Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
АЭС артықшылықтары
Көрмеге қатысушылар қатарында Қытай Ұлттық ядролық корпорациясы да (CNNC) бар. Вице-президент Чао Ганның айтуынша, Қытай тарапы Қазақстанға атом энергетикасын дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
«Қазір Қытайда жұмыс істеп тұрған 57 атом электр стансасы бар. 47 станса құрылыс сатысында тұр. Қытайлық АЭС алаңдарымен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Қытай бұрыннан көрші болып келеді және Қытай АЭС құрылысы саласындағы өз білімімен бөлісе алар еді. Сондай-ақ бізде ядролық сала үшін тұрақты жеткізу тізбегі қалыптасқан және біз өз тарапымыздан үнемді, сенімді АЭС-ті дамытуға көмек көрсеткіміз келеді. Біздің бағдарламаларымыз ядролық саладағы кадрларды дамытуға, болашақта Қазақстан өзінің АЭС-тің сенімді, білікті жұмысын қамтамасыз етуі үшін адами ресурстар мен құзыреттерді дамытуға бағытталған. Қазақстандық делегация Қытайда болып, құрылыс барысымен танысты. Олар сондай-ақ тренингті, оқуды бақылау мүмкіндігіне де ие болды», деді Чао Ган.
Корпорация өкілі заманауи атом электр стансаларының кешенді қауіпсіздік шаралары бар екенін айтып, соның ішінде ядролық қалдықтарды қайта өңдеу әдістерінің арқасында тәуекелдері аз екенін атап өтті.
«Көбіне тәуекелдер ядролық қалдықтарды қайта өңдеуге, одан әрі не болатынына және қоршаған ортаға қандай әсер ететініне қатысты мәселелермен байланысты. Қытайда қоршаған ортаға әсері жоқ деп сенімді түрде айта аламын, өйткені бірнеше онжылдық бойы шағын, орта және жоғары әсер ететін сынақтар жүргізілді. Қазір мұндай әсер байқалмайды. Жалпы, атом электр стансасының қызметі мен қауіпсіздік шаралары туралы жұртшылықты хабардар етудің маңызы зор. Халықтың заманауи технологиялар мен процедуралар туралы хабардар болуы – қоғамда сенім мен түсіністік қалыптастырудың негізгі факторы. Халықаралық қоғамдастық бұл мәселеде халықпен ашық болуы қажет. Жоғарыда айтқанымдай, Қытайда 57 белсенді атом электр стансасы бар. Әрине, бізде ядролық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған арнайы қондырғылар бар. Кәсіби қоғамдастықпен ғана емес, халықпен де өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өткім келеді. Шын мәнінде, атом энергетикасы – жалғыз шешім емес, бірақ климаттың өзгеруінің негізгі шешімдерінің бірі», деді спикер.
Қолданылған ядролық отын – ресурс
Іс-шараның үзіліс сәтінде «Русатом – халықаралық желі» МК жеке мекемесінің бас директоры Вадим Титовты әңгімеге тарттық.
«Мен Қазақстан азаматтарының біздің көптеген жобамызға өте белсенді қатысатынын және бүгінде олар атом электр стансасын салуға да, пайдалануға да дайын жоғары білікті маман екенін атап айтқым келеді. «Росатом» дайын АЭС-ті пайдалану кезінде қолдау көрсете алады. Пайдаланылған ядролық отынды өңдеуге арналған шешімдеріміз де бар. Қолданылған ядролық отын ресурс болып саналады. Біз әріптестерімізге пайдаланылған ядролық отын қауіпті емес, пайдалы болу үшін онымен не істеу керектігі туралы заманауи тиімді шешімдерді ұсынамыз. Әлбетте, қауіпсіздік талаптарына назар аударылады. Оны халықаралық ұйымдар реттейді. Мысалы, ІІІ+ буыны атом электр стансаларын барлық ықтимал сыртқы әсерлерден қорғайды. Инфрақұрылым – өте маңызды мәселе. Серіктеске не қажет екеніне байланысты біз толық көмек көрсетеміз. Халықтың қолдауынсыз АЭС тиімді жұмыс істей алмайды. Сондықтан халықтың барлық алуан топтарымен, өз пікірі, сұрақтары бар әрбір адаммен жұмыс істеу өте маңызды», деді В.Титов.
Кәсіби және құзыретті білімді дамыту өте маңызды
Франциялық «Assystem» компаниясына Қазақстанмен ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнату маңызды болып тұр. Компания ядролық салада 60 жылдан аса жұмыс істейді, үлкен тәжірибеге ие.
«Біз тек Францияда ғана емес, бүкіл Еуропада, оның ішінде Ұлыбританияда жұмыс істейміз. Жобаларымыз Түркия мен Сауд Арабиясында да жүзеге асырылып жатыр. «Аракам» жобасында KHNP компаниясымен ынтымақтасамыз. Қазір барлық төрт блок аяқталды. Сондай-ақ Чехия, Франция және Ұлыбританияда жобаларымызды жүзеге асырып жатырмыз», деді компанияның вице-президенті Гийом Пюраве.
