«Таза Қазақстан» • 29 Тамыз, 2024

Таза Қазақстан сенен басталады

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери «Кішкентай ханзада» шығармасында «Бұлжытпай орындау керек бір ереже бар – таңертең ұйқыдан тұрып, жуынып, өзіңді ретке келтірген соң, дереу өз планетаңды да ретке келтіруге кіріс!» деп жазады. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының жастар кеңестері бұл ережені берік ұстанады. Олар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық акциясын өткізу жөніндегі идеясын бірауыздан қолдап, өздерінің бірегей жобасы «Таза Қазақстан сенен басталады» эко-плоггингті жүзеге асырды.

Таза Қазақстан сенен басталады

Тамыздың тамылжыған демалыс күндерінің бірінде қор құрамындағы компаниялардың жастар кеңестерінің еріктілері «Бурабай» ұлттық паркінде эко-плоггинг өткізуге аттанды. Мұн­дағы мақсат – жерлестеріміздің ең сүйікті демалыс орнын тазалау. Күн сайын жағалаудан 10 тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылады. Егер қоршаған ортаға қалдырылған қалдық түрлерінің қанша уақытта ыдырап жойылатынын есептер болсақ, онда өз ұрпағымызға қандай «мұра» қалдырып жатқанымызды ойлап, ерік­сіз қынжыласың.

Міне, сондықтан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жастар кеңестері эко-плоггинг өткізетін орынды мұқият таңдады. Ақылдаса келе, іс-шара ұйым­дастырушылары – қорға қарас­ты Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының қыз­меткерлері тазалық жұмыстарын Бурабай көлінің бойында жүргізуге шешім қабылдады. Бес автобусқа жай­ғасқан 120 адам демалыс орнына жетісімен тазалық жасақтарына бө­лі­ніп, жұмысқа белсенді де көңілді кірісіп кетті. Екі күн ішінде ерікті жастар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Жұмыс үш бағытта жүргізілді: Абылай хан алаңқайынан Көкшетаудағы шолу алаңына дейінгі, Бөлектау тауының етегінен Бөлектау тауының шолу алаңына дейінгі, орман шаруашылығы шекарасынан Айнакөл көліне дейінгі, көлдің жағалау аймағының бойымен Әнші аралға дейінгі аймақтар. Осылайша мәдени мұра нысандары, тарих пен сәулет ескерткіштері, қоғамдық орындар мен мәдени мекемелердің аумақтары қоқыстан көз ашып, сәні кірді.

«Бұл – аумақты тазартып, айна­ланың тынысын ашуға арналған іс-шара ғана емес, сонымен қатар ұжымның ынтымағын арттырып, еркін әңгіме-дүкен құрудың тамаша мүмкіндігі. Бізге ауа райы да қарасты. Бәрі белсенді жұмыс істеп, уақытты пайдалы әрі қызықты өткізді. Бастысы, сөзбен ғана емес, ісімізбен де «Таза Қазақстан» акция­сын қолдадық», деді «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС аға менеджері, Жастар кеңесінің төрағасы Меруерт Шукуева.

«Таза Қазақстан сенен басталады» эко-плоггингі эстафета түрінде өңірден өңірге таралады. Келесі кезекте акция Атырауда өткізілетін болса, әрі қарай батыстың өзге өңірлерінде жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да 3 су арнасы жөндеуден өтеді

Аймақтар • 04 Қазан, 2024

Нарықта мұнай бағасы шарықтады

Экономика • 04 Қазан, 2024

Энергетикалық келешектің оңтайлы шешімі

Референдум 2024 • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

Ғылым • 04 Қазан, 2024