Экономика • 27 Шілде, 2024

Балықтың бабын тапқандар

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Біздің байлық етігіміз кепкенше» дейді өмір бойы көл жағалап, ау тартып жүрген балықшы ақсақал Сабырбек Құрманғалиев. Олар балық аулау маусымы ашыла сала көл бетінде қайықпен қалықтап жүріп ау тартады. Түскен балықты Қарсақбайдағы зауытқа апарып, өткізеді. Зауытта балықтан бірнеше түрлі өнім өндіріледі.

Балықтың бабын тапқандар

Ғұмырын балық аулауға арнап келе жатқан ақсақал айтқандай, көл жағасындағы халық байлығы – балық. Зайсан көлінің оңтүстігінде қоныс тепкен Тұғыл, Байтоғас сынды ауылдардың негізгі кәсіп көзі балық шаруашылығы. Уылдырық шашу кезінде ғана шектеу қойылады. Әйтпесе, ала жаздай көл бетінде, қыстай мұз үстінде жүреді. Айта кетейік, олар балық аулаумен ғана емес, балықты көбейтумен де айналысады. Жыл сайын мемлекеттің белгілеп берген нормасымен көлге шабақ жібереді. Әлбетте, таңның атысы, кештің батысы белуардан су кешіп, көлде жүру оңай емес-ті.

– Ата-бабаларым балықшы болған. Өзім де жетпіске келдім, әлі күнге атакәсіптен қол үзген жоқпын. Жастармен жағаласып, көлге шығамын, асай-мүсейлерін әзірлеп беремін. Әйтеуір ұсақ-түйек шаруаға жараймын. Бала­ларым да жолымды қуып, ба­лық­­шылық кәсіпте жүр. Зауыт ақшасын уақтылы төлеп тұра­ды. Ал жұмысымыз қиын. Неше рет таудай толқынның астын­да қалдық. Толқын соққан күн­дері шыбын жанымызды шүбе­рекке байлап отырамыз, – деп ардагер балықшы Сабырбек Құрманғалиев жұмыстың ауыр­лығын да айтып өтті.

Ауланған балықтарды 2003 жылдан бері өнімді жұмыс істеп тұрған «Зайсан балықшылары» мекемесінде қабылдайды. Бұл кәсіпорын алғашында балық аулаумен ғана айналысқан. Қазір оны өңдеп, экспорттауды қолға ал­­ған. Атап айтсақ, балықтың сұр­пы еттерін жеке алады, табаннан фарш дайындайды, тағысын тағы. Өнімнің көбін Ресейге жолдайды. Кәсіпорын мамандары­ның сөзіне сенсек, күніне 1 тонна ба­лық өндіруге мүмкіндіктері бар екен. Ал табан балығының 3 тонна­сын өңдеп жіберуге қауқарлы. Бұл кәсіпорынның ең үлкен ерек­ше­лігі – өнімді қалдықсыз өңдейді. Балықтың қалған-құтқанын ша­ғын цехқа жіберіп, балық ұнын жасайды.

«Мекеменің лицензиясы бар. Биыл 600 тонна табан ба­лығы, 172 тонна көксеркеге лимит бел­гіленді. Одан басқа да балық­тар­ға рұқсат алдық. Жалпы кө­лемі – 800 тон­надай. Оның бәрі орын­да­ла­­ды. Алайда табиғатқа зияны жоқ. Сонымен қатар «Даму жос­пары» бойынша дайын өнім шы­ғару керек деген талап бар. Сол бағытта жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Зауыттан 80 пайыз дайын өнім шығады», дейді кәсіпорынның технологі Ләззәт Қайырбекқызы.

Кооперативтің 7 мүшесі, 5 це­хы бар. Әр цех әртүрлі жұмыс ат­қарады. Ауылдықтардың бір­не­шеуін жұмыспен қамтып отыр. Жа­лақыларын уақтылы төлейді. Есеп-қисапқа көз қырын салсақ, жалақылары 150 мың теңгенің кө­лемінде.

Иә, өндіріс ошағында қарба­ласқан тіршілік. Бірі балық тазалап жатса, енді бірі сұрпы етін сүйектен ажырата турайды. Әр жұмысшы өз міндеттерін жетік меңгерген. Кәсіпорында мастер болып қызмет атқаратын Жаңыл Мейрамбекова жұмыстың жолға қойылғанын айтады.

Мұндағы бар мәселе, электр энергиясының қымбаттауы қал­таға соғып тұрған көрінеді. Бұ­рын киловатына 22 теңге болса, қазір 37 теңге төлеуге тура келе­ді. Бағаны түсіру мүмкін болмаса, субсидияға ілінсек деседі кәсіп­орын басшылығы. Оның үстіне балық аулау лимиті де азайып кет­ті. Бес жылға берілетін рұқ­сат­­тың мерзімі де ұзарса екен дей­­ді кәсіпорын басшылығы. Бұл атал­ған мәселе оң шешімін тап­са, өндіріс ошағы үшін тиімді болмақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Тұғыл ауылы