Қоғам • 23 Тамыз, 2024

Басшы әйелдер неге аз?

77 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыздың тарихында ел басқарған және билікке аралас­қан әйелдер аз болмағаны мәлім. Тұмар, Зарина патшайымдар, Айғаным ханша, Бопай ханым сияқты атақты арулардың іздерін басқан бүгінгі сіңлілері мемлекеттік қызметтің негізгі жүгін арқалап, нардай өрге тартып жүр.

Басшы әйелдер неге аз?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев биыл 20 ақпанда өт­кен Президенттік жастар кадр ре­зер­вінің форумында: «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайыз­ға жуықтағанына қарамастан, бас­шылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар рен­жімесін, әйелдер жұмысқа өте мұ­қият, тиянақты. Ер адамдар­мен салыстырғанда, жемқорлық әре­­кет­терге бейім емес. Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы күрес жөніндегі агент­­тіктің статистикасы соған мең­зейді. Саяси қызметшілер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қа­тарындағы әйелдердің саны 10 пайыз­­ға жетпейді. Мемлекеттік қыз­­мет­­­тегі жастардың үлесіне қатыс­­ты да дис­­про­порция бар. Мемле­кеттік қыз­мет­­тегі әйелдердің, жастар­дың және мүм­кін­дігі шектеулі азамат­тардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, бас­­шылық құрамда қызмет етуіне ба­рын­ша мүмкіндік берген жөн», деген еді.

Осы мәселемен Парламент Мә­жілісінің депутаты Қарақат Абден­нің былтыр 27 қыркүйекте Үкімет­ке жолдаған депутаттық сауалына төмен­гі Палатадағы төрт партиялық фрак­цияның барлығының өкілі қол қойып, толық қолдау білдірген болатын. Онда Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша әлемнің 146 елінің ішінде 62-орынды місе тұтып отырғаны сыналған-ды.

«Ауыл» халықтық-демокра­тиялық патриоттық партиясы 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша жинаған мә­ліметтерге қарағанда, Түркістан облысы әкімінің 5 орынбасарының ішінде бірде-бір әйел жоқ, осы өңірдегі 17 аудан әкімінің 1-еуі ғана әйел, 21 басқарманың 1-еуіне ғана әйел жетекшілік етеді. Бұл кемшілік басқа өңірлерге де тән. Өңірлік әкім­діктердегі басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайыз ғана. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астана қаласының өзінде әкімнің бірде-бір әйел орынбасары жоқ, сондай-ақ 5 қалалық ауданның ешқайсысына әйел әкім тағайындалмаған. Егер арамызда «Әйел бастаған көш оңбайды», «Ша­шы ұзынның – ақылы қысқа» деген архаикалық, патриархалдық ұста­нымдағылар болса, олар келесі факті­лерді ескерулері қажет. «Әлемдегі ең бақыт­ты елдер» рейтингінде көш бас­тап тұрған Финляндияның 18 адам­нан құралған министрлер кабине­тінің 10-ы – әйелдер. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әл-ауқа­ты мықты Исландия үкі­метін әйел басқарады. Керек десеңіз, статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыз­дар көп. Саясат сахнасы білек емес, білім сыналар майдан емес пе? Орын­басарлық қара жұмыстың бәрін істей­тін әйелдер болса, атақтың бәрін алатын бірінші басшы – ер-азаматтар. Осы әділетті ме?», деген болатын Қ.Абден.

Аталған депутаттыққа сауалға Үкі­­меттің берген ресми жауабында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат туралы тұ­жы­рым­дамада атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, ква­зи­мем­лекеттік және корпоративтік секторлардағы әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі үлесіне қатысты нысаналы индикатор 2027 жылға қарай – 27 пайыз, 2030 жылға қарай 30 пайыз болып белгіленгендігі айтылған. Ал 2023 жылғы 1 қаңтар­дағы жағдай бо­йынша 726 саяси қызметшінің 59-ы (немесе 8,1 пайы­зы), «А» әкімшілік корпусындағы 92 мем­лекеттік қыз­метшінің 9-ы (9,8 пайызы), «Б» кор­пусындағы 83 145 мемлекеттік қыз­метшінің 46 478-і (55,9 пайызы) әйел­дер болған.

Алайда депутат Қ.Абденнің де­пу­таттық сауал жасағанына бір жыл­­ға жуық уақыт өтсе де, әділ сын­ға іліккен Түркістан облысы мен Астана қаласындағы жағдай еш өз­гер­ген жоқ. Бұрынғыша Түркіс­тан облысының Арыс қаласы мен Жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар бас­қар­масын ғана әйел ше­неуніктер басқа­рып жүр. Елордадағы жағдай одан да төмен күйінде қалып отыр. Қала әкімінің 4 орынбасары мен 5 қалалық аудан әкімінің бәрі де – ер-азаматтар. Сондай-ақ 23 қалалық басқарманың басшыларының ішінде 1-ақ әйел бар. Қай мәселеде болсын елге үлгі болуға тиіс Астана қала­сы басшылығының гендерлік тең­дік мәселесіне назар аудармай отыр­ғандығы қайран қалдырады.