Ол біздің ел үшін ядролық салада сенімді және ұзақмерзімді қарым-қатынас орнатудың маңызына тағы тоқталды.
«Қазақстанға ең маңызды кеңес – ядролық салада қажетті құзыреттерді дамыту. Кез келген АЭС-ті салу 10 жылдан аса уақытты алады. Бірақ іске қосылғаннан кейін, 30, 40 немесе 50 жыл бойы жоғары білікті мамандар қажет болады. Сондықтан кәсіби және құзыретті білімді дамыту өте маңызды. Сонымен қатар АЭС құрылысына шамамен 20 мың қызметкерді тарту қажет. Көптеген ел алғаш рет АЭС салуды бастап, қиындықтарға тап болды. Қазақстан үшін басқа елдердің тәжірибесін зерттеу және ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен диалог жүргізу, олардың мүмкіндік пен сын-қатерлер туралы хабарын арттыру аса маңызды. Бұл тұрақты дамуға әкеледі», деді компания өкілі.
Қоршаған ортаға қолайлы
«Байтақ» жасылдар партиясының аппарат жетекшісі Бекберген Керей саяси ұйымның ұстанымы халықтың АЭС-ке деген көзқарасы негізінде екенін мәлімдеді.
«Бүгінде атом энергиясына балама жоқ екенін білеміз. Сондықтан бейбіт атом энергиясын таза және қауіпсіз көз деп танып, оның технологиялық үдерістерін дұрыс құруды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жолға қойғанымыз жөн. Оған қоса, импорттық электр энергиясына тәуелділікті азайту және ұзақмерзімді келешекте энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуіміз қажет», деді ол.
Спикер бейбіт атомның экологиялық артықшылықтарына да тоқталып өтті.
«Парниктік газ шығарындылары болмайды. АЭС жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруінің негізгі себептері саналатын көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Атом энергетикасы – сол шығарындыларды азайту және декарбонизациялауға қол жеткізетін маңызды құрал. Екіншіден, көмір электр стансаларынан айырмашылығы – АЭС күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды таратпайды», деді.
Сарапшы АЭС тиімділігін сараптай келе мынадай артықшылықтарды тізбелеп шықты.
- АЭС бірдей қуаттағы күн және жел электр стансаларына қарағанда едәуір аз аумақты қамтиды. Бұл ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да мақсаттар үшін құнды жерлерді сақтауға мүмкіндік береді.
- АЭС құрылысы үлкен су қоймаларын құруды және аумақтарды су басуды талап ететін гидроэлектростансалармен салыстырғанда табиғи ландшафтқа аз әсер етеді.
- АЭС орналасқан жерде радиоактивтік қалдықтардың өндірістік қызметін бақылайтын, оларды залалсыздандырып, жоятын әлемдік озық технологиялар жеткілікті.
- Қазіргі заманғы АЭС-тер жылу электр стансаларымен салыстырғанда суды тұтынуды едәуір төмендететін жабық сумен жабдықтау циклін қолданады.
- Кейбір өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жылу электр стансаларынан айырмашылығы – АЭС су объектілеріне зиянды заттарды таста-
майды.
«АЭС-ті пайдалану кезінде судың қайтарымсыз шығыны көлдің табиғи булануынан болатын шығынмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болатыны анықталды. Вендорлар ұсынған дерекке сәйкес, екі блокты АЭС пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына шамамен 63 млн текше метрді құрайды, бұл Балқаш көлі булануының 0,32 пайызына тең. Сарапшылардың есебінше, Балқаш-Алакөл бассейнінің су ресурстарының көлемі 25,2 млрд текше метрді құрайтын болса, онда АЭС аталған бассейн суына әсер етпейді. Демек бейбіт атомның таза энергияның қауіпсіз көзі екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз», деді сарапшы.
Маман даярлаудың маңызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техника факультетінің деканы Нұрзада Бейсен АЭС салатын болсақ, кадр мәселесінде тәуелсіз болуымыз керек дейді.
«Бұл тарапта кадр мәселесінде өзгелерге арқа сүйемеу маңызды. Өз мамандарымыз бен ғалымдарымызды даярлап, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу қажет. Бізде осыған қажетті барлық мүмкіндік бар. Бізде қос дипломдық бағдарламалар бар. Студенттеріміз Ресей, Жапония, Корея, Қытай университеттерінде оқиды. Жыл сайын осы бағдарламалар бойынша 10-15 студент білім алады. Сонымен қатар шәкірттеріміз Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымында (CERN) тәжірибеден өтеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл – елдің академиялық деңгейін көтеру үшін маңызды қадам», деп түйіндеді сөзін факультет деканы.