Оқиға • 02 Қыркүйек, 2024

Кен орнындағы оқыс оқиға

19 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаздың соңғы күні кешкілік Ертіс кен орнынан суық хабар жеткен. Белгілі болғандай, кен орнында бір мезетте төрт адам қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, газдан уланған көрінеді. Дәл сол күні түнде Артемьев шахтасында тас құлап, салдарынан мердігер ұйымының үңгушісі көз жұмған.

Кен орнындағы оқыс оқиға

«KAZ Minerals» компа­ниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, орын алған оқиғалардың мән-жайы мен себеп­тері анықталып жатыр. Қай­ғылы жағдайларды тергеу үшін арнайы комиссиялар құрылды. «KAZ Minerals» ди­ректорлар тобы кеңесінің төр­ағасы Олег Новачук жазатайым мән-жайды білуге өңірге барып, қара жамылған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар жергілікті билік те көмек қолын созатынын жеткізді.

– Бұл – қайғылы жағдай. Біз асыраушысынан айырылған отбасыларға балаларды оқы­ту және басқа да өмірлік жағдай­ларға қатысты толық көмек көр­сетеміз. Осы оқиғаның егжей-тегжейіне жетуге біз компания басшылығын күтеміз, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Сондай-ақ облыс әкімі оқи­ға орнында облыстық полиция департаментінің басшы­лығымен барлық қажетті тер­геу жұмысының жүр­гізі­ліп жатқанын атап өтті. Анық бол­­ғандай, қаза болған жұмыс­шы­лардың екеуі «Востокцветмет» ЖШС қызметкерлері, екеуі мердігер ұйымдардың қызмет­керлері еді. Оқиға орнында тағы бір жұмысшы зардап ше­гіп, ауруханаға жатқызылған. Дәрі­герлердің хабарлауынша, оның жағдайы тұрақты.

Өңір басшысы Ермек Көшер­баевтың айтуынша, облыста жедел штаб құрылған.

Арнайы комиссия қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

Жалпы, «KAZ Minerals» – елімізде заманауи, ірі ауқым­ды, аз шығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Топ операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай және Павлодар облысындағы Бозшакөл ашық кеніштерде, Шығыс Қазақстан, Абай облыс­тарындағы үш кеніш пен кен байыту фабрикаларында, Қыр­ғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді. Ком­пания 2019 жылы сатып алынған «Баимская» мыс жо­басының банктік техникалық-экономикалық негіздемесін әзір­леуді аяқтады. Ресейдегі «Баимская» лицензиялы алаңы­ның аумағында орналасқан Песчанка кен орнының ресурс­тары JORC кодексіне сәйкес бағаланып, кендегі мөлшері 0,39% болатын 10,4 млн тонна мысты және үлесі 0,21 г/т болатын 17,5 млн унция алтынды құрайды. Ал 2022 жылы мыс­тың жалпы өндіріс көлемі 380 мың тоннаны құрады. Ілеспе өнім ретінде 47 мың тонна концен­траттағы мырыш, 171 мың унция алтын мен 3,8 млн унция күміс өндірілді.

Топтың негізгі өндірістік кәсіпорындары – Ақтоғай мен Бозшакөл саладағы алдыңғы қа­тарлы даму көрсеткіштерін қам­­тамасыз етіп, «KAZ Minerals» қоры­ның басым бөлігі әлем­дік деңгейдегі ашық түр­дегі кеніш­терден тұратын компанияға айналдырды. Сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын екі есе арттыратын Ақтоғайды кеңейту жобасы 2021 жылдың қазан айын­да іске қосылып, желтоқсан айын­да тұтынушыларға алғаш­қы өнім жеткізілді. Жалпы, «KAZ Minerals» кәсіпорнында Қазақ­стан­да, Қырғызстанда, Ресей­де шамамен 14 000 адам жұмыс істейді.

 

Шығыс Қазақстан облысы