мықтыбек.

Сонымен қатар сынып саға­тына Астана қалалық әдісте­мелік орталығының маманы Гүл­­зира Әлиакбарқызы арнайы қатысып, оқу жылын үздік аяқта­ған бірқатар оқушыларға грамоталар табыстады. Осылайша, оқушылардың бір жыл бойғы еңбегі мен жетістіктері бағаланды. «Білім болашақтың бастауы. Жыл бойы өткізілген барлық сынып сағаты тек тәрбие емес, оқушының тұлғалық дамуына ықпал ететін маңызды алаңға айналды. Әрбір сағатта біз оқушылардың бойына құндылықтарды сіңіріп, өмірлік бағыт бердік. Енді осы білім мен тәрбиені жазда ой елегінен өткізіп, келесі жылға жаңа мақсатпен оралса, нағыз жетістік осы», деді Г.Әлиакбарқызы.

Биылғы оқу жылын аяқтап білім жолындағы тағы бір белесті бағындырған оқушылар естелік фотоға түсіп, мектебімен қимай қоштасып барады. Алда – жазғы демалыс пен жаңа мақсат. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін – үлкен өмірге бастар алғашқы қадам.