Бұл ретте «оңтүстік астанада» біршама ілгерілеу бар. Алматы қа­ласы әкімінің 5 орынбасарының 1-еуі – әйел. Бұған қоса, 8 қалалық ауданның 2-еуін басқару нәзік жан­дар­ға жүктелген.

Өңірлердің ішінде Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыс­тау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай біршама тәуір. Нақты айт­сақ, Павлодарда облыс әкімінің 4 орын­басарының 2-еуі – әйел. Ақмола облы­сы әкімінің 1 орынбасары және 1 аудан әкімі – қыз-келіншектер. Сол­түстік Қазақстандағы 2 ауданды әйел әкімдер басқарып жүр. Маң­ғыс­тау және Қостанай облыстары әкім­дері орынбасарларының ішінде бір әйелден бар. Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның әрқайсысында бір ауданды басқару міндеті әйел әкімдерге жүктелген.

Өкінішке қарай, өзге өңірлерде әйелдерге әзірге облыстық басқарма басшысынан жоғары қызмет бұйыр­май тұр. Әсіресе Жетісу, Қызылорда облыстарының басшылары қыз-келіншектерге қырын қарай­тын сияқты. Себебі олар қарамағын­дағы жиырма шақты облыстық басқар­маның біреуін ғана әйел адамға сеніп тапсырыпты.

Бірақ бүгінгі өмір шындығы әйел басшылардың көбі өздеріне жүктел­ген сенім үдесінен шыққандығын көр­се­тіп отыр. Солардың бірі – Түркіс­тан облы­сындағы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова. Ол осы қызметін 2021 жылдан бері абыроймен атқарып келеді. Оған дейін сегіз жыл бойы Шымкент қа­ласы әкімінің орынбасары болған. Тә­жірибелі әйел басшыға 2019 жылы жақын орналасқан әскери бөлімнің қоймаларындағы оқ-дәрі жарылысымен аты шыққан шаһарды басқару сеніп тапсырылғандығы бекерден-бекер емес.

Г.Құрманбекова жаңа да жауап­ты қызметін Арыс қаласы мен оған қарасты 6 ауылдық округ тұр­ғын­да­рын жеке мәселелері бойын­ша қабыл­даудан бастап, бір ай бойы олар­дың мұң-мұқтажын таң ат­қан­­нан күн батқанға дейін тың­даған екен. Нәтижесінде, жарылыстан зақым­данған 20 үйдің иелері мен бизнес нысандары бүлінген 42 кәсіпкерге өтемақы төлеудің бюрократиялық созбаққа салынған мәселесін дереу шешіп берген. Тоқсаныншы жылдары жабылып қалған қоғамдық көлік бағыттарын жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қайтадан ашқызған. Ең бастысы – өңірде газдандырылмай қалған жалғыз қалаға көгілдір отын тарту проблемасының да шешімін тапқан. Қазір Арыс қаласы мен Байыр­құм және Жиделі ауылдық округтерін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа округтер  кезегін күтулі.

Бір айта кетерлігі, арыстықтар Г.Құр­манбекова қала әкімі болып тағайын­­далғанда «Әйелдің қолы­нан не келуші еді?..» десіп, оның іскерлігіне шүбә келтірген көрінеді. Уақыт өте келе олардың қала басшысына көзқарастары мүлдем өзгер­ген. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған әйел әкім, шынында да, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүр.

Ақмола облысындағы Жақсы ауданы­ның әкімі Алмагүл Қадыра­ли­на да осы қызметін 2021 жылдан бері ойдағыдай атқарып жүр. Жү­рек қалауымен агроном маман­ды­ғын таңдап, кәсібін жетік меңге­р­ген ол қазіргі қызметіне дейін сегіз жыл бойы облыстық жер қаты­нас­тары басқармасын басқарған. Был­тыр күзде өткен аудан әкімде­рі­нің эксперименттік сайлауында А.Қадыралинаға аудан тұрғын­да­ры­ның 83 пайызы дауыс беріп, зор сенім көрсеткен.

Шынтуайтында, қазір өңір әкімінің орынбасары, аудан әкімі сияқты саяси қызметшілердің арасында әйелдер аз болғанымен, осындай жауапты лауазымдарға лайықты нәзік жандар жеткілікті екені анық. Алайда олардың мансап баспалдағымен өрлеп-өсуіне басты кедергі өңір әкімдерінің «командасына кірудің» оңай еместігі болса керек. Оның үстіне, кей әкімге, Мемлекет басшысы айтқандай, әйелдердің «жем­қор­лық әрекеттерге бейім еместігі» де ұнай қоймауы мүмкін. Сондықтан да бүгінде жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі басшылық қызметтерді мінсіз атқарып жүрген қыз-келіншек­тердің одан әрі жоғарылауы үшін арнайы басшы әйел кадрлар резервін жасақтауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға жете көңіл бөлген жөн. Бұған қоса, әйелдерді басшылық қыз­меттерге жоғарылату көрсеткішін өңірлер әкімдерінің рейтингісіне енгізу қажет.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше