Тестілеудің бес апталық қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа нәтиже – 64 балды құрады. Ең жоғары көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізіп, 140 балл жинады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де қажетті жағдайлар жасалған. Биыл ҰБТ-ға осындай санаттағы 668 талапкер қатысты.
Талапкерлер тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсырмалардың мазмұнына қатысты апелляция бере алады. Ал техникалық мәселелер бойынша өтініштер тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляция рәсімі аяқталған соң жеке кабинеттерде жарияланады.
Бес апта ішінде ҰБТ өткізу барысында 474 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 298 талапкер смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді.
Сондай-ақ 176 адам тест тапсыру кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жарамсыз деп танылды. Басқа адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға қосымша талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да заңбұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері күшін жояды.
ҰБТ кезінде жарық өшіп қалса, түлектердің нәтижесі қалай бағаланады? Министр жауап берді
Айта кетейік, биыл тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.