Саясат • 24 Тамыз, 2024

Қазақ-тәжік қатынасының жаңа кезеңі

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәжікстан Республикасына мемлекеттік сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші күні осы елдің Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесті.

Қазақ-тәжік қатынасының жаңа кезеңі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Парламентаралық ықпалдастық нығаяды

Кездесуде Президент қазақ-тәжік қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.

– Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарышты қадам басамыз. Президент, құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені сіздің студенттік шағыңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айналады деп үміттенеміз, – деді Президент.

вп

Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

– Өзіңізбен кездескеніме қуаныш­тымын. Президентіміз, құрмет­ті Эмомали Рахмонмен шынайы дос­тығы­ңыз мемлекеттеріміз арасын­дағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің осы сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжат­қа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақ­тастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды, – деді Махмадтоир Зокирзода.

Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмад­тоир Зокирзода парламентаралық ықпал­дастықты одан әрі нығайтуға, шарт­тық-құқықтық базаны кеңейтуге, екі ел парламенттері арасындағы достық топтарының байланысын жандандыруға күш салуға дайын екенін растады.

Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдалас­тықтарды құқықтық тұрғыдан қамта­масыз ету мәселесі талқыланды.

 

Сауда-саттық көлемін арттыру – ортақ келісім

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Әңгімелесу барысында Президент қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің сан қырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығара­тынына сенім білдірді.

– Кеше жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 мил­лиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Екі ел үкіметтері мемлекеттеріміз арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға ықпал ететін түрлі бағытты қарастыруы керек деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Тәжікстанмен сындарлы серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін тағы бір мәрте растады.

Кохир Расулзода Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық жандана түскеніне тоқталды.

– Тәжікстан Үкіметі Қазақстан­мен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Сіздің еліңіз біз үшін маңызды сауда серіктес. Ондаған жылдар бойы Қазақстан сыртқы сауда айналымы бо­йынша тұрақты түрде негізгі рөл атқарып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымы ұлғайды. Өсім көрсеткіші 20 пайыз­ға жуықтады. Сіз екі ел үкіметтері­не өзара сауда-саттық көлемін 2 мил­лиард долларға дейін жеткізуді тап­сырдыңыз. Бұл – орындауға бола­тын міндет, – деді Тәжікстан Премьер-министрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кохир Расулзода келісілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ өндіріс­тік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларын­дағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

впр

Ресми кездесулерден кейін Қазақстан мен Тәжікстан президент­тері ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға көрмеде көкөністер мен жемістер таныстырылды.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшыларына ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзірлеген палау түрлері, таба нандар мен күлшелер көрсетілді.