Мектеп • Бүгін, 10:40

Ақжайықта жаңарған мектеп көбейді

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында барлық мектеп «Білімім – Отаныма!» атты республикалық сынып сағатын өткізді. Бұл – әсіресе 11 сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге қадам басатын 7095 түлек үшін сезімге толы әсерлі сәт.

Ақжайықта жаңарған мектеп көбейді

«Ақжайық өңірінде барлығы 379 мектеп бар, онда 124 мыңнан астам оқушы білім алып жүр.  Мектеп бітіретін 7 мыңнан аса түлек үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өтті. Биыл біздің 337 оқу­шымыз «Ал­тын белгіге» үміткер, ал 419-ы «Үздік аттес­татқа» үміткер болып отыр», дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.

2024–2025 оқу жылы өте жақсы нәтижемен аяқтал­ды деп айтуға болады. Рес­публикалық, халықаралық олим­пиадалар мен конкурс­тарда 78 оқушы 14 алтын, 24 күміс, 43 қола медальдың иегері атанған. Мұ­ның ішінде дәрежесі өте жоғары халықаралық О.Жәутіков атын­дағы олимпиадасы, Ө.Жол­дас­беков атындағы математика және механика бо­йынша ха­лықаралық зерттеу жобалары конкурсы, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурс­тары бар.

па

Әсіресе ауыл мектептерінің жетіс­тігі көңілге қуаныш ұяла­тады. Ауыл мектебі оқушы­ла­рына арналған республикалық олимпиадада Тасқала ауданының «Сәулет» мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» атағын алса, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олим­пиадада Батыс Қазақстан облы­сы­ның командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» иеленіп, II дәрежелі дипломмен мара­патталды. Жалпы, облыс командасының қоржынында 6 алтын, 3 күміс, 7 қола медаль бар. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Қазталов ауданы К.Меңдалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Саида Әбуханова «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерді реновациялау бағдарламасы бас­­талды. Биыл 6 мектепке жаң­ғыр­ту жұмысы жүргізіледі. Олар – Ақжайық ауданындағы Ғ.Ма­­хамбетов атындағы орта мек­­теп, Қазталов ауданындағы Қа­ра­өзен мектеп-лицейі, Бәй­те­рек ауданындағы Белес мектеп-бө­бекжай-балабақша кешені, Шың­ғырлау ауданындағы Л.Қы­лы­шев атындағы орта мектеп, Жаңақала ауданындағы Д.Нұр­пейісова атындағы мектеп, Сы­рым ауданындағы А.Жұма­ға­­лиев атындағы мектеп-бала­бақ­ша кешені», дейді Елдос Нәби­оллаұлы.

Бұдан бөлек, облыс аума­ғында «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында үш мек­теп салынды. Оның екеуі Орал қаласында – Деркөл кентінде 1500 орындық №51 мектеп, Балауса шағын ауданында 1500 орындық №53 мектеп. Сондай-ақ Теректі ауданының Подстепное ауылында 1200 орын­­­дық мектеп те пайдалануға бе­рілді. Дәл қазір тағы осындай 6 мек­теп құ­рылысы жүріп жатыр.

Соңғы оқу жылының өзін­де облыста 4768 оқушы оқи­тын жаңа мектеп салынып, шәкірт тәрбиелеуге кіріскен. Жыл сайын ауыл мектебін жаңғырту, қол­даныстағы мек­тептерді күр­де­лі жөңдеу және заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұ­мысы да жүйелі жүріп жатыр. Осы жылдың өзінде роботтехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша 193 за­манауи пәндік кабинет жаб­дықталған.

«Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында беріл­ген тапсырмасын орындау мақ­са­­тында 2025–2027 жылдар ара­лы­ғында Батыс Қазақстан білім басқармасына қарасты 86 мектеп, оның ішінде 2025 жылы – 5 мектеп, 2026 жылы – 34 мектеп, 2027 жылы 47 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, 86 мек­­тептің күрделі жөндеу жұ­мысына 60 521,8 млн теңге қара­­жат жұм­са­лады», дейді бас­қарма басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы