Спорт • 31 Шілде, 2024

Садақшылар сайысы

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былғары баулы сауыт, шашақты дулыға, саптама етік киген бойшаң азамат көпшілікпен сап түзей сықырлатып тұрып, садақ тартты. Ысылдай ұшқан жебесі сонадай жердегі нысанаға дөп қадалды. Бұл күні Өскеменде дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан.

Садақшылар сайысы

Сұрмергендер сайысатын бәсекеге еліміздің түкпір-түкпі­рінен 300-ге тарта спортшы келіп, бақ сынасты. Айта кетейік, кең ауқымдағы сайыс Өскеменде тұң­ғыш рет өтті. Тіпті ел кө­лемінде мұндай дүбірлі дода бұрын-соңды болмаған деседі.

– Шығыстағы садақ федера­циясының президенті Ажар Рах­метқызы ұсыныс айтқан соң, біріншілікті Өскеменде өткізуді жөн деп шештік. Бұл өте дұрыс болды. Себебі қайта жаңғырған баба дәстүрі еліміздің Шығысын­да да дамуы керек. Бүгінгі жа­рыс көпшіліктің садақ атуға деген қы­зығушылығын оятқан секілді. Бір айта кетерлігі, бұған дейінгі өткен чемпионаттарда мұнша көп садақшы қатыспаған, – дейді Садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.

Дәстүрлі садақ атудан ауқым­ды жарысты Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық спорт қауым­дас­тығы мен «Oskemen sadaq atu» дәстүрлі садақ ату федерация­сы бірлесіп ұйымдастырған. Жас­өспірімдер арасындағы жа­рысқа 7 жастан 17 жасқа дейінгі садақшылар қатысып, пута, қал­қан, жамбы нысанада бақ сы­нас­ты. Әр қатысушыға әр ны­са­наға бес мүмкіндіктен берілді. Жас ерек­шеліктеріне қарай ара­қа­шықтық та әртүрлі болды. Мыса­лы, 7-9 жастағы садақшы­лар 10 метр­ден садақ тартса, ­10-12 жас­тағылар – 15 метрден, 13-15 жас­­тағылар – 20 метрден, 16-17 жас­тағы жасөспірімдер 25 метр­ден ны­сана көздеді. Сәнге айнал­ған са­дақ сайысының бір ерекше­лігі, қаты­сушылар ұлттық киім­мен келді.

Сап түзегенде, көрер­мен қа­­уым байырғы қазақтың ұл-қыз­­­­да­рын көргендей болды. Бұл бі­рін­­­ші­ліктің Өскеменде өтіп жат­­­қа­нына мұрындық бол­ған – Шы­ғыстағы садақ федера­ция­сының президенті Ажар Рахметқызы.

– Еліміздің сұрмергендері Өске­менде бас қосқанына қуа­ныш­тымын. Бұл да ұлттық дәс­түріміздің жаңғырғаны деп есеп­теймін. Жалпы, үшінші рет өт­кізіліп жатқан чемпионаттың Өскеменде ұйымдастырылуы – федерация үшін үлкен жетістік. Екіншіден, Шығыс жұртына садақ ату өнерінің дамып келе жатқа­­­нын көрсеткіміз келді. Осынау ұлт­­­тық құндылығымызды насихат­тай бе­рейік, – дейді «Oskemen sadaq atu» федерациясының прези­­­ден­ті А.Төлеуханова.

Бірнеше күнге созылған бірін­шіліктің қорытындысы бойын­­ша жалпыкомандалық есепте бі­рін­ші орынды Түркістан об­лы­сының садақшылары иелен­­ді. Жүлделі екінші орынды Батыс­тан Шығысқа ат шалдыр­ған маң­ғыстаулық садақшылар қан­жы­ғаға басты. Үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырды.

Садақшылар бақ сынасқан сайысқа қала әкімі Жақсылық Омар келіп, жылы лебізін білдіріп, садақшыларды құттықтады. Дәс­түрлі садақты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты. Осы орайда айта кетерлігі, садақ спортына ең қажеті кең ғимарат қана. Садақты дамыту­ға тұсау болып тұрған мәселе – осы. Ұлттық спортты дәріптеп, жастарды жаттықтырып жүрген Ажар Төлеуханова осыдан бес жыл бұрын ғана Глубокое ауданында садақ ату үйірмесін аш­қан. Айналдырған аз уақыт ішінде шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырлары­нан көрінді. Енді Өскеменде үйірме ашылса, тағы да сұрмергендер сұ­рыпталары сөзсіз. Ал Ажар­дың өзі Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойынына қатысып, қазақтың намысын қорғайды.

 

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